Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік қымбаттай ма?

879

Сарапшылар мерекеге дейінгі бағаның өсіміне маусымдық құбылу деп баға берді.

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік қымбаттай ма? Фото: inbusiness.kz

Биыл 31 желтоқсан жексенбіге түсіп отыр. Азық-түлік алуға шыққан қазақстандықтар бағада бірқатар өзгеріс бар екенін байқады. Мерекелік дастарханнан бөлек, күнделікті тұтынуға қажет азық-түлік тауарларының бағасы жаңа жылға қарай неге құбылады? inbusiness.kz сайтының тілшісі осы мәселені зерттеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 11-17 желтоқсан аралығында елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі өзгеріссіз қалды. Жылдық мәнде 3,9 пайызға өскен. Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне 19 түрлі тауар кіреді. Олардың қатарында бірінші сұрыпты бидай ұны, рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, асханалық сәбіз, пияз, қант, күнбағыс майы және т.б. бар. Орташа бағасына келер болсақ, 12 желтоқсанға қарай күріштің келісі – 482 тг болса, сиыр еті – 2 506 тг/кг, ал орамжапырақ 149 тг тұрады. 

Жақында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 31 желтоқсанға қарай азық-түлік бағасы өзгере ме деген тілшілердің сұрағына жауап берді. Ведомство басшысының сөзінше, мерекелік дастарханның баға индексіне қатысты болжам жасалған. Жұмсақ қаптамадағы сүт, мандарин, шампан сияқты өнімдердің бағасында белгілі бір өзгеріс бар. Министрлік жалпы саны 37-ге жуық тауар түрін алып қараған. Арман Шаққалиев бүгінгі таңда жылдық инфляция шамамен 10,3 пайыз екенін атап өтті. Бұдан бөлек министр жаңа жыл дастарханының бағасына да тоқталды. Сөзінше, мерекеге қарай стандарт себет сатып алып, 24 мың теңге ақша жұмсаған. 

Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұтыну бағасыныңиндексінде 550 негізгі тауар барын жеткізді. Министр бұл тізімге жаңа жыл қарсаңында сұранысқа ие мандариндер кірмейтінін баса айтты.

"Жұмыртқа – негізгі тұтыну тағамы. Маусымдық баға өсімі бәрібір болады, әсіресе бұл жаңа жылға дейін байқалады. Бірақ экономика осылай жұмыс істейді", деді Әлібек Қуантыров.

Жаңа жылға қарай баға неге көтеріледі?

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, азық-түлік бағасы жаңа жылдың қарсаңында қатты шарықтайды. 

"Бұл қарашадан басталады. Кәсіпкерлер бір жылда таппаған табысты қарашамен желтоқсанда – осы екі айда табамыз дейді. Сондықтан да олар бағаны өсіруге тырысатыны түсінікті. Екіншіден, бағаның өсуіне сұраныс та әсер етеді. Дәл осы уақытта корпоративтер көп өтеді. Бұдан бөлек бәрі дастархан жаяды, жаңа жылға дайындалады. Нәтижесінде, көп азық-түліктің бағасының қымбаттауына тікелей әсерін тигізеді. Одан бөлек тағы бір фактор бар. Сол саладағы кәсіпкерлердің уағдаластығы немесе баға келісімін жүргізуі. Ондай да болады, мәселен, көбірек пайда табу үшін 3-4 ойыншы өзара ақылдасып, бағаны көтереді. Осындай кездерде антимонополиялық комитеттің қырағылығы керек", деді ол.

Сарапшы бағалық келісім анықталған жағдайда қомақты айыппұл салынып, мұның бәрі жария етілуі керегін жеткізді.

"Сонда нарықтың ойыншылары жазаның бар екенін біліп жүреді. Бізде баға келісімі анықталды деген ақпарат шығады. Бірақ жазаланды ма, жоқ па – олтуралы ақпарат жоқ. Меніңше, осындай қадамдар жасалуы керек. Одан кейін азық-түлікке байланысты делдалдар бар, олар да көбірек пайда тапқысы келеді. Делдалдардың көп болуы да бағаны өсіріп жіберетіні бар. (...) Негізінен қалыпты маусымдық кезең. Оған түсіністікпен де қарау керек. Кейде нарықта сұраныстың артып кетуінен бағаның да көтеріліп жататыны бар", деп топшылады Мақсат Халық.

Мерекеден соң азық-түлік бағасы қалай құбылуы мүмкін? 

Сарапшыға жаңа жылдан кейін азық-түлік бағасы қалпына келе ме деген сұрақ қойдық. 

"Бұл азық-түліктің ерекшеліктеріне байланысты. Негізінен қыста көкөніс пен жеміс-жидек дәстүрлі түрде қымбаттайтыны белгілі. Оған қоймалардың жоқтығы, сақталуының қиындығы сияқты факторлар әсер ететіні бар. Екіншіден, жылыжайлардың да жұмыс істеуі, нарықтағы бәсекелестіктің болуы деген сияқты. Егер де нарықта тапшылық орнап жатса, онда баға да өсіп кетеді. Әдетте, қаңтар және ақпан айларында көп жағдайда бағаның тұрақтауы орын алады. Желтоқсанда қатты шарықтап кеткен баға белгілі бір дәрежеде қалыпқа келіп жатады. Тәжірибеден соны көріп жүрміз", деді экономист.

Мақсат Халықтың сөзінше, елімізде әлі де болсын қарқынды инфляция сақталып тұр. 

"10 пайыздың үстіндегі инфляция әлі бар. Бұл ресми статистикадағы көрсеткіш. Ал бейресми нарықтағы қарайтын болсақ, тіпті жекелеген тауарлардың бағасы 60-70 пайызға дейін, 2 есе қымбаттаған жағдайлар көп бізде. Әлі де қымбатшылықтың қарқындылығы басылған жоқ, мәселе осында болып тұр. Мысалы, өткен жылы инфляция 20 пайыз болды, осы жылы инфляция 10 пайызға түсті деп айтылып жатыр. Мұнда көп адам инфляция 10 пайызға түсті, демек тауарлардың бағасы он пайызға төмендеуі керек деп ойлайды. Бірақ олай емес. 10 пайыздық инфляция әлі де сақталып тұр деген сөз. Былтырғыдай 20 пайыз қымбаттап жатқан жоқ, алайда қазір 10 пайызға қарқынды қымбатшылық бар дегенді білдіреді. Мұны екітаңбалы инфляция дейді. Егер инфляция он пайыздан төмен болса, мысалы 5-6 пайыз болса, оны қалыпты инфляция деп айтушы еді. Оған мән бермей-ақ қоюға да болады. Әлі де он пайыздың үстінде инфляция болғандықтан, негізінен азық-түліктің қымбатшылығы сақталып тұр деуге негіз бар", деді Мақсат Халық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу