"Артық жүк үшін ақша төле де, жүре бер"

2895

Былтыр жолдың жағдайы үшін жүк тасымалдаушылармен күреске кіріскен Павлодар өңірінің билігі енді жүргізушілерге жол ашық деп отыр.

"Артық жүк үшін ақша төле де, жүре бер"

Өткен жылдан бастап облыс басшылығы қала сыртындағы жолдардың жағдайына баса мән беріп, шамадан тыс жүк тасымалдайтындарды жауапқа тартуды мықтап қолға алды. Облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ахметжановтың айтуынша, 2018 жылы 15 мыңнан астам көлік тексеріліп, 2,9 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Ережелерге бағынбаған жүргізушілерге жалпы сомасы 90,4 млн теңге айыппұл салынды. Оған қоса, жүк тасымалдау талаптарын сақтамағаны үшін 297 көлік иесі 21,5 млн теңге айыппұл арқалады. Жол полициясының қызметкерлері де құр қарап отырған жоқ. Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасқайрат Қайыровтың мәліметі бойынша, былтыр жүк көліктеріне қатысты 200-ден астам жүргізушіге шамамен 8 млн теңге айыппұл жазылды. Жыл басынан бері 117 әкімшілік хаттама толтырылды.

Жалпы, былтыр шамадан артық жүк тасымалдаушыларды бақылау күшейе түсті. Облыс әкімі Болат Бақауов жыл бойы құзырлы мекеме, көлік жүргізушілерімен бірнеше рет жүздесіп, ережелерді қатаң сақтауды талап еткен еді. Тіпті, жолдағы қозғалыс қатаң қадағалануы үшін мемлекеттік бюджеттен 100 млн теңге бөліп, көліктік инспекцияға үш бірдей жаңа "Мерседес" көлігі сатып алынды.

"Өңірдің әр тұрғыны жүк тасымалдау мәселесіне бей-жай қарамауы қажет. Әйтпегенде, бір-екі жылдың ішінде ойлы-шұңқырлы жол көбеюі мүмкін. Көліктің шамадан тыс жүк артып алғанын байқасаңыздар, сурет пен бейнежазбаға түсіріп, құзырлы органдарға жіберіңіздер. Өз басым дәл солай істеймін", – деген еді Болат Бақауов.

Өзгелер де аймақ басшысының әрекетін қайталады. Нақтырақ айтқанда, бір топ көлік жүргізушісі белгіленген көрсеткіштен көп жүкті тасымалдап, жолмен жүйткитін көліктерді бейнеге түсіріп алып, олардың мемлекеттік нөмірлерін жазып алған. Кейін "неге кейбіреулер жүкті артып алып, зуласа да ешқандай шара қолданылмайды", "неліктен біреулерге жолда "жасыл" жанып, кедергісіз қатынауына рұқсат беріледі" сынды наразылықтарын білдірді.

Кейбір жүк тасымалдаушылардың артық жүк тиеп, енді біріне айыппұл салынуының себебін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек түсіндірді. Ұлан Еркінұлының айтуынша, бірқатар ірі компания жүкті тиісті мөлшерден артық тиеу үшін құзырлы органдардан рұқсатқағаздар алыпты. Демек, шамадан артық жүк тасимын десең – мемлекетке ақша төлеп, рұқсатқағаз сатып ал да, қалағаныңша жүйтки бер деген сөз.

"Ешкім жүк тасымалдауға рұқсатқағаз алуға тосқауыл қоймайды. Белгіленген соманы төлесеңіздер болғаны, заң жүзінде жүк тасымалдай аласыздар. Аталмыш құжаттар стандарттар мен регламенттер аясында беріледі. Бұл – мемлекеттік қызмет. Рұқсатқағаз үшін төленген қаржы бюджетке түсіп, жолды жөндеуге және жаңа жолды салуға жұмсалады", – деді Ұлан Жазылбек.

Рұқсатқағаздарды Халыққа қызмет көрсету орталығынан, көліктік бақылау инспекциясынан немесе электронды үкімет порталынан алуға болады. Бір рейс үшін берілетін рұқсатқағаздың бағасы – 19-20 мың теңге. Үздіксіз тасымалмен айналысатындарға бірден жарты жылға ресімдеп алуға болады. Ал қауіпті жүк қатарына жататын көмірді тасымалдау үшін жүк көлігінің жүргізушісі арнайы курстан өтуге тиіс. Содан кейін ғана үш жылға дейін жарамды болатын тиісті құжатты ала алады. Бұл ретте "Ақтоғай-Агро" ЖШС басшысы Игорь Головашов көмір тасымалына қатысты ойымен бөлісті.

"Ауыл тұрғындарының басым бөлігінің бірден 10 тонна көмірді алатын қаржысы жоқ. Оларға бірнеше тоннадан бөліп алған анағұрлым тиімді. Оған қоса, қыста жолдың беткі қабаты қар, мұз болатындықтан, жол жабындысына ауыр салмақтан зиян келмейді, қауіп төнбейді", – деді Игорь Головашов.

Кездесу соңында жүк тасымалдаушыларға көліктер мен құжаттарды ретке келтіру үшін айдың соңына дейін уақыт берілді. 1 ақпаннан кейін жүргізушілердің қолында тиісті құжаттар болмаса, құзырлы органдар заңға сай шараларды қолданатынын ескертті.

Айта кетелік, өткен жылы Павлодар облысының жолдарын жөндеу үшін мемлекеттік қазынадан 12 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінде аймақтағы жолдың 80 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бұл – республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу