Қазақстанның шағын бизнесі стагнациядан шыға бастады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1742

Елімізде бір жыл ішінде жай тіркелумен тоқталмай, өнім шығаратын шағын компаниялардың саны бірден 12 мыңға көбейді.

Қазақстанның шағын бизнесі стагнациядан шыға бастады

Бір назар аударарлық жайт, әсіресе, көтерме саудамен айналысатын, сондай-ақ ғылыми және техникалық қызметпен шұғылданатын кіші кәсіпкерлік көптеп ашылған. Олардың қатары бір-ақ жылда бес мыңға ұлғайды. Бұған Білім және ғылым министрлігі, Технологиялық даму ұлттық агенттігі және өзге де қаптап құрылған мемлекеттік құрылымдар, сондай-ақ қазақ елінде тамыр жаюға ұмтылған саналуан шетелдік ұйымдар тарататын ғылыми, инновациялық және технологиялық гранттар сомасының артуы ықпал етсе керек.

Қазіргі кезде Қазақстанда белсенді жұмыс жасайтын шағын кәсіпорындардың саны 147 мыңға жетті. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда, 2,1%-ға, ал бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 8,9%-ға көп.

Жыл ішінде ең үлкен өсім Астанада тіркеліп отыр: шағын бизнес саны бірден 47,1%-ға өсті. Бүгінде елордада олардың 23,9 мыңы жұмыс жасауда. Бұл Қазақстандағы барлық кіші кәсіпорындардың 16,3%-ын құрайды. Өткен жылы Астананың үлесі 12%-дай ғана болатын.

Сондай-ақ республикалық маңыздағы екінші қала – Алматыда да ұсақ бизнес қарқынды көбеюде және қазіргі уақытта 32,9 мыңға жетті. Бұл өткен жылғыдан 5,7%-ға артық. Негізі, Алатау бөктеріндегі қаланы "шағын бизнес концентраторы" деп атауға болады: оның осы сала бойынша жалпыреспубликалық көлемдегі үлесі 22,4%-ға тең!

"Үштікке" 7,1%-дық үлесімен және 10,4 мыңдық шағын кәсіпорындарымен Қарағанды облысы енді.

Өзге өңірлер де шағын бизнесті өркендету және жағдай жасау бойынша көрсеткіштерін көркейте бастады. Нәтижесінде, шағын бизнес субъектілерінің саны ШҚО-да 9 мың 626-ны, Алматы облысында 7 мың 37-ні, Қостанай облысында 6 мың 715-ті, Павлодар облысында 6 мың 983-ті, Ақтөбе облысында 6 мың 74-ті, Ақмола облысында 5 мың 981-ді, Түркістан облысында 5 мың 526-ны, СҚО-да 5 мың 249-ды, БҚО-да 4 мың 776-ны, Маңғыстау облысында 4 мың 332-ні, Жамбыл облысында 4 мың 162-ні, Қызылорда облысында 4 мың 76-ны, Атырау облысында 3 мың 906-ны құрады.

Нақты әрі белсенді жұмыс жасайтын шағын кәсіпорындардың ең көбі сауда (35,1 мың), білім беру (14,7 мың), құрылыс (13,7 мың) секторларында шоғырланған. Соның ішінде бұл компаниялар санының ең көп өсуі сауда (бір жыл ішінде бірден 3,6 мыңға көбейді), сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (жыл ішінде 1,1 мыңға өсіп, 10,9 мыңға жетті) салаларында тіркелуде.

Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес саны сонша көп емес, небары 7 мың 178 ғана, бірақ 2017 жылдағыдан 5,1 пайызға ұлғайды. Алпауыт компаниялар аймағы саналатын тау-кен өндірісі өнеркәсібі және карьерлерді игеру салаларында бар-жоғы 930 шағын кәсіпорын күн көруде. Бұлардың да сапы бір жылда 9,5 пайызға артты.

Ұлттық экономика министрлігінің статистикалық дерегінше, шағын бизнес субъектілерінің саны мемлекеттік басқару және қорғаныс, сондай-ақ міндетті әлеуметтік қамсыздандыру салаларында (қоса алғанда) 8 мың 628-ге (өсім 0,3 пайыз), жылжымайтын мүлікке қатысты операциялармен айналысатындары 9 мың 53-ке (7,4%), ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында 6 мың 390-ға (8%), көлік және қоймалауда 5 мың 605-ке (10%), ақпарат және байланыс секторында 3 мың 831-ге (17,3%), қаржылық және сақтандыру қызметінде 3 мың 768-ге (3,4%), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларында 2 мың 938-ге (8%), өнер, ойын-сауық және демалысты ұйымдастыруда 2 мың 592-ге (9,2%), қонақ үй және тамақтандыру қызметтерін көрсету саласында 2 мың 317-ге (18,1%) жетті.

Стартаптар, яғни жаңа шағын компаниялар саны бір ай ішінде 2,6%-ға, ал бір жыл ішінде 23,6%-ға артты және жалпы қарасы 46 мыңға теңелді. Стартаптардың ең көбі, яғни 14,2 мыңы Алматыда өркен жаюда. Олардың сапы былтырғыдан бері 17,2%-ға өсті. Астанада стартаптардың әзірге тек 8 мың 973-і жұмыс жасауда. "Үштікті" 3 мың 308 жаңа шағын бизнес санымен Алматы облысы тұйықтайды. Қалған өңірлердің бұл көрсеткіші 2 мыңнан аспайды. 

"Атамекен" палатасы табысты стартаптардың бірі ретінде алматылық Владимир Алексеевтің кәсіпорнын ұсынады. Ол бұған дейін еңбекті қорғау саласында жұмыс жасапты.

"Осы орайда мені күн сайын жұмысшыларды қиналтатын кішкентай бір түйткіл толғантты: олар мазутпен, маймен, бояумен, қара күйемен және басқа да жабысқыш заттармен былғанған қолдарын жуып тазалай алмай, ақ тер-көк тер болып жатады. Бұл ретте шаруашылық сабынды құммен араластырып жуса, жақсы кетіреді. Бірақ бұл тәсіл қолдың терісін жарақаттайды, ол жерге инфекция кіруі ықтимал. Сондықтан бұл мәселені шешуге арналған отандық затты жасауға ұйғардым. Бірақ ол импорттық баламаларынан арзан, қарапайым және тиімді болуға тиіс", – деп әңгімелейді Владимир Алексеев.

Өндірісті іске қоспас бұрын жаңа өнімнің формуласын түзуге жарты жыл кетіпті. Сондай-ақ кәсіпкер кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыратын "Бизнес-Кеңесші" жобасының тегін курстарынан өткен.

Владимир Алексеев шағын бизнесіне шамамен жарты миллион теңгеден астам қаржы салғанын айтады.

"Бізде күрделі құрылғылар жоқ, өнімді жасау үшін қазаншалар, таразы, электрлі миксер секілді қарапайым құралдар пайдаланылды. Негізгі қаражат шикізатқа кетті. Бұл идеяны ұнатқан басқа кәсіпкерлермен бірлесіп, пастаны шығаруға кірісіп те кеттік. Бұл паста қолдары күн сайын саналуан сұйықтықтардың, таттың, бояулардың, майлардың және басқа да ластағыштардың ықпалына ұшырайтын мамандар үшін таптырмайды", – дейді ол.

Бизнесмен өнімінің құрамына теріге сіңген ластағышты жылдам, тиімді және ең бастысы, қауіпсіз кетіру үшін қажетті заттар кіретінін айтады. Сондай-ақ теріні қорғаушы және күтуші компоненттерді де қосыпты. Силикон мен сілтілерден бас тартқан. "Ultra clean max" деп аталатын отандық өнім қазақстандық табиғи шикізаттан жасалатын көрінеді. Бірақ әзірге өнім тек ішкі нарыққа бағдарлануда.

Мұндай енді-енді өркен жаюшы шағын кәсіпорындар үлгісі күн санап, көбейіп келеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу