Скабелка кеткеннен кейін "Барыс" қатарынан екінші кездесуде жеңіске жетті

950

Өз айдынында өткізген екінші матчта "Барыс" Мәскеудің "Динамосын" буллитте ұтты. 

Скабелка кеткеннен кейін "Барыс" қатарынан екінші кездесуде жеңіске жетті Фото: «Барыс» ХК

Максим Мусоровтың орнына Кирилл Савицкий командаға қайта оралды. Ал Эдвард Паскуале қақпадан орын алды. Кездесудің төртінші минутында "Барыс" есеп ашты. Роман Старченко қарсылас аймағында шайбаға иелік етіп, көк сызықтан Әділ Бекетаевқа пас шығарды. Нәтижесінде Бекетаев осы маусымдағы алғашқы голын соқты. Араға үш минут салып "Динамо" қарымта шабуыл ұйымдастырды. Ойыншылар басымдығын сәтті пайдаланған қонақтар сапынан Джордан Уил есепті теңестіріп кетті. Кезеңнің ортасында Райли Барбер алаң иелерінің қарымта шабуылына нүкте қойды. Осылайша елордалық ұжым алға шықты.

Екінші кезеңнің соңына қарай көрермендер соғылған тағы бір голдың куәсі болды. Бұл жолы мәскеуліктердің көшбасшысы Никита Гусев командасын жерге қаратқан жоқ. Кездесудің негізгі уақыты  2:2 есебімен аяқталып, овертаймға ұласты. Дегенмен командалар бір-бірінің осал тұстарын таба алмай, ойын буллитке жалғасты. Буллиттер сериясында айдын иелері дәлірек болып, үш соққыдан да мүлт кеткен жоқ.

 "Барыс" – "Динамо" Мәскеу 3:2 Б (2:1, 0:1, 0:0, 0:0, 1:0)

1:0 – 03:48 – Бекетаев (Старченко, Дания)

1:1 – 07:31 – Уил (Менелл, Гусев) ГБ

2:1 – 09:27 – Барбер (Оберг)

2:2 – 35:42 – Гусев (Мартынов, Миронов)

3:2 – 65:00 – Муратов Б

ҚақпашыларПаскуале – Коновалов

Айта кетейік, матч аяқтала салысымен қазақстандық хоккейші жағымсыз қылық көрсетіп, басы дауға қалды. "Барыс" клубының шабуылшысы Роман Старченко "Динамомен" өткен кездесудің соңында буллит соққан соң, мәскеулік командаға ортаңғы саусағын көрсетті. Оның нақты кімге бағытталғаны белгісіз. Ресейлік хоккей комментаторы Дмитрий Лукашов осы ым-ишараға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша бұл мәселені тәртіптік комиссия қарастыруы қажет.

Ал "Барыстың" бұрынғы баспасөз қызметкері Евгений Акманов елордалық команда капитанының жағымсыз қылығына қатысты пікір білдірді. Белгілі болғандай, Старченко ортаңғы саусағын бұрынғы әріптесі, қазір мәскеулік клубта ойнайтын Егор Петуховқа көрсеткен. Акмановтың айтуынша, бұл қимылда қарсыласқа құрметсіздік жоқ.

"Орынсыз әңгіме басталмас бұрын, мен жағдайды түсіндірейін. Роман мен Егор дос. Бұл әзіл немесе достық қимыл ретінде қарастырылуы керек. Егордың жаңа ұйымда жақсы жұмыс істеп жатқанына, ал Рома жарақаттан оралып, команда жеңіске жеткеніне қуанайық", - деп жазды Акманов әлеуметтік желіде. 

Естеріңізге салайық, 9 қазанда "Барыс" өз айдынында Челябинскінің "Тракторын" (2:1) жеңіп, Андрей Скабелка отставкаға кеткеннен кейін ҚХЛ-дағы бес ойындық жеңілістер сериясына нүкте қойған болатын. Енді 13 қазанда астаналықтар өз алаңында "Локомотивті" қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу