"Барыстан" бақ тайды ма?

988

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында "Барыс" Батыс конференциясының көшбасшысы "Локомотивке" ірі есеппен жеңілді.

"Барыстан" бақ тайды ма? Фото: ХК «Барыс»

Қатарынан екі матчта жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантқан "Барыстың" кезекті матчта жолы болмады.

Кездесу 13 қазанда Астанада өтіп, 6 мыңға жуық жанкүйер елордалық команданы қолдауға келді. Дегенмен үміттері ақталмады. Матч 6:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Гол авторлары Даниил Бут (4-минут, 57-минут), Павел Красковский (33-ші, 42-ші), Максим Шалунов (47-ші) және Даниил Тесанов (60-шы).

Ресейлік клубтың жоғары деңгейде ойнайтын хоккейшілері матчтың нәтижесіне әсер еткенін айта кеткен жөн. Астаналықтар екінші кезеңді жақсы өткізді. Олар қарсылас қақпасына гол соғатын бірнеше жақсы мүмкіндіктер тудырды. Бірақ Ғалым Мәмбеталиевтің шәкірттері нашар нәтиже көрсетіп, жеңіліс тапты.

Ойын барысында "Локомотив" байсалды өнер көрсетіп, мүмкіндіктерін іске асыруда барынша сақтықпен қимылдады. Осы жеңістің арқасында 29 ұпай жинап, Батыс конференциясының кестесіндегі көшбасшылығын нығайтса, "Барыс" 15 ұпаймен Шығыс конференциясының кестесінде оныншы орында қалды.

Матч аяқталған соң елордалық команданың бас бапкерінің міндетін атқарушы Ғалым Мәмбеталиев Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында Ярославльдік "Локомотивпен" өткен ойынға қатысты пікір білдірді.

"Жігіттерге сергектік жетіспеді. Ойынды талдап, түзетулер енгіземіз. Жеңілудің жақсы емес екенін бәрі түсінеді. Келесі ойын басқаша болады. Неліктен қақпашыны ауыстырмады десеңіз, Андрей Шутовтың қолында микрожарақат бар. Сондықтан оны асқындырып алмау үшін тәуекелге бармадық. Шутов қалпына келіп, қатарға енді қосылады. Грант пен Әсетов айдынға шығуды асыға күтіп отыр. Әлихан дайындалып жатыр, Шалапов уланды, Грантта грыжа бар. Үшінші кезеңде неге көп тәртіп бұзылды десеңіз, хоккейшілеріміз шайбаға тез иелік етіп, есе қайтарғылары келді. Нәтижесінде, алаңнан қуылды. Ойыншы шайбаны тез алғысы келді, бірақ ол алаңнан қуылды. Шыдамдылық танытуды сұрадық. Бірақ болған іс болды", - деп келтіреді ҚХЛ сайты Мәмбеталиевтің сөзін.

"Барыс" келесі кездесуін 15 қазан күні Магнитогорскінің "Металлургіне" қарсы өз айдынында өткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу