Жол салуға қаржысы таусылған Үкімет бұған шетелден қарыз іздеуде

4953

Елімізде құрылысы сағызша созылып, салынып бітпеген жолдар көп. 

Жол салуға қаржысы таусылған Үкімет бұған шетелден қарыз іздеуде Фото: inbusiness.kz

Биылғы топан су кем дегенде 11 өңірді жайпап өтті. Өзге өңірлерді де қарғын су шайды. Тасқын ауыл-қаланы жауып қалмауы үшін ТЖ және әкімдік өкілдері жаңа салынған қаншама трассаны бульдозерлермен жарып, судың далаға өтіп кетуіне арна-жол ашуға мәжбүр болды.

Өйткені жол салушылар олардың астынан суөтпелер салудан қаржы үнемдеген. Бары уақытында аршылмағандықтан тез бітеліп қалған.

Осылайша, тасқын салада бұрыннан қордаланған проблемаларға жаңа қиындықтарды "жамады".

Мысалы, Ақтөбе облысы аумағынан өтетін "Самара–Шымкент" республикалық тас жолының Ақтөбе–Хромтау–Қарабұтақ–Ұлғайсын аралығы аса қауіпті жол учаскесіне айналды. ІІМ мәліметінше, 2023 жылы Ақтөбе облысында 648 жол апаты тіркелді, 748 адам зардап шекті, 118 адам қаза тапты, оның ішінде 15-і балалар. Биылғы жылдың өткен кезеңінде ғана 97 жол-көлік оқиғасы болған. Онда 148 адам зардап шекті, 28 адам қаза тапты, оның ішінде алтауы – бала.

Мысалы, 2024 жылдың 3 сәуірінде Самара–Шымкент республикалық маңызы бар тас жолында Volvo жүк көлігі Toyota Alphard автокөлігімен соқтығысып, салдарынан Өзбекстанның 8 азаматы мерт болды.

Мұның бәрі кездейсоқ емес. Ақтөбе облыстық прокуратурасы 2024 жылдың 1-ші тоқсанында, тексерулер қорытындысында әкімдік пен "ҚазАвтоЖол" АҚ Ақтөбе филиалының жұмысынан көптеген заң бұзушылық анықтады. Мысалы, биыл "ҚазАвтоЖол" филиалына "Самара–Шымкент" трассасындағы шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы 8 ұйғарым жолданған. Ұлттық компания: "жол төсемінің ақаулары шұңқырларды жөндеу арқылы жойылды" деп есеп берген. Алайда көктемгі қарғын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесу үшін бір топ Мәжіліс депутаты Әйтеке би ауданына барғанда, жөнделгеніне бір жыл болмаған жолдан сау-тамтық қалмағанына көз жеткізді.

"Қашанғы миллиардтаған ел қаржысын шұңқырға көме береміз? Кім оған жауапты? Сондай-ақ, көпірлер мен су өткізу құбырларындағы ақаулар кесірінен, көктемгі қарғын су Самара–Шымкент республикалық тас жолында бірнеше көпірді шайып кеткен! Облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар Ақтөбе–Орск, Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз, Ақтөбе–Мәртөк, Қарабұтақ–Т.Жүргенов, Қарабұтақ–Ырғыз тас жолдарында бар 78 көпір мен 847 су өткізу құбырларының 34 көпірі мен 274 су өткізу құбыры күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталды", – дейді мәжілісмен Қазыбек Әлішев.

Мәжіліс депутаты Қарақат Абден қауіпті автожолдардың көбейгенін растады. Өйткені Үкімет, Көлік министрлігі тарапынан жол құрылысын, соның ішінде өтінімдердің қаралуы, бағалануы, қаржының бөлінуі, орнымен жұмсалуы сияқты ұзынсонар процестерді қатаң бақылау жағы кемшін дейді.

"Талап қатаң болуы керек. Сұрауы болмаса істің мәні кетеді. Үнемі қадағаланса, бір қозғалыс болары анық. Бұл тас жолдар қыршын кеткен тағдырлардың “ескерткішіне” айналғаны қашан?! "Жезқазған–Қарағанды" тас жолының жиектері әбден мүжіліп, тарылып барады. Міне, содан бұл жол “қанды жол” аталып кеткені баршаға аян. Дәл осы жолда 2023 жылы 129 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 167 адам дене жарақатын алған, 37-сі қаза тапқан. Ал биылғы жылдың тек 2 айында 23 жол көлік оқиғасы орын алып, 37 адам жарақаттанып, 2 адам мерт болды. Тас жолдың “жыры” таусылғанша, әлі қанша жан тауқымет тартады? Кім білсін?", – деді Қ.Абден.

Мамандар шектен тыс жүктелген Самара–Шымкент тас жолындағы көліктерді өткізу ауыртпалығын азайту үшін Орталық Қазақстан–Торғай–Ырғыз–Шалқар–Бейнеу тас жолын салу мәселесін көптен көтеріп келеді. Үкімет мойын бұратын емес.

Қазақстанда жаңа ғана тұрғызылған жолдардың да ақауға толы екенін тағы да тасқын әшкере етті.

Бұл іске тіпті Президенттің өзіне араласуға тура келді. Қ.Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі соңғы жолдауында жол құрылысы саласын тағы да қатаң сынға алды.

"Бүгінде автокөлік жолдары құрылысының сапасы сын көтермейді! Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Коррупция белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған былықтар! Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жазаға тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда іс ілгері жылжыған жоқ. Мысалы, басқа түгіл "астаналық" облыс – Ақмолада да сонау 2021 жылы басталған жаңа трассаның құрылысы бітетін емес. Үкіметтегілер оған қажетті қаражат бюджетте жоқ деп ашығын айтты. Егер елдің бас қаласына келетін шетелдік мәртебелі меймандар мен туристерге паш етілетін беткеұстар облыста жағдай осындай болса, басқасын сұрамауға да болады.

Өңір тұрғындары Ақмола облысындағы республикалық маңызы бар "Ресей федерациясының шекарасы (Екатеринбург) – Алматы" автомобиль жолының учаскесін күрделі жөндеу жобасының соңы сыйырқұйымшақтанып, созбалаңға салынғанына алаңдағанына біраз жыл болды. Бұл жоба үш жыл бұрын, 2021 жылы басталды. Сонда тендер өткізіліп, жеңімпазымен келісімшарт жасалды. Жол учаскесінің ұзындығы 58 шақырымды құрайды.

Жобаның бастапқы сметалық құны – 13,2 миллиард теңге болған. Дер кезінде салынбаған соң, жоба қымбаттады. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2021 жылы – 634 миллион теңге, 2022 жылы – 975 млн теңге ғана бөлінді. Бұл қаражатты мердігер толығымен игерді.

Жобаның қымбаттауына байланысты былтыр сметалық құжаттамаға түзету жүргізіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құжаттаманы салалық министрліктің Автомобиль жолдары комитеті 2023 жылдың 13 шілдесінде бекітті.

Міне, сонда бұл жолдың қаншаға қымбаттап шыға келгенін білген жан шошынады: қол қойылған қосымша келісім негізінде түзетілген баға сомасы 21,9 миллиард теңгеге бір-ақ көтеріліпті. Бірақ жол құрылысы қайта тоқтап қалғандықтан, ары қарай өсе беретін түрі бар.

2023 жыл басынан бері бюджеттен оған 3 миллиард теңге бөлінді. Жол салушы 2024 жылы кем дегенде 10 миллиард теңге беруді талап еткен. Жол уақытылы қолданысқа берілмегендіктен, аудан және облыс орталығына жете алпай, қиналған ауылдардың, соның ішінде Новокиенка, Киев, Калинин, Моховое және Қалмақкөл ауылдарының тұрғындары наразылық шараларын өткізіп, автожолды салуды 2025 жылы аяқтау туралы Үкіметке талап қойды.

Сенатор Талғат Жүнісовтың айтуынша, төселіп қойылған жол учаскесі жоғарғы қарқынмен тозып барады. Жақын маңдағы басқа да елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етіп отырғандықтан, бітпеген жоба әлеуметтік шиеленіс қоздырушы факторға айналып барады.

"Жобаны толық іске асыруға қаражат бөлінбесе, мердігер ұйым тағы да түзетуді талап ететін болады. Бұл өз кезеңінде жобаның қайтадан қымбаттауына соқтырады. Бұдан басқа, Ақмола облысында тозуы жоғары жалпы ұзындығы 200 шақырымнан астам жолдардың проблемалық учаскелері бар. Мысалы, "Макин–Ақсу–Торғай", "Жақсы–Державинск–Арқалық", "Астана–Қорғалжын" және басқасы", – деді Т.Жүнісов.

Дегенмен, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр республикалық жолдарды салу-жөндеу жұмыстарына бүкіл Ақмола облысына бір жылға 15,9 млрд теңге ғана бөлінгенін жеткізді. Нәтижесінде, жөндеумен 354 шақырым жол қамтылуда.

"Ал "РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы" автомобиль жолының 856-шы және 913-ші шақырымдары аралығында күрделі жөндеу жобасын жалғастыруға республикалық бюджетте 2024 жылға 10 емес, 4 миллиард теңге ғана қарастырылған. Аталған жобаға қосымша қаражат жоқ. Оны бөлу мәселесі тек 2024 жылдың республикалық бюджеті қайта қаралып, нақтыланғанда қаралады. Ақмола облысындағы өзге автожолдардың нормативтік жай-күйін жақсарту үшін "Макин–Ақсу–Торғай" (36–56 және 64–87 шақырымдар) және "Астана–Қорғалжың" (19–38 және 49–51 шақырымдар) трассаларында жалпы ұзындығы 45 шақырым автожол теліміне орташа жөндеу жүргізіледі", – деді бірінші вице-премьер Роман Скляр.

Жалпы, жол салушылардың да араны ашылып барады. Трассаны жаңадан салмақ түгіл, оның ойқы-шойқы шұңқырларын бітеу шығыны шығандап кетті. Мәселен, осы Ақмола облысындағы "Жақсы–Державинск–Арқалық" трассасындағы 36 шақырым ғана жолға орташа жөндеу құны былтыр 3,3 миллиард теңгені құраған.

Қалай болғанда, бірін бірі ауыстырған үкіметтер жол құрылысы проблемаларын еңсере алмауда.

Қазақстанда республикалық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы – 24,9 мың шақырым. Оның ішінде өте жақсы немесе жақсы деп талап етпегеннің өзінде, "қанағаттанарлық" деңгейдегісі – 18 мың шақырым. Қалған 3,4 мың шақырымының жай-күйі – нашар.

Ресми дерек бойынша ХХІ ғасырдың өткен екінші ондығында, сонау 2017 жылы басталған, Қарағанды, Ақсу-Аюлы, Балқаш, Сарышаған, Бурылбайтал, Күрті елді мекендерін қамтитын, ұзындығы 1 113 шақырымдық "Астана–Балқаш–Алматы" тас жолының жөндеу жұмыстары сол бойы аяқталмаған.

Бұдан бөлек, 5 жылдан астам уақыт бойы құрылысы бітпей келе жатқан автокөлік трассаларына ұзындығы 217 шақырымдық "Атырау–Астрахан", 96 шақырымдық "Ақтөбе–Қандыағаш", 768 шақырымдық "Талдықорған–Өскемен" республикалық жолдары және басқасы жатады. Президент Бектеновтың Үкіметіне оларды биыл аяқтауды тапсырды. Бюджет тапшылығы өршігенде бұл қолынан келер ме екен?

Президент Қарағанды облысындағы жұмыс сапары кезінде жалпы 651 шақырымға созылған "Қарағанды–Балқаш" және "Балқаш–Бұрылбайтал" сияқты жолдардың құрылысын сынға алып, жұмыстардың баяу жүріп жатқанына назар аудартты. Сонымен қатар, Қарағанды облысы арқылы өтетін магистральдар Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтындықтан, олардың сапасы өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына ерекше ықпал ететінін еске салды.

Алайда шенеуніктер сонда да бұған баса мән беріп отыр деу қиын. Қазіргі кезде "Орталық–Оңтүстік" көлік дәлізі құрылып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін магистральдағы жұмыстардың мерзімдері сақталмай, бірнеше рет бұзылып, әлдеше рет ауыстырылды.

Ұзындығы 513 шақырымға ұзаған "Қарағанды–Жезқазған" тас жолын да тезірек аяқтаған абзал.

Жол құрылысы – әр жобадан пайыздап "шәпкі" алған талай жемқор шендіні миллиардер еткен сала. Бұрынғы билік тұсында жол салуға қанша қаржы шығын етілгені белгісіз.

Бірақ салаға астатөк қаражатты құю жалғасуда. Үкіметтің автожолдарды жөндеуге және салуға шамамен 1 триллион теңге инвестиция бағыттайтыны белгілі болды. Сонша қаражат "арыған" бюджетте жоқ.

Сондықтан Көлік министрлігі құрылыс бойынша тапшылықты "жабу" үшін Еуразиялық даму банкінен ұзақмерзімді кредит тарту мәселесін пысықтап жатқаны белгілі болды. Борышқа алатын қаражат көлемі әзірге анықталу барысында екен. Жылдар бойы бітпейтін-қоймайтын автожолдар құрылысы халық пен көлік иелерін қажытып қана қоймай, мемлекетті қарызға батыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу