Санкциядағы Ресейді құтқаратын сақтандыру компаниясын құру Қазақстанға керек пе?

3489

Сарапшылардың айтуынша, әлемнің қайта сақтандыру нарығынан шеттетілген РФ Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндігін пайдаланады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Санкциядағы Ресейді құтқаратын сақтандыру компаниясын құру Қазақстанға керек пе? Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Парламенті "Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді" ратификациялады. Алда тиісті заң жобасына Мемлекет басшысы қол қояды. "Коммерсантъ" басылымының мәліметінше, бұл келісімнің тезірек бекітілуін Еуразиялық одақ, дәлірек айтқанда, Мәскеу сұрап, одаққа мүше елдерді асықтырды.

Мәжіліс пен Сенаттағы талқылаулар кезінде баяндамашылар бұл туралы ауыз ашқан жоқ. Оның орнына Еуразиялық одақтың 2022 жылғы 20 қазанда Ереван қаласында қол қойылған осы келісімінің республикамызға пайдасына көбірек екпін түсірілді.  

Мысалы, сенатор Серік Шайдаровтың айтуынша, келісім жаңадан құрылып жатқан Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының (ЕҚСК немесе ЕҚК деп те айтылады) мақсаттарын, мәртебесін және міндеттерін айқындайды.

"Аталған компания бірқатар мәселелерді шешуге көмектесу үшін құрылған: біріншіден, елдеріміздің өзара сауда және инвестициялар көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Екіншіден, компанияға қатысушы мемлекеттер арасындағы экономикалық интеграцияны дамытады. Үшіншіден, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және қатысушы мемлекеттердің үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге үлес қосады", – деді Сенат баяндамашысы С.Шайдаров.

Еуразиялық одақтың аясында осындай одақтық жаңа институттың дәл батыстық санкциялар күш алған кезде құрылуы қазақстандық сарапшылар арасында пікірталас туғызды.

Бұған одақтың ұлтүстілік басты органы саналатын Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) сауда жөніндегі министрі, ресейлік мемлекеттік қайраткер Андрей Слепнев түсініктеме берді. Ол еуразиялық кеңістіктің өз ішінде қайта сақтандыру жобасын жүзеге асыру идеясын Украинадағы кең ауқымды соғысқа, яғни 2022 жылға дейін қолға алғандарын жеткізді. Бірақ оған соғысқа және кең ауқымды санкцияларға дейін алып бара жатқандай үлкен қажеттілік болмапты.

"Мұның мәнісі сол, қайта сақтандырушы компания (ЕҚСК) ұлттық экспорттық агенттіктердің ісін толықтырады, өңірлік нарықтарға терең талдай жасай отырып, қосымша сақтандыру өтемін қамтамасыз етеді. Жасыратыны жоқ, тіпті санкциялық шектеулерге дейін де Беларустен Ресейге, Ресейден Қазақстанға экспорттық жеткізілімдер кезінде шетелдік фирмалардың қайта сақтандыруы қымбатқа түсетін, котировкалары жоғары болып келді. Себебі, Батыс нарықтары Ресейді үшінші, тіпті төртінші тәуекел санатына жатқызды. Салдарынан бұл тарифтердің еселеп өсуіне соқтырды. Құрылып отырған ұлтүстілік қайта сақтандырушы құрылым бізге тәуекелмен өзімізше жұмыс істеуге, қалауымызша реттеуге мүмкіндік береді", – деді А.Слепнев.

Оның түсіндіруінше, ЕҚСК қатысушылары – компаниялар емес, одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері болады. Тиісінше, бұл компанияның жарғылық капиталын солар ұлттық бюджеттерінен толтырып отырады.

"Яғни, осы арқылы шығындарды азайту үшін біз қосымша ресурсқа қол жеткіземіз. Бұл компанияның жұмысы бүгінде үлкен қарқынмен өсіп жатқан одақішілік саудаға қызмет көрсетуге шоғырланады. Сонымен бірге, қалыптасқан ағымдағы жағдайға байланысты оның жаңа міндеті пайда болды: ЕҚСК алыс шетелге экспорттық жеткізілімдеріміз кезінде туындайтын тәуекелдерді қайта сақтандырумен айналысып, өтемақы ұсынатын болады", – деді ЕЭК сауда жөніндегі министрі.

Ол бұған қажетті капитал бекітілгенін хабарлады: бүгінде ол сома 15 миллиард Ресей рублін құрайды. Одақ елдері ЕҚСК-ға екі жылға есептелген осы соманы жинап беруі керек. Ары қарай ахуалды, сондай-ақ компанияның жұмыс тиімділігін, қаражатқа деген қажеттілігін талдай келе, одақ компания капиталының көлемін арттыру не бұрынғы деңгейде қалдыру жөнінде шешім қабылдайды.

Андрей Слепневтің айтуынша, ресейлік ірі компаниялар одақты құруға асықтырып жатқан көрінеді.

"Коммерсантъ" журналисті мұның "санкциялық қатері" туралы сұрастырды. Өйткені әсіресе, Қазақстан Батыстың қайталама санкцияларына түсіп қалудан қорқады. Бірақ одақтың Ресей тағайындаған сауда министрі бұл сұраққа тура жауап беруден жалтарды.

"Бұл компания басқа құрылымдар сияқты жұмыс істеуге тиіс. Ол тәуекелдерді өз бетінше, өз әріптестерімен бірге бағалайды және соған сәйкес өз жұмысын түзетін болады", – деп қысқа қайырды Андрей Слепнев.

Reuters анықтағандай, 2023 жылдан бері әлемдік ірі қайта сақтандырушы компаниялар Ресей және Беларусті сақтандыру полисіне қосудан бас тартты. Яғни, енді олар бұл елдермен істес болғысы келмейді. Еуразиялық қайта сақтандырушы компания соларды алмастыратынға ұқсайды.

Осылайша, бұл екі елден сақтандырушылар да, қайта сақтандырушылар да теріс айналды.

"Сақтандырушылардың тәуекелдерін сақтандыратын компаниялар бұдан былай өз полистеріне Ресей, Беларусті қоспайтын болады. Бұдан бұрын Ресейдің және Беларустің әскери тәуекелдерін сақтандырудан әлемнің жетекші сақтандыру компаниялары да бас тартқан еді. Gallagher Re International компаниясының басшысы Джек Викерстің айтуынша, қарулы қақтығыстың тым ұзаққа созылып кетуі аясында нарықтың көптеген қатысушыларында бұл елдерді қамтитын сақтандыруды рәсімдеуде салмақты қиыншылықтар туындады. Қайта сақтандырушылар бұл елдерге қатысты полистерге қол қойғысы келмейді, салдарынан сақтандырушылар өз тәуекелдерін кепілдендіру мүмкіндігінен айрылады. Сол себепті олар осынау тұрақсыз нарықта жұмыс істеуге бел бумауға ұйғарды", – деп хабарлады Reuters.

Reuters әсіресе, Мәскеудің болжап болмайтын тосын қадамдары нарық қатысушыларын үркіткенін еске салды. Мәселен, Ресей шетелдік ірі компаниялардан лизингке алған ұшақтарды қайтарудан бас тартып, оларды заңсыз меншіктеп алды. Салдарынан сол әуе көліктерін сақтандырушылар, қайта сақтандырушылар қып-қызыл шығынға отырды.

Мәскеу өзіндегі шетелдік компанияларды "национализациялауда". Мысалы, биылғы шілдеде франциялық Danone компаниясын тартып алды. Шешенстан басшысының ағайыны, Грозныйдың бұрынғы мэрі Ибрагим (Якуб) Закриев компанияның жаңа қожайыны атанды.

Мұндай тәуекелдер Қазақстанды қорқытпайтын сияқты.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев ЕҚСК Қазақстанның шетелге экспортын сақтандырумен айналысатын "KazakhExport"-қа көмекке келетінін білдірді. Тек еуразиялық компания Ресей мен Беларуське қатысты ғана қызмет көрсетпек.

"Негізгі мақсат – Қазақстанның экспортын ұлғайту. Қазіргі кезде барлық экспорттық операцияларды "KazakhExport" компаниясы сақтандырады. Өнімін экспортқа шығаратын кезде компаниялар осы "KazakhExport" қолдау құралдарына жүгінеді. Алайда "KazakhExport" компаниясының қаржы құралдары шектеулі. Сондықтан компания өз тәуекелдерін Англиядағы, Швейцариядағы және басқа мемлекеттердегі халықаралық компанияларда қайта сақтандырып отыр. Бірақ Украинада соғыс басталғалы, бұл компаниялар Ресейге тасымалданатын тауарларды сақтандырудан бас тартты. Салдарынан бүгінде тәуекелдердің 40% үлесі "KazakhExport"-тың өз мойнына түсуде. Бұл 40% тәуекел тегіс Ресеймен байланысты. Сондықтан Ресей, Беларусь елдерімен сауданы ұлғайту үшін бұл тәуекелді қайта сақтандыру мақсатында осы одақтық компания құрылуда. Қайта сақтандыру Ресей, Беларусь елдеріне қолданылатын болады", – деді вице-министр Қайрат Төребаев.

Ресейдің өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының (РСПП) вице-президенті Александр Мурычев "Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын" құру ең алдымен Ресейге керегін растады.

"Қазақстан үшін бәлкім, бұл өткір мәселе емес шығар, бірақ ресейлік бизнес үшін бұл жоба төтенше қажет, өте көкейкесті. Өйткені бізді (Ресейді) Батыс нарықтары өзінің қайта сақтандыру аясынан іс жүзінде шығарып тастады. Бұл ресейлік бизнестің еңсесіз қатты езіп жатыр", – деді Александр Мурычев.

Ал "Российский экспортный центр" АҚ аға вице-президенті Никита Гусаков ЕҚСК құруға санкциялық қысым ықпал еткенін жасырмады.

Яғни, басқаша айтқанда, Мәскеу көршісіне басып кірмегенде, оған қажеттілік те болмайтын ба еді?

"Бұл жобаның қарастырылғанына бірнеше жыл болды. Содан бері әлемде ахуал өзгеріп кетті. Ағымдағы геосаяси жағдайда ЕҚСК Ресей үшін жай ғана маңызды емес, өмірлік маңызды жоба. Біз оны қолға алғанда қайта сақтандыру нарығына қатысты сонша қиындық жоқ еді. Біздің бәріміз өзге елдердің экспорттық агенттіктерімен ынтымақтасып, қайта сақтандыру бағытында бірлесе жұмыс істейтінбіз. Өкінішке қарай, санкциялар кесірінен қайта сақтандыру нарығы іс жүзінде Ресей үшін жабылды. Беларусь те бұл салада тұйыққа тірелді. Әйтсе де, Қазақстан мен Арменияның қайта сақтандырылу мүмкіндігі бар", – деді Никита Гусаков.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі одақтық жаңа компанияға Қазақстан бюджетінен берілетін қаражат қайтарылмайтынын мәлім етті. Тек экспорттың артуы түрінде қайтарымы болуы мүмкін. 

"Инвестицияның қайтарымдылығы жөнінде айтсақ, "KazakhExport" компаниясының 40 пайыздық тәуекелі Ресей мен Беларусь елдеріне қатысты. Бірақ сақтандыру нарығында қиындықтар туындауда. Сондықтан бұл Ресей, Беларусь елдеріне экспортқа шығару үшін сақтандыруды өсіру мақсатында жасалып жатыр. Қазіргі кезде Қазақстанның Ресей, Беларусь елдеріне "сақтандыру сұранысы" 50 миллиард теңгеге жуық, ал ЕҚСК-ның жарғылық капиталындағы біздің үлесіміз – 15 миллиард. Осы компания құрылғаннан кейін біз 15 миллиардымызды толық пайдаланатын боламыз. Біріншіден, бұл қайтарымды ақша емес, ол осы одақтық компанияда қалады және біздің үлесіміз өседі. Екіншіден, әлеуметтік және инвестициялық қаражат ретінде компаниялардың жағдайын жақсартады", – деді Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қ.Төребаев.

Биылғы жыл ел Парламентінің осындай халықаралық құжаттарды көп ратификациялауымен ерекшеленетін түрі бар. Еуразиялық одақтың бюджетке түрлі шығыны да арта бастағаны байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу