Шымкентте өткен көрмеде ең қымбат көгершін 5 миллион теңгеге бағаланды

1048

Шымкентте өткен көрмеде ең қымбат көгершін 5 миллион теңгеге бағаланды

Шымкентте өткен көрмеде ең қымбат көгершін 5 млн теңгеге бағаланды, деп хабарлайды kz.otyrar.kz.

Көрмеге келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден жеткізілген кептерлердің 500-ден астам, ал өзге құстардың 1000-нан астам түрін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Аталмыш шара "Гүлсар" кептершілер клубына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Шымкентте биыл көгершіндердің көрмесі 30-рет өтті. Бұл жолғы көрменің жөні бөлек. Ауқымы айтарлықтай ұлғайған көрмеге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және тіпті Германия мен АҚШ сынды елдерден де көгершіннің түр-түрі әкелінген.

"Негізінен Орта Азиялық кептерлерді танытуға күш салып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз да сол, өңірімздегі кептерлерді бүкіл әлемге таныту. Жыл сайын көрмеге қатысатын адамдардың саны артып келе жатыр. Біз көрмеге қатысуға тек кәсіби кептершілерді ғана емес, тіпті жас балаларды да шақырамыз. Осылайша, кептер өсіруге әуестенетін адамдардың басын бір жерге тоғыстырып тұрамыз", - дейді "Гүлсар" кептершілер клубының президенті Бақыт Батекеев.

Көгершіндер көрмесіне қойылған құстардың түрлері де, бағалары да сан алуан. Ең арзанының бағасы 5 мың теңгеден басталса, қымбаты 5 млн теңгеге дейін барады. Құсты бағалауда басты назар тұқымы мен жасына беріледі.

"Бізде қазір миллионер кептершілер бар. Олар 1000-2000 АҚШ долларына да сатып ала береді. Одан да көп ақшаға ойланбай сатып алу түк емес. Тек құс көңілінен шықса болғаны. Шымкент халқы соңғы кездерде "Гүлбадам" атты кептерлерге қызығып жүр. Ол өте әдемі құс. Түсі құбылып тұрады. Ең қызығы — олардың көзі ашық көк түсті", - дейді кептерші Саят Хамзин.

Кептершілердің мерекесі іспеттес болып өткен бұл көрмені тамашалаушылардың да саны артқан. Келушілер тек көрмені тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнаған кептерлерді сатып алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу