Айыр қалпақты ағайын уәдесінде тұрмады

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
5761

Қырғыздар Еуразиялық одақтың фитосанитарлық талаптарын бұзып, Қазақстанға жеуге жарамсыз жеміс алып өтпекші болды.

Айыр қалпақты ағайын уәдесінде тұрмады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіде Қырғыз президентімен кездесуінің қорытындысында екіжақты экономикалық ынтымақтастық туралы жол картасы бекітілген еді. Нәтижесінде тараптар шекара, көлік, фитосанитариялық және ветеринарлық бақылау сонымен қатар кедендік, салықтық әкімшілікті реттеу мәселелеріне қатысты нақты міндеттеме алған болатын. 

Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин: "Жол картасына қол қойылғаннан кейін біз кедендік, салықтық, ветеринарлық, және фитосанитарлық бақылауды бұрынғы талапқа сай жүргізетін боламыз. Осы талапты тиісінше орындауға Қырғызстанда міндеттелді. Ал қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері қадағалайтын болды", – деп мәлімдеме жасаған. Өз кезегінде ресми Бішкек Еуразиялық одақтың талаптарын енді бұзбауға уәде берген. Бірақ...

Иә, бірақ қырғыздар уәделерінде тұрмады. Бұл туралы Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімі дабыл қақты. 

Мамандардың мәлімдеуінше, қырғыздар Еуразиялық одақтың фитосанитарлық талаптарын бұзып, Қазақстанға жеуге жарамсыз жеміс кіргізбекші болған.  

"Жыл басынан бері 6400 автокөлік тексерілді. 365 автокөліктен заңбұзушылық анықталып, 3232 тонна өнім Қырғызстан республикасына кері қайтарылды. Экспортаушы ел Қазақстанға фитосанитарлық сертификатсыз және таңбасыз тауар жөнелткен. Бұған қоса заңсыз өнімнен 198 карантиндік зиянкес табылды. Алманың кептірілген түрінен жеміс жемірі, құрмадан комсток сымыры, жүзімнен арамсояу тұқымы, ал картоптан алтын түстес жұмыр тұт анықталды.  Осының салдарынан 54 тонна картоп, 800 тоннадан астам құрма, 580 тонна жүзім Қырғызстанға кері жіберілді",  деді Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Сәбит Жүсіпов.

Жол картасы бектілгенен кейін мұндай бейбастақтыққа жол берілмеуі тиіс еді. Алайда айыр қалпақты ағайын бұлай деп ойламаған секілді.

2  желтоқсаннан бүгінге дейін Қырғызстаннан Қазақстанға келген 45 жүк көлігінен фитосанитариялық талапқа сай емес өнім анықталған. Яғни әкелінген өнім жеуге жарамсыз болған.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу