Моңғолдар Қазақстаннан темекі, тері бұйымдары мен астық тасып жүр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3938

Алдағы күзде Моңғолияға қазақстандық бизнестің үлкен делегациясы аттанатын болды.

Моңғолдар Қазақстаннан темекі, тері бұйымдары мен астық тасып жүр

Бұл "кәсіпкерлер десантына" кез келген бизнес өкілі қосыла алады. Сондықтан "Атамекен" ҰКП аталған елдің қарқынды өсуші нарығын игергісі және сауда-саттықты дамытқысы келетін барлық іскер жандарға хабарландыру жасап, өтініш беруге шақырды.

Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, Қазақстанның ресми сауда-экономикалық миссиясы биылғы 4 қазанда моңғолдар елінің қазіргі астанасы Улан-Баторға бет қояды. Бұл миссияға қатысуға барлық қазақстандық кәсіпкерлер шақырылады.  

"Бұл іс-шараның мақсаты – қазақстандық және моңғол кәсіпкерлері арасындағы сауда қатынастарын дамыту болып табылады. Бұған қоса, алдымызда екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды орнату міндеті тұр. Миссия бағдарламасына сәйкес, біздің бизнесмендер арнайы ұйымдастырылатын ірі сауда-экономикалық форумға қатысады. Сонымен қатар Улан-Батордағы мемлекеттік билік органдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ Моңғолия кәсіпорындарының және ұйымдарының өкілдерімен іскерлік жүздесулер мен келіссөздер өтеді", – деп түсіндірді "Атамекен" КҰП.

Моңғолияға іскерлік сапарға қатысу үшін отандық кәсіпорын мекенжайы арқылы тіркелу формасын толтыруға тиіс.

Бұл ірі миссияны ұйымдастыру жұмыстарына кәсіпкерлер палатасы сыртында, Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы және Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы жұмылып отыр.

Айта кету керек, кезінде Моңғолияның қазіргі нарығы әлемдегі көптеген елдердің, соның ішінде әсіресе, Ресей мен Қытайдың қызығушылығын тудыруда. Бұл ретте Моңғолияның экономикалық қарқыны Қазақстаннан да жоғары. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жыл басынан бері тек 4 пайызға ғана өсті. Ал Моңғолияның ЖІӨ-сінің өсімі 6,1%-ды құраған. Сарапшылардың айтуынша, бұған ол ҚХР-мен сауда көлемін өрістету арқылы қол жеткізіпті.

Солтүстік көршіміз де бұл нарықты ен жайлауға құлықты, бірақ қаражатына қарайлауда. Мәселен, РФ қаржы министрлігі Моңғолияның Ресейден кредит қаражат құюын сұрағанын мәлімдейді. Ресейлік кәсіпорындарды сонау кеңес кезінде салынып, қазір көнерген жылу-электр стансаларын жаңғырту жобасы, Улан-Баторды айналып өтетін темір жол айналма жолының құрылысы, оқу-жаттығу ұшақтарын құрастыру секілді бірнеше бағыттағы бірқатар жобалар қызықтырып отыр. Қазір санкциядан сансыраған Ресейді айналып өту үшін қазақстандық кәсіпкерлердің мүмкіндігі бар.

Оның үстіне Ресей мен Моңғолия арасында келіспеушіліктер де жетерлік. Мәселен, моңғолдар Селенга өзенінде бірнеше су электр стансасын, атап айтқанда, 245 МВт-тық "Шурэн ГЭС"-ін, 315 МВт-тық "Эгийн-гол ГЭС"-ін, 100 МВт-тық "Орхон ГЭС"-ін және 25 МВт-тық "Чаргайт ГЭС"-ін тұрғызуға білек сыбана кірісуде. Ал Ресей тарапы бұл жоба Байкал көліндегі түрке, сиг және бекіре балықтарының азайып кетуіне соқтыратынына алаңдап, наразы болуда.

Ал Қазақстан мен Моңғолия өзара шешілмеген саяси һәм экономикалық күрмеулі проблемалардан ада. Демек, қазіргі кезде өзара байланыстар тек беки беруі қажет.  

"Біздің бірлескен жұмысымыз екі елге де пайдалы боларына еш күмәнданбаймыз! Қазақстан мен Моңғолия жаһандық мұхиттар мен теңіздерге тікелей шыға алмайды. Жағдайлары ұқсас. Біз қандай салаларда тиімді өзара әрекеттестікті жолға қойған жөн екендігін анықтап, егжей-тегжейлі талқылауымыз керек", – дейді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Ол Қазақстанның әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі, органикалық таза өнімдерді шығару секілді салаларда серіктесуге құлықты екенін айтты.

Бұл ретте дәл қазір бизнес әріптестікті жолға қою үшін жақсы шақ туып отыр. Себебі, Моңғолия бүгінде инвестицияға зәру. Бұл елдің басшылығы халықаралық қауымдастықтарға үндеу тастап, экономиканы тұрақтандыруға жәрдемдесуді сұрады.

Қазіргі кезде екі ел арасындағы өзара тауарайналым 2017 жыл қорытындысында небары 75 миллион долларды құрады. 2016 жылы 77,9 миллион межесінде болған. Яғни, әзірге кері кетіп, құлдырауда. Бұл жағдайды түзетуге ресми сауда-экономикалық миссия ықпал етпек.

Оның үстіне, өзара сауда-саттық көлемі азайғанымен, еліміздің Моңғолияға экспорты артқан: қазіргі кезде өзара тауарайналымның 95 пайызы қазақстандық экспорттың үлесінде.

Бүгінде моңғолдар бізден темекі және темекіні алмастырғыш өнімдерді, теріден жасалған бұйымдарды, эфир майларын, астықты тасиды. Ал біз бұл елден баспа өнімдерін, мата бұйымдарын, мал және оның өнімдерін тасымалдаймыз.

"Бұл тауарайналым көлемі екі елдің әлеуетіне жауап бермейді. Өзара сауда көлемдерін арттыру мақсатында қазақстандық тарап Моңғолияға жеткізуге дайын "перспективті өнімдер тізімін" тапсырады. Сонымен бірге, ел үкіметі Моңғолияға табиғи газ, мұнай өнімдерін, жеңіл көліктерді, астықты және темекі өнімдерін жеткізу ауқымын арттыруды ұсынады", – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.

Бұдан бөлек, оның мәліметінше, жуырда "Астана – Улан-Батор" бағыты бойынша әуе қатынасын ашу мәселесі де шешіледі деп жоспарлануда. Бұл да өзара алыс-беріс пен барыс-келіске оң серпін беруі тиіс.

Мәселен, "Азия Авто Қазақстан" секілді отандық көлік құрастырушылар Моңғолияны "нысаналы, мақсатты нарықтар" қатарында танып, оның нарығына өз жаңа өнімдерін шығаруға ниетті.

Бірақ тәжірибелі бизнесмендер өз әріптестеріне бұл жолда кездесуі мүмкін қиыншылықтар туралы ескертеді.

Мәселен, екі елдің арасында өзара түйісетін ортақ шекара болмағандықтан, Ресей арқылы тасығанда, мәселен, Иркутск қаласында жүктерді бір жүк көлігінен екіншісіне қайта тиеу қажет болатын көрінеді, соның барысында тауар бүлінуі не бұзылуы ықтимал көрінеді. Сондықтан қайта тиек кезінде отандық кәсіпкердің бір өкілі сонда болғаны және барлық процесті бастан-аяқ қадағалағаны абзал екен.

Бұдан басқа, Моңғолияда темір жол вагондарын табу күрделі деседі, себебі, олар онсыз да аз. Сондықтан бұл тасымал құрамын ресейлік вагон иелері арасынан қосымша іздеуге кеңес беріледі. 

Тағы бір мысал: егер Ақмола облысының Ақмол ауылындағы кәсіпкер моңғолдарға жұмыртқа жеткізгісі келсе, оған "Ақмол ауылы – Булаево (Қазақстан) – Омбы облысындағы Охровка (РФ) – Селенгинск (Бурятия, РФ) – Дархан (Моңғолия) – Улан-Батор" бағытында 4 мың 174 шақырымды басып өтуге тура келеді. Бұған алты тәулік кететіні мәлім болды. Ал елордалық белгілі астық фирмасы макарон және басқа да өнімдерін жеткізгісі келсе, "Астана – Құрқамыс стансасы (Қазақстан) – Кулунда (РФ) – Наушки стансасы (РФ) – Дархан (Моңғолия) – Улан-Батор" бағыты бойынша 4 038 шақырымды темір жол көлігімен 11 күн ішінде басып өтпек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу