Қазақстанда шетелге "экспансия" жасайтын агенттік құрылып жатыр

5126

Құрылғанына 20 жыл болған, жыл сайын бюджеттен жүздеген миллиард теңге бөлінетін, бірақ не бітіріп жатқаны белгісіз ұйым бар. 

Қазақстанда шетелге "экспансия" жасайтын агенттік құрылып жатыр Фото: kazakhexport.kz

"Бәйтерек" холдингіне қарасты "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясын Үкімет 2003 жылы құрды. Содан бері оған тоқтаусыз қаржы құюмен келеді. Әрідегіні айтпағанда, былтырғы 2022 жылғы 24 қыркүйекте ел Үкіметі "KazakhExport" компаниясына 210 млрд теңге сомасында мемлекеттік кепілдік берді. Бұл сомаға ол қазақстандық экспорттаушылардың шикізаттық емес тауарлары мен қызметтерін жаһандық нарыққа ілгерілетуге тиіс болды.

Қаржы министрлігі мен KazakhExport  арасындағы кепілдік туралы келісім өткен жылғы 29 қыркүйекте бекітілді. Бұл сома компанияның сақтандыру мүмкіндіктерін кеңейтуге, қосымша сақтандыру міндеттемелерін қабылдауға жұмсалыпты.

Енді билік осы компанияға тағы аста-төк қаржы құйғалы тұр.

Қаржы министрлігі "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" акционерлік қоғамына экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру туралы" Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын ел назарына ұсынды. Құжат 17 қазанға дейін қоғамдық талқыға салынады.

Бұл қаулыға Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қол қойған соң, Қаржы министрлігі "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ-ына 129 миллиард 200 миллион теңге сомасында мемлекеттік кепілдік береді. Жобада жазылғандай, бұл мол қаржы компанияға 10 жылға қолданылу мерзімімен беріледі. Яғни, ол оны 2034 жылы, девальвациялардан соң құнсызданған күйде бюджетке қайтара алады.

130 миллиардқа жуық қаражатты ҚазақЭкспорт ЭСК отандық өндірушілердің экспортына қолдау көрсетуге, сақтандыру төлемдері бойынша берешекті өтеуге жұмсауы керек.

Бұл ЭСК-ға беріліп отырған соңғы миллиардтар еместігін, алда бұдан да ауқымды шығын болуы мүмкін екенін бас қаржыгер жоққа шығармады.

"Жобаны іске асыру "KazakhExport" ЭСК" АҚ қабылдаған сақтандыру міндеттемелерінің көлемін ұлғайтуға, Қазақстанның экспорттық мәмілелерін қаржыландыруға халықаралық капиталды тартуға, сондай-ақ отандық экспорттың географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Дегенмен, ұлттық компанияның меншікті капиталынан асып түсетін сақтандыру жағдайларын біржолғы төлеген кезде, "KazakhExport" ЭСК" АҚ-ның берешегін өтеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлу талап етілуі мүмкін", – деп түсіндірді Премьер-Министрінің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ал Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде "KazakhExport" капиталы 113 миллиард теңгені құрайды. Бұған қоса, Қаржы министрлігінен 412 миллиард теңге кепілдік алған.

Бұл ретте келесі жайт назар аудартады: Мәжіліс ҚазақЭкспорт орнына басқа агенттік құруды қарастыратын заң жобасын қабылдады. Заң күшіне енген соң компанияның командасы жаңаруы ғажап емес. Себебі, ұйымның қызметі қайта құрылады, салмақты реформаланады. Сонда жаңа ұйым "KazakhExport" ЭСК"-ның жүздеген миллиардтарды қайда шашып, кімге таратқанына жауап бере ме?

"KazakhExport" компаниясына биыл 20 жыл толғаны айтылды. Алайда ҚазақЭкспорттың басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин журналистерге сұхбатында тек соңы жеті жылдағы қызметіне ғана есеп берді. Өйткені оның айтуынша, бұрын компания басқаша аталыпты.

"Біз "KazakhExport" жұмысын қорытындылағанда, тек 2016 жылдан бергі нәтижелерін ұсынамыз. Сол жылы ҚазЭкспортГарант "KazakhExport" болып қайта құрылған еді. Біз 2016 жылдан 2022 жыл аралығында шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету көлемін 10 еседен артыққа өсіре алдық. Осы кезеңде компанияның отандық экспорттаушыларды қолдау бағытында белсенді өркендеуі басталды. Сөйтіп, жалпы сомасы 880 млрд теңгеге 212 экспорттаушы қолдау көрді. Осы уақытта біз сақтандыруды өтеу үшін екінші деңгейлі банктерден өз бетімізше 526,4 млрд теңге алдық. Биылғы жылы, қыркүйектегі жағдай бойынша 42 отандық экспорттаушыға қолдау көрсетілді. 2023 жылы қолданған жобалардың ішінде шағын және орта бизнестің үлесі – 67%", – деді "KazakhExport" басшысы Аслан Қалиғазин.

Компанияның қолдауымен жүзеге асырылған ірі жобалар қатарында ол Қырғызстандағы ірі кен орнында алтын шығарушы фабриканың құрылысын атады. ҚазақЭкспорт AAEngineering Group компаниясының қырғыз елінде тұрғызған фабрикасы бойынша контрактісінің сақтандыруын өтеп беріпті. Бұдан бөлек, KazakhExport Грузияда автокөлік жолдарын салатын құрылыс компанияға қолдау көрсетті. Өзге де жобалары жетерлік.

Тағы бір кілтипан бар: заң жобасында көрсетілгендей, жаңа Экспорттық-кредиттік агенттікке (ЭКА) жаңа құзыр беріледі: ол – сауда қаржыландыруының мөлшерлемесін субсидиялау деп аталады. Қарапайым тілге аударғанда, жаңа агенттік шетелге экспорт үшін деп алынған банктік қарыздың, соның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған кредиттің пайыздық ставкасын бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды, сөйтіп, несиені арзандатады. Бұл тетікті отандық экспорттаушылардың күткеніне көп болды.

Алайда осы көмек енді шетелдік, мысалы, ресейлік компанияларға да берілетін болып шықты. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бұл тетікті енгізу былтыр қолға алынғанын жеткізді. Бірақ мемлекет оны сол бойы іске қоса алмапты. Енді оның жүгін жаңа агенттікке артуға ниетті.

"Әзірге оның операторы "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қоры болып отыр. Несиесінің ставкасы субсидиялануға тиіс жобаларды "Дамуға" "KazakhExport" ұсынады. Бұл – жаңа әрі күрделі тетік, өкінішке қарай біз оны биыл да жолға қоя алмадық. Бұл тетіктен бас тартпаймыз. Себебі, көптеген шетелдік компания ұқсас қызметті ұсынады және бұл сол елдердің экспорттаушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл бізге де керек. Сонымен бірге шетелдік импорттаушы қазақстандық өнімді импорттағысы келсе, біз оған біріншіден, кредит бере аламыз. Екіншіден, сол несиенің пайыздық ставкасын субсидиялап, арзандатып бере аламыз. Сонда кредиттің сыйақы ставкасы ЭЫДҰ анықтайтын деңгейге дейін түсіріледі", – деді вице-министр Қайрат Төребаев.

Ол айтып отырған CIRR – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерде бекітілетін экспорттық кредиттер бойынша ең төменгі пайыздық ставка. Оның өзекті мөлшерлемелерімен ЭЫДҰ ресми ресурсынан танысуға болады. CIRR ставкасы несиенің қандай валютада алынғанына байланысты. Мысалы, 2023 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша оның ең төменгі ставкасы долларда – 5,26%, еурода – 3,65%.

Мұндай арзан несиені алу әрбір бизнесменге арман болса керек. Ал арзандатылған кредитті қалпымен жатжұрттықтар жәукемдеп кетіп жатса, не болады? Оны Ресейге санкцияларды айналып өтіп, "отандық өнім" деген жалған құжаттармен қат өнімдерді тасуға көмектесетін делдал компаниялар қанжығалап кетпей ме? Онда Қазақстан өз бюджетінен санкцияны бұзуды қаржыландырған болып шықпай ма? Алайда жаңа агенттік Парламент алдында есеп бермейді, Сауда және интеграция министрлігіне ғана бағынады.

Вице-министрі Қайрат Төребаев ҚазақЭкспорт базасында құрылатын Экспорттық-кредиттік агенттік шетелдік импорттаушылардың кредитін субсидиялау арқылы "қазақстандық жоғары технологиялы өнімдердің экспорттық өрісін кеңейтеді" дегенді айтты. Қазақстанда жоғары технологиялы өнім жоқтың қасы. Ертең импорттаушылар Ресейге "Қазақстанда құрастырылған" дрондарды не басқа қосарлама мақсаттағы өнімдерді тасып жүрмесе болғаны.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров жаңа агенттік Үкіметтің квазимемлекеттік сектордағы басқа ұйымдарының жұмысын қайталайтынын жеткізді. Мысалы, Сауда министрлігіне қарасты "QazTrade" деген мекеме бар, ол да экспортты ілгерілетуге жұмыс істейді. Функциялары осымен бірдей. Жұмыс тобында депутаттар осы мәселені көтеріпті, жөнді жауап ала алмаған.

Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев Үкіметте бұл бағытта жақын арада бір шешім қабылданатынын білдірді.

"Шынында, экспортпен "KazakhExport" және "QazTrade" айналысып жатыр. "QazTrade"-те қаржылық емес барлық құралдар, ал "KazakhExport"-та қаржылық құралдар шоғырландырылған. Сондықтан осы заң күшіне енгеннен кейін барлық құрал "QazTrade"-тен "KazakhExport"-қа көшеді және жаңа агенттік "бір терезе" қағидатымен барлық экспорттаушы компанияларға қызмет етеді. Ал "QazTrade" тек аналитика, сараптамалық жұмыстарды жасайды", – деді Қ.Төребаев.

Сонымен, Парламентте ары қарай пысықталып жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы аясында жаңа агенттік пайда болады.

Экспорттық-кредиттік агенттікке шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт мәртебесі беріледі. Президенттің өзі шетелге, әлемдік нарықтарға тек мұнай мен металды шығарумен еліге бермей, өңделген, дайын өнімдерді, шикізаттық емес тауарларды экспорттауға айрықша мән беру керектігін бұрыннан, үнемі айтып келеді. Депутаттардың айтуынша, мұның әдіс-тәсілі болғанмен, нақты жүйелі ұстанымы осы уақытқа дейін түзілмепті.

Яғни, "KazakhExport" бұған дейін сақтандырумен, қайта сақтандырумен ғана айналысты. Ал жаңа агенттіктің құзыреті кеңейеді, мысалы, ол экспорттаушылар мен импорттаушыларды несиелік қаржыландыру, субсидиялар беру, отандық өнімдерді өзге елдерге ілгерілетіп, шетелдік нарықтарына экономикалық экспансия жасау мүмкіндігін иеленеді.

Бүгінде қазақстандық дүкендердің, супер, гипермаркеттердің сөрелерінде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, басқа елдердің тауарлары иін тіресіп, толып тұр. Осы елдерге бара қалсаңыз, қазақстандық өнімді күндіз шаммен іздеп, таппауыңыз мүмкін. Үкіметтің экспортты қаншалықты өнімді ілгерілетіп отырғанын осыдан аңғаруға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу