Қазақстан жасөспірімдері іріктеу турнирінің ширек финалына шықты

1043

Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша Billie Jean King Cup әлем чемпионатының іріктеу турнирі өтуде.

Қазақстан жасөспірімдері іріктеу турнирінің ширек финалына шықты

Жарыстың алғашқы күні Қазақстан қыздар командасы В тобында Вьетнам құрамасын 3:0 есебімен ұтты. Бірінші ойында Ариана Гогулина Нгуенді 6:1, 6:0 есебімен тізе бүктірді. Полина Слепцова Нгоны 6:1, 6:3 есебімен ұтты. Жұптық сында А.Гогулина Анастасия Крымовамен бірге апалы-сіңлілі Нголардан 6:3, 6:0 есебімен басым түсті.

Ал бүгін Қазақстан қыздар құрамасы теннистен әлем чемпионаты іріктеу турнирінің ширек финалына шықты. Бүгін қазақстандық қыздар Иран командасымен сынға түсті. Күннің желді болғанына қарамастан, қазақстандықтар қолайсыз ауа райына тез бейімделді.

Алдымен Анастасия Крымкова бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесуде Атфи Нитиден айласын асырды – 6:3, 6:3. Ариана Гогулина дәл сондай есеппен Ясаман Язданидің меселін қайырды – 6:3, 6:3. Үшінші ойында А.Крымкова Полина Слепцовамен бірге жұптық сында Қазақстан құрамасына үшінші ұпайды алып берді – 6:4, 6:1.

Осылайша, қазақстандықтар мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алды. 3 мамыр күні Ярослава Шведованың шәкірттері Жапониямен ойнайды. Жапония да күні бұрын ширек финалға шықты. Сондықтан бұл бәсекеде В тобында кімнің бірінші орынмен ширек финалға шығатыны шешіледі. Ширек финал жеребесі 3 мамыр кешкісін тартылады. Әлем чемпионатына Азия – Тынық мұхит аймағынан тек үш команда жолдама алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу