Елордада "резеңке" үйлерден 20 мыңдай адам "қуылды"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9874

Астаналық шенеуніктер шектен тыс көп адам тіркелетін үйлердің қожайындарымен күрестің жаңа толқынын бастады.

Елордада "резеңке" үйлерден 20 мыңдай адам "қуылды"

Бұл ретте "көпіршік адрестердің", яғни көп адам тіркелген кейбір мекенжайлардың қағазда болғанымен, өмірде жоқ екені мәлім болып жатыр. Қаладағы кейбір шенеуніктердің жемқорлығы небір "ғажайыптар" туғызып, жасанды тіркеулерге жол ашқан.

"Нұр-Сұлтан қаласында көші-қон процестерін реттеу саласындағы негізгі проблемалардың бірі пайдакүнем меншік иелерінің "резеңке" пәтерлерде жүздеген азаматтарды тіркеуі болып отыр. Азаматтар жалған тіркелетін, яғни олардың сол үй-жайларда шынайы тұруы көзделмейтін мекенжайлардың саны көп. Бір мекенжай бойынша сансыз адам тіркелген "резеңке" мекенжайлар пайда болды. Себебі тіркеу жекелеген адамдар үшін табыстың көзіне айналды. Бұл ретте ондай мекенжай шынында мүлдем болмай шығатын деректер де бар", – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі мамандар.

Ведомствоның мәліметінше, "прописка" халыққа қызмет көрсету орталықтарының кейбір қызметкерлерін парақор еткен: "Белгілі бір сомаға 20-30 минут ішінде тіркеу мәселелерін "шешетін" азаматтар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы теріс ниетті қызметкерлер арасындағы делдалдар осы жүйеден өз орындарын иеленді".

Құзырлы органдар елордада "резеңке" үйлерді анықтауды жалғастыруда. Мысалы, елорданың оңтүстік-шығыс ауданында "Березовая көшесі, 156-үй" мекенжайында 1700 адам тіркелген баспана әшкереленді. "Пригородный" шағынауданының жатақханасында бір бөлмеде 1200 адам тіркеліп қойыпты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы көші-қон қызметі мен жергілікті полиция қызметкерлерінің күшімен аулаларды аралап, үйлерді тексеру нәтижесінде 2019 жыл басталғалы 20 мың 478 адам "резеңке" пәтерлерден тіркеуден шығарылды.

Әкімшілік жауапкершілікке 43 азамат тартылды, әкімшілік айыппұл 1 миллион 85,7 мың теңгені құрады.

Әрине, азаматтарды да түсінуге болады. Лаңкестікпен күрес деп, билік халықты тұрғылықты жері бойынша белгілі бір жылжымайтын мүлікке "байлаулы" етіп тастады. Егер адамның тұрақты және уақытша тіркеуі болмаса, не медициналық көмек ала алмайды, не жәрдемақылар төленбейді, не баласын мектепке бере алмайды, басқа да игіліктерден қағылады.

Жаңа жүйенің атқарушы билікке де ұнамайтыны анықталуда.

"Өткен жылдары азаматтар тек пәтерлер мен тұрғын үйлерде тіркеле алатын. Ал енді жаңа қағидалардың 4-тармағына сәйкес, ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, сондай-ақ саяжай серіктестіктері мен кооперативтерінің саяжай құрылыстарында, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде-профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда да жүзеге асырылады. Салдарынан, мұндай тіркеу жай, формальды екені белгілі", – деп қынжылыс білдіреді Бейбіт Атамқұлов министрлігі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "кезінде мемлекет белгілі бір себептер бойынша тіркелу мүмкіндігі жоқ азаматтарға көмектеспек болып, мұндай қадамға саналы түрде барғанын" айтады. Бірақ азаматтар биліктің бұл "сыйлығын" теріс пайдалануда екен.

"Алайда, осыдан кейін бірнеше отбасының бір саяжай құрылысында тіркелуіне байланысты басқа мәселе туындады. Өйткені олардың үйлеріне тұрғынжай мәртебесі берілді. Барынша жоғары өтемақы алудан не әр тіркелушіге тұрғын үй алудан негізсіз дәмеленген халықтың мұндай түсініспеушілігі мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою рәсімін жүргізу барысында айқын көрінді. Нәтижесінде, шектеу (яғни, санитарлық) нормасының болмауы жеке үй иелері мен тұрғын үй иелеріне тіпті өздерімен ешқандай туыстық байланысы жоқ және оның үйінде іс жүзінде тұрмайтын жүздеген азаматтарды бір мекенжай бойынша тіркеуге мүмкіндік береді", – деп сынайды ведомство.

Бұл байламдар меморган әзірлеген "Сәулет, көлік және Қазақстан астанасы – Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі дамыту мәселелері бойынша Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының тұжырымдамасында айтылады.

Сондықтан министрлік өзі қозғап отырған мәселелерді шешу үшін аталған заң жобасы арқылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне "тұрақты тұратын жері бойынша азаматтарды тіркеу үшін санитарлық нормаларды анықтау жөнінде өкілеттіктер беруді" ұсынады. Басқаша айтқанда, әр үйге тіркелетін адам саны сол баспананың шаршы метріне тәуелді болады. Бұл идеяны билік біраздан ілгерілетіп келеді, ол енді заң арқылы рәсімделіп, жүзеге асырылмақ.

"Мұндай норманы енгізу "резеңке" мекенжайларға байланысты түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді, үшінші тұлғаларды тіркеу тек жан басына шаққандағы белгіленген тұрғынжай аумағы нормалары сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылатын болады", – деп түсіндіреді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Сонымен бірге, ведомство мұндай тіркеу тек бұрынғы кеңестік елдерге, соның ішінде Қазақстан, Ресей, Беларуске ғана тән екенін растайды.

"Қазіргі қолданыстағы азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу кеңес заманында болған және рұқсат ету сипатына ие тіркеу институтының мұрасы болып табылады. Кеңес кезінде тіркеу санитарлық нормаларға сәйкес жүзеге асырылды және бір тұрғынды тіркеу үшін баспана шаршы метрінің белгілі бір көлемі қажет болатын. Тіркеу үшін сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алу қажет етілетін. Нәтижесінде, әрбір адам белгілі бір тұрғылықты жері бойынша бекітілді, бұл оның еңбек етуге, білім алуға, денсаулығын сақтауға және басқаға деген құқығын іске асыру үшін керек болды. Атап өтетін жайт, мұндай институт басқа дамыған елдерге жоқ, бұл тек бұрынғы кеңестік республикаларға ғана тән", – делінген заң жобасы тұжырымдамасында.

Тіпті жас демократия саналатын Украинаның өзі бізден ілгері кетіпті. Оларда "Жүріп-тұру және тұрғылықты орынды таңдау еркіндігі туралы" заңына сәйкес, тіркеу біздегідей рұқсат беру емес, хабарлама сипатына ғана ие. Басқаша айтқанда, украиналықтар өз жерінде өзінің тұратын жері туралы ешкімнен рұқсат сұрамайды, тек паспорт үстелін хабардар етсе жеткілікті.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу