Өндірушілер өңдеушіні тағы шаң қаптырды

Үкімет шағын және орта бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандыруды ілгерілеткенімен, өңдеу өнеркәсібінде күн көріп жүрген қазақстандықтар саны жыл сайын кемуде.  

10 Маусым 2018 12:37 Автор: Жанат Ардақ
Өндірушілер өңдеушіні тағы шаң қаптырды, экономика, жұмысшылар тізімі, өнеркәсіп секторлары, Үкімет

Сондай-ақ еліміздің жаһандық нарықтарда сататын тауарлары мен табатын табысы да Қазақстанның шикізатқа тәуелді болып қалып отырғанын көрсетіп отыр.

«Қазақстандық индустриялық даму институты» ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің, қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің және ұлттық банктің ресми мәліметтерін пайдалана отырып, 2018 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы экономиканың негізгі көрсеткіштерін талдап шықты.

Бұл қызықты құжатта мәселен, әр сала мен өндірісте еңбек етіп жатқан жұмысшылардың тізімдік саны келтірілген.

Оған жүгінсек, 2011 жылы өңдеу өнеркәсібінде 386 мың 673 адам нәпақасын тапқан. Келесі жылы олардың саны 359 мың 836-ға дейін құлдырапты. Ары қарай төмендеу жалғасқан: 2013 жылы – 358 мың 84, 2014 жылы – 351 мың 357, 2015 жылы – 318 мың 100, 2016 жылы – 303 мың 534, 2017 жылы 297 мың 400 адам. Бүгінде бұл көрсеткіш сәл де болса жақсарған және 301,3 мың адамды құрайды. Бірақ бәрібір екі жыл бұрынғы деңгейіне де шыға алмай отыр.

Отандық шикізат, яғни тау-кен өнеркәсібі және кенорындарын игеру саласында қазіргі кезде 196,8 мың адам жұмыс істейді (2011 жылы 187 мыңдай болған). Бұл өңдеуші өнеркәсіптегіден әлдеқайда аз, алайда әкелетін табысы көп. 2017 жыл қорытындысында өндіруші өнеркәсіп 11 триллион 757 миллиард 554 мың теңгенің өнімін шығарған.

Ал өңдеуші өнеркәсіптің өндіріс көлемі былтыр 9 триллион 156 миллиард 309 мың теңге ғана болды.

Биылғы жыл басынан бері шикізат өндірісі экономикаға 4 триллион 677,2 миллиард теңге табыс құйған, бұл 2017 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда, 1 триллионға жуыққа (944 млрд теңгеге) көп. Ал өңдеуші өнеркәсіптің осы жылғы төрт айдағы табысы 3 триллион 251,2 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегіден жарты триллионға (508,1 млрд теңгеге) жоғары.

Егер тарата айтсақ, жыл басынан бері шикі мұнай мен табиғи газды сатудан кәсіпорындарға 3 трлн 839,3 млрд теңге түскен, сөйтіп, табыс ағыны 2017 жылдың төрт айындағыдан 819,5 миллиардқа артты. Екінші орында метал кендерін өндіру секторы тұр: 445,5 миллиард теңге кіріс көріп, онысын 86 миллиардқа көбейткен. «Үштікті» тау-кен өндірісінің басқа салалары тұйықтайды: олардың жиынтық табысы 218,1 миллиард теңгеге жетті және 21,9 миллиардқа ұлғайды.

Көмір және лигнит өндірісі саласы стагнация кезеңін өткеруде: жыл басынан бері 97 млрд 955 млн теңгенің шикізаты өндірілген, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегіден 8 миллиард теңгеге аз.

Ал өңдеуші сектордағы сөзсіз көшбасшы – құрамына қара металлургия, асыл және түсті металдар, метал құю, дайын метал өнімдерін шығару кіретін «металлургиялық өнеркәсіп» болып табылады. Бұлардың өнімі шикізат түрінде өткізілмей, сәл де болса өңдеуді қажет ететіндіктен, шенеуніктер оны да өңдеуші өнеркәсіп қатарына жатқызады. Осыған балама мысал ретінде шенеуніктердің газды да жел, күн сияқты жаңғыратын энергия көздері (ЖЭК) кіретін «жасыл» энергетика қатарына қосатынын айтуға болады.

Сонымен, металлургиялық өнеркәсіп жыл басынан бері 1 триллион 515,2 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл 2017 жылғы төрт айдағыдан 217,5 млрд теңгеге артық.

Өңдеу өнеркәсібінде екінші орында «тамақ өндірісі» тұр: оның өндіріс көлемі 2017 жыл басындағы көрсеткіштеріне қарағанда 56 миллиард теңгеге артып, биыл 502,3 миллиард теңгеге жетті.

Егер тарата айтсақ, соның ішінде ет өнімдерін жасаудан және етті консервілеуден биылғы төрт айда 71,3 млрд теңге (өсімі 8,9 млрд), балықтарды, шаян тәріздестерді, моллюскілерді өңдеу және консервілеуден 8,3 млрд теңге (2,9 млрд), жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеуден 25,8 млрд теңге (1,5 млрд), өсімдік майын, сары және басқа да май түрлері өндірісінен 44,6 миллиард теңге (5,4 млрд), сүт өнімдері өндірісінен 81,6 млрд теңге (15,2 млрд), нан және ұн өнімдері өндірісінен 66,8 миллиард теңге (өсім 7,1 млрд) кіріс түскен.

Өңдеу өнеркәсібінде «машина жасау» саласы 305,5 миллиард теңге өндірісімен және 39 млрд 660 миллион теңге өсімімен тек үшінші орынды иеленеді. Бұл сектор да әралуандылығымен қызықты. Атап айтқанда, оның құрамына қосылған «машиналар мен жабдықтарды орнату және жөндеу» саласының биылғы табысы 148 млрд теңгені (өсім – 35,9 млрд теңге) құрады, автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді жасау секторының бұл көрсеткіші 52,8 млрд теңге (өсім 23,9 млрд), электр жабдықтары өндірісінде – 35,6 млрд теңге (51 млн теңгеге кеміген), компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер жасауда – 13,6 миллиард теңге (өсім 4,2 млрд), жиһаз өндірісі 13,9 миллиард теңге (өсімі 1 млрд 797 млн) болды.

Өзге өңдеуші өнеркәсіп секторларына тоқталсақ, жыл басынан бері елімізде 97,3 миллиард теңгеге сусын өнімдері шығарылған, бұл былтырғы жылғыдан 19,1 млрд теңгеге көп. 

Алым-салық, акциздерінің жыл сайын көтеріліп жатуы темекі бұйымдары өндірісіне еш кедергі келтірмейтіні байқалуда: биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан 23,1 миллиард теңгенің темекі өнімдерін шығарып, табысын 2,4 миллиардқа арттырған.

Ал тоқыма бұйымдары, киім-кешек, тері өнімдері кіретін «жеңіл өнеркәсіптің» көрсеткіші биыл да ауыз толтырып айтарлық емес: төрт айдағы жиынтықты өндіріс көлемі небары 26,9 миллиард теңгені (өсім 3 млрд) құрады.

Қазақстанды бірнеше жылдан бері бензин мен дизель тапшылығы титықтатып келеді. Бұл саладағы таратушы компаниялар кейде жеткілікті көлемде өнім жеткізілмегендіктен, жұмысы дағдарып жатады. Бірақ бұл мұнай өңдеуші зауыттардың табысына еш кері әсер етпепті, қайта олар баю үстінде. Ағымдағы жылғы төрт айда ірі және ұсақ МӨЗ-дер мұнай өнімдерін өңдеуден 273,9 миллиард теңге табыс тауып, онысын 53,2 миллиардқа ұлғайтқан.

Тұтастай алғанда, барлық өнеркәсіптер 2018 жылғы қаңтар-сәуір аралығында 8,68 триллион теңгенің өнімін өндірген. Сөйтіп, табысын 2017 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 5,1%-ға арттырды.

Егер әр өндірістегі жұмысшылардың тізімдік санына келсек, «баспа ісі және дыбыс жазу саласында» 1,6 мың адам, темекі өндірісінде 1,3 мың адам, «компьютер, электронды және оптикалық өнім өндірісінде» 1,2 мың адам, тері өнімдері өндісінде 1,1 мың адам ғана еңбек етуде. Ал «бастапқы өңдеу арқылы болат бұйымдарын жасауда» 900, «жиһаздан басқа ағаш өнімдерін, өру және сабан талы материалдарынан бұйымдар жасау» кәсібінде небары 200-дей жұмысшы қалыпты. 

Үкімет әдетте, тұрғындарының саны тым кеміп кеткен қала-кенттердің мәртебесін төмендетіп, ал ауылдарды жауып тастайтыны мәлім. Кәсіп иелері азшылықта қалған салалар солардың кебін құшпауы, қайта қолдау көруі маңызды.

Жанат Ардақ