Жалпыкомандалық есепте қазақ боксшылары алғашқы орынға шықты

12 Наурыз 2018 11:28

Бокстан Финляндия елінің астанасы Хельсенкиде Gee Bee халықаралық турнирі аяқталды. 37-ші рет ұйымдастырылған жарыста қазақ боксшылары жоғары деңгейде өнер көрсетті, деп хабарлайды vesti.kz.
Қазақстаннан барған 6 боксшы да жүлделі орыннан көрінді. 56 кг салмақ дәрежесінде Қайрат Ералиев финалда мажар елінің боксшысы Нандор Соканы жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. 69 кг-ға дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов топ жарды. Бұл салмақтағы сенім осы жігітке артылып отыр. Себебі Данияр Елеусінов пен Садриддин Ахмедов кәсіпқой боксқа ауысты. Абылайхан Gee Bee турнирінің финалында британдық боксшы Харис Акбарды жеңді.
81 кг салмақта Бек Нұрмағанбет жарқын жеңісімен жанкүйерлер есінде қалды. Финалда отандасымыз ресейлік боксшы Артем Агеевті нокаутқа түсірді. Риодағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит те қарсылас шыдатпады. Финалда украиналық боксшы Константин Пинчуктан айласын асырды.
Қазақстан құрамасының қоржынына түскен бесінші алтын медальды аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев иеленді. Ол финалда британдық боксшы Соломон Дакросты жеңді.
52 кг-ға дейінгі салмақта жұдырықтасқан Олжас Байниязов финалда француз Билал Биннаманға есе жіберіп, күміс медальға ие болды.
Жалпыкомандалық есепте қазақ боксшылары бірінші орын алды. Ресей құрамасы 2 алтын 3 күміс 5 қола медальмен екінші орынға ие болса, швед боксшылары 2 алтын 1 күміс 1 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.