Қазақстанға туристік полиция қажет пе

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
12618

Оңтүстік Кореядағы туристік полицияның формасын Gangnam Style клипіне киім әзірлеген дизайнер жасаған. 

Қазақстанға туристік полиция қажет пе

Мәжілістегі үкімет сағатында ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов елімізде туристік полиция құруды ұсынды. Ал мәжіліс депутаты Ирина Смирнова  комитет төрағасынан туристер арасында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты жағымсыз пікір қалыптасуына не себеп екенін білгісі келді.

"Сырттан келетін туристер үшін әуежай мен сапаржайға келіп түскеннен, еліне кеткенге дейінгі уақыттағы оқиғаның барлығы маңызды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне туристердің шағымданып жататынын жиі естиміз. Бұл мәселе өзара қатынас пен түсіністікке байланысты туып отыр.  ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәдениетін, этикасы мен стилін қалыптастыруда қандай шаралар қабылдап жатыр?" – деп сұрады депутат.

Мұрат Қабденов полицейлердің жұмысына қатысты жекелеген жағымсыз пікірлер бар екенін жасырмады.

"Иә, мұндай жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ  бұл жаппай сипат алып отыр деуге келмейді. Полицейлер жіберетін кемшіліктерге қатысты ішкі істер министрлігі, оның ішінде ішкі қауіпсіздік департаменті қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысында қызметін адал атқармаған полицейлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады", – деді ол.

Осыдан соң полиция генерал-майоры бүгінде туристермен тікелей жұмыс істейтін арнайы полиция қызметін құру бастамасы зерделеніп жатқанын айтты.

"Жағымсыз пікірлерге қарағанда, жақсы пікірлер көп. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Алматыдағы Азия ойындарында полицияның шетел азаматтарына тиісті дәрежеде қызмет көрсеткенін бәрі біледі. Қазір біз туризм саласын қолдау бағытында мәдениет және спорт министрлігімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бірқатар мәселелерді айттық. Соның бірі – туристермен тікелей жұмыс істейтін туристік полиция құру", – деді Мұрат Қабденов.

Айта кетейік, туристік полиция халықаралық тәжірибеде бар құрылым. Мәселен, 2013 жылдың қазанында туристерге көмектесетін арнайы полиция бөлімшесі Оңтүстік Кореяда құрылды. Оның құрамына ағылшын, жапон, қытай және басқа да шет тілдерін білетін 100-ге жуық жас қызметкер қабылданды.  Туристік полицейлер қара, көк түсті ерекше формаға ие болды және ол киімдерді PSY деген атпен танылған  әншінің  Gangnam Style  әнінің клипіндегі киімдерді әзірлеген дизайнер жасаған. Әрбір полицейдің формасында оның қандай тілді білетінін көрсететін арнайы жапсырма бар. Туристер оларға таксист немесе көшедегі саудагер алдап кетті деген  сұрақтармен шағымдана алады. Айтпақшы туристік полицияда қару болмайды. Күрделі жағдайда олар қару қолданатын күш құрылымдарын көмекке шақырады. Ал Мәскеуде туристік полиция қызметі 2014 жылдың тамызынан бастап жұмыс істеуде. Батальондағы 171 қызметкердің 35-і әйел адамдар. Олардың барлығы ағылшын тілін жетік біледі. Араларында қытай, француз, испан және басқа  тілдерді меңгерген жандар да бар.

Аталған саланың еш мемлекеттің "тақиясына тар келмейтініне" былтыр Дубай туристік полициясының әлемдегі ең үздік полиция ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгені дәлел бола алады. БАӘ құқық қорғау органы бұл марапатқа Ferrari, Mazerati, Bugatti және Porche сынды жоғары санаттағы көліктерімен лайық деп танылған. Дубай полицейлерінің айтуынша, кейбір туристер олардан қолдарына кісен салып, әсем шаһарды қымбат көлікпен аралатуды жиі өтінетін көрінеді.

Енді өзімізге оралайық, осыдан 4 жыл бұрын Алматы қалалық мәслихаты 2004-2010 жылдарға арналған туризмді дамыту бағдарламасын бекітті. Құжатта туристік полиция қызметін құру бастамасы көтерілді. Неге екені белгісіз, бастама аяқсыз қалды.

Айта кетейік, Дүниежүзі экономикалық форумының 2017 жылдың шілдесіндегі индексі бойынша, Қазақстан туристік қауіпсіздік рейтингінде АҚШ, Франция және Ұлыбританияны басып озып, 58 орынға тұрақтап тұр.  Туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан елге сол саланың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз ететін арнайы сақшылар керек-ақ. Алайда белгілі журналист Марат Тоқашбаев әлеуметтік желіде үкімет сағатындағы ұсынысты қолдамайтынын білдірді.

"Әр шетелдік турист полиция үшін "асқан бай" болып көрінеді. Әрі әрқайсысы содан өз үлесін алып қалуға тырысады. Туристік полиция құрудың мақсаты туристерді қорғау болғанымен, іс жүзінде "туристерді тонау" болып шығады. Әлеуметтік желілер заманында сондай бірнеше фактінің өзі Қазақстанды туристер аяқ баспайтын елге айналдыруы оп-оңай", – деді ол.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу