Күнкөріс себетінің грамы да, құрамы да молайтуды қажет етеді

Сарапшылар күнкөріс себетін ең төменгі жалақымен емес, орташа жалақы мөлшерімен есептеген жөн дейді.

Күнкөріс себетінің грамы да, құрамы да молайтуды қажет етеді

Мамандардың пайымдауынша, еліміздегі күнкөріс себеті қайта қарауды қажет етеді. Өйткені нақ қазіргі мөлшермен азық-түлік себетіне кіретін тауарларды сатып алу мүмкін емес. Бүгінгі таңда еліміздегі күнкөріс себеті 28 мың 85 теңгені құрайды. Мәселен, бұл соманың 60 пайызын (16,800 теңге) азық-түлік құраса, қалған 40 пайызы (11, 285 теңге) тұрмысқа қажетті заттарға тиесілі.

Сапалы тамақтану үшін бір адамға 50-60 мың теңге қажет
Әрине, біз пікірлескен бірқатар мамандар "бұл сауалымызға бірден толыққанды тамақтану жүйесін қалыпсатырамыз деу қиын" деп жауап берді. Экономист-ғалым Арман Алдоңғаровтың айтуынша, еліміз әлі де салауатты тамақтандыру жүйесін қалыптастыра алмай отыр.

"Нақ қазір қымбатшылық қысып, халықтың күнделікті тұтынатын ет, сүт, нан өнімдері бірнеше есе қымбаттап кетті. 2018 жылдың соңғы алты айындағы деректерге жүгінсек, ет бағасы – 42 пайызға, сүт 28 пайызға қымбаттаған. Қазір бір адамның сапалы азық-түлікпен тамақтануына 50-60 мың теңге кетеді. Осыдан барып-ақ күнкөріс себетін қайта қарау қажеттігін түсінеміз", – дейді ол.

Жалпы, күнкөріс деңгейі бізде ең төменгі жалақы мөлшеріне қарап есептелетіндіктен, бұған қатысты мамандар "болашақта ең төменгі жалақы деңгейін 60-70 мың теңгенің көлеміне дейін өсіріп, күнкөріс себетін қайта қарастырған жөн" дейді.

Себетке енетін азық-түліктердің грамы да аз
Деректерге жүгінсек, біздегі күнкөріс себетіне енетін азық-түліктердің грамы да аз. Мысалы, күніне 250 грамм нан, 50 грамма макарон немесе жарма, 260 грамм картоп, 100-150 грамм ет, екі күнде бір жұмыртқа тұтынуымыз керек болса, бізден экономикасы кемшін бірқатар елдерде күнкөріс себетіне енетін азық-түліктердің грамы әлдеқайда ауқымды екен. Мұны төмендегі сызбадан аңғаруға болады.

Бұған қатысты экономист-сарапшы салауатты тамақтану мәселесінде ТМД елдерінің бірқатары ілгерлеп кеткенін тілге тиек етіп отыр.

"Көріп отырғандарыңыздай, Украина, Беларусь, Армения елдерінде себетке енетін азық-түліктердің грамы әлдеқайда артық. Бұл енді осы аталмыш елдердің салауатты тамақтану жүйесіне кірігіп келе жатқанын көрсетеді. Біз салауатты өмір сүру, адам капиталы туралы жиі айтамыз, бірақ адам капиталын дамытуға қатысты бірінші мәселе азық-түлік сапасы екеніне аса мән бермейміз. Сондықтан болашақта экономикасы дамыған, адам капиталы артқан ел болуымыз үшін де осы мәселелерге мән бергеніміз абзал. Халықты ашқұрсақ етуді доғару керек. Тіпті қайсыбір зерттеушілер арасында "әйелдер мен жасөсіпірім қыздар тамақты аз тұтынады, сондықтан олардың тамақтану мөлшері, грамы бұдан да аз болуы керек" дейтіндер бар. Ер адамдарға бөлек, әйел адамдарға бөлек, зейнеткерлерге бөлек, жасөспірімдерге бөлек күнкөріс себетін онсыз да есептеп жүрміз. Күнкөріс себетіне 43 түрлі тағам ену керек дейміз де, артынша олардың саны бар да сапасы жоқ болып шыға келеді. Бұл мәселеге мән беру керек. Шешімін табу керек" дейді Марал Тартенова.

Себетке 300 түрлі тағам түрін енгізген елдер де бар
Бізде күнкөріс себетіне 43 түрлі өнім түрі енсе, дамыған елдерде 300-ге жуық өнім түрі енеді екен. Ал Германияда себетке 475 өнім түрі кіреді. Ал француздардың күнкөріс себетіне шампанға дейін енсе, АҚШ – та күнкөріс себетінен кока-кола сусын да байқауға болады. Украинада күнкөріс себетіне қарапайым халықтың алатын киім-кешегіне дейін енген. Төмендегі инфографика осының дәлелі.

Күнкөріс себетін орташа жалақымен есептеген жөн
Байқағанымыздай, өзге елдердің күнкөріс себеті бойынша тұтынатын азық-түлігі молырақ. Ал біздің мамандар сол 43 түрлі өнімнің өзін тұтына алмайтын отбасылар бар екенін алға тартады.

"Қазір доллар бағамы өсуде. Инфляция көлемі де жыл сайын артып отыр. Осыған қарап өз басым, себетте көрсетілген 43 түрлі тағамды халық молынан тұтынып отыр деп айта алмаймын. Күнкөріс себетін сөз еткенде бір ғана мысал айтсақ, мысалы, бізде бір лимонның бағасы қазір 150 теңге, ал Қытайда бір лимон 15 теңге. Қазақстанда қымбат, Қытайда арзан. Сондықтан Қытайда күнкөріс себетіне енетін азық-түлік бағасы 300-ге жуықтайды. Демек, әр тоқсан сайын азық-түлік бағасының қымбаттап отырғанын ескеріп күнкөріс себетін қайта қарап шығу керек. Күнкөріс себеті қайта қаралғаннан кейін ең төменгі жалақыны өсіру керек болады. Мысалы бізде қазір ең төменгі жалақы 28 мың теңге, күнкөріс деңгейі де 28,85 теңге. Қарапайым халықтың тапқан табысы тек азық-түлік алуға, коммуналдық қызмет, жолақы төлеуден аспайды. Меніңше, күнкөріс себетін ең төменгі жалақымен емес, орташа жалақы мөлшерімен есептеген жөн. Ең төменгі жалақы мөлшері 100-120 мың теңгенің көлемінде болса, (қазіргі орташа жалақының мөлшері) күнкөріс себеті осыған қарап түзілсе адамдардың салауатты өмір сүруіне мүмкіндік ашылар еді", – дейді экономист-сарапшы Жұмаділда Баяхмет.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу