Абылай Мырзахметов пен Жеңіс Қасымбек жейде сатып алды

1399

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы мен инвестициялар және даму министрі бүгін Астанада ашылған "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауына келіп, онда жайылған отандық тауарларды тамашалады.

Абылай Мырзахметов пен Жеңіс Қасымбек жейде сатып алды

Бүгін Абылай Мырзахметов пен Жеңіс Қасымбек жейде сатып алды деп хабарлайды abctv.kz.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы мен инвестициялар және даму министрі бүгін Астанада ашылған "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауына келіп, онда жайылған отандық тауарларды тамашалады. Мұнда кез келген адам өз елімізде шығарылған тауарды саудагерлер үстемесінсіз, өндіруші бағасымен сатып ала алады. КҰП басшысы және министр осы мүмкіндікті алғашқылардың қатарында пайдаланды.

Биыл "Көрме" орталығында өтіп жатқан екі күндік көрмеге қатысуға 153 қазақстандық кәсіпкер тілек білдіріпті. Олардың барлығы өз өңірлерінде ұйымдастырылған "Қазақстанның үздік тауары" байқауының жеңімпаздары саналады.

"Осы жылы байқаудың өңірлік кезеңіне 1163 компания қатысты. Бұл – рекорд! Ұлттық палата көрмені өткізуде отандық тауар өндірушілердің өнімінің сапасын көтеруді, бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат тұтады", – деді Абылай Мырзахметов.

Ол отандық экспорттаушыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінетінін, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға тағы 600 миллиард бағытталатынын хабарлады. Қазақстандық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуына көмектесу үшін тағы 20 миллиард теңге жұмсалмақ.

"Көрмеге қатысушылар көп және олардың әрқайсысы өз бәсекелесінің қалай жұмыс жасайтынын, қандай сападағы тауар өндіретінін өз көзімен көре алады. Бүгін байқағанымыздай, қатысушылардың 80 пайызы – жаңа компаниялар", – дейді министр Жеңіс Қасымбек.

Абылай Мырзахметов пен Жеңіс Қасымбек Қызылордадан келген "Dalatex" фирмасының стендіне арнайы аялдап, әрқайсысы олар сатып тұрған ақ түсті ерлер көйлегін сатып алды. Бұл фирма нарықта тек екі жыл бұрын ғана пайда болған екен. Ол өз өнімдерін еліміздің бірқатар қалаларына жеткізеді, сондай-ақ Ресейге экспорттайды.

"Dalatex" ЖШС-ның директоры Дінмұхамед Әбізов өздері шығаратын ерлер көйлек-жейдесінің сапасы бойынша түркиялық өнімдерден еш қалыспайтынын айтады. Бірақ бағалары одан сәл ғана арзандау: бес мың теңгеден басталады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу