Тәжірибе банк акционерлеріне Ұлттық банк қатаң шешім қабылдауы мүмкін екенін көрсетті

18669

Үміт Шаяхметова AQR, тәуелсіз реттеуші және Ұлттық банктегі сабақтастық жайлы ой бөлісті.

Тәжірибе банк акционерлеріне Ұлттық банк қатаң шешім қабылдауы мүмкін екенін көрсетті

Бүгінде реттеуші ведомствоға қарағанда банк секторы тыныш. Ұлттық банкте басшы ауысып қана қойған жоқ, сонымен қатар жаңа басшы іске асырмақ болып отырған өзерістер нақты белгіленді. Реттеуші банк активтерінің сапасына тендер жүргізіп қана қоймай, қадағалаушы функцияларды жаңа тәуелсіз реттеушіге беру туралы заң жобасын жариялап та үлгерді. Бұл банктердің стресс-тестілеуге дайындығы, бұл процедураның бағасы және Ұлттық банктегі сабақтастық пен жаңа тәуелсіз реттеуші туралы көптеген сұрақтың туындауына алып келді. Халық банк басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметовамен тап осы жайлы әңгімелестік.

– Үміт Болатханқызы, бүгінде нарықта байқалып отырған трендтерге қандай баға бересіз?

– Банк секторының біршама тұрақты екенін көріп отырмыз. Ең үлкен өзгеріс, оның ішінде кадрлық өзгеріс Ұлттық банкте болды. Ақпан айының соңында реттеушіге жаңа басшы – Ерболат Досаев келді, сонымен қатар оның жаңа екі орынбасары тағайындалды. Бұл кадрлық тағайындауларға баға беру әзірге қиын, жаңа команданың қандай бастамалар ұсынатынын көреміз.

Қазіргі уақытта банк саласында өтімділік деңгейі бұрынғыша жоғары, Ұлттық банк әлі күнге дейін шамамен 4,6-4,7 трлн теңгені ноталар мен басқа да құралдар арқылы сатуда. Ал бұл несие берудің өспей отырғанын және I тоқсанның көрсеткіші оның тіпті қысқарғанын көрсетеді. Бұл әсіресе шағын және орта бизнеске, корпоративтік клиенттерге несие беруге әсер етті. Бұған маусымдық факторлар да себеп болуы мүмкін. Алайда заңды тұлғаларға несие беру төмендегенімен, тұтынушылық несие алу өсіп отыр. Тұтынушылық несие алудың өскені сонша, ол тіпті алаңдатушылық тудыруда. Халықтың қарыз жүктемесі өте жоғары, нарықта үнемі айналып жүретін 6 триллион теңгеге жуық қарыз берілген. Шын мәнісінде, халық несиеге батуда. Бұл ретте сатып алушылық қабілет өспейді. Бұл инфляцияның алғышарттары және бүгінгі жағдай реттеушіні, банкирлер мен Үкіметті ойландыруға тиіс.

Менің ойымша, Ұлттық банкте экономиканың өсуін ынталандыру бойынша жаңа мандаттың пайда болуы туралы шешім маңызды болып табылады. Шындығына келер болсақ, бұл Ұлттық банктің емес, Үкіметтің міндеті. Дегенмен, реттеуші мөлшерлемені төмендету арқылы несие беруді дамытуға тырысуда. Алайда Ұлттық банк реттеуге де мән беруі керек деп ойлаймын. Әрине, кейбір қадағалаушы нормалар несие беруге кедергі келтіріп отыр. Соңғы жылдары тәуекелге бағдарланған қадағалау бойынша заң аясында, сондай-ақ МСФО-9-ға қатысты қатайту болды. Мәселен, активтерді бағалау тәуекеліне қатысты мөлшерлеме өзгерді. Ұлттық банк кейбір талаптарды күшейтті, мысалы, келісімшарттарды, келешек ақша ағындарын кепілге алмайды, несиелерді толық қамтамасыз етуді талап етеді. Тек қадағалау ғана емес, сонымен қатар дамытумен айналысатын уақыт келді деп ойлаймын. Нарыққа реттеуде біршама жеңілдіктер керек. Қазіргі уақытта қадағалаудың негізгі принциптері тек тыйым салу мен шектеу қою, ал дамытуға қатысты ешқандай жаңа құрал жоқ. Жақында Ерболат Досаев Ұлттық банк хеджирлеу мәселесін шешіп, жылдық валюталық айырбастауды іске қосады деп уәде берді. Мұның өзі көңіл қуантады.

Несие беру саласындағы айқын және осы уақытқа дейін бірнеше рет айтылып келген фактілер туралы еске салып кетуге тура келеді. Елдің экономикасында мемлекеттің үлесі жоғары. Ол нақты бәсекелес нарыққа, "yellow pages секторға" шығуды жалғастыруда. Ол жақта компаниялар құрғанша, бұл салалардан шығу қажет деп есептеймін.

Сіз тұтынушылық несиелердің қаупі туралы мәселе көтердіңіз. Бұл мәселе рейтингтік агенттіктер мен кейбір қазақстандық сарапшылардың да сынына ұшырауда. Жағдай соншалықты қиын ба?

– Заңды тұлғалардың қарыз қоржыны төмендегендіктен, ойыншылар мұның орнын жеке тұлғаларға несие беруді өсіру арқылы толтырмақ болады. Алайда банктерден басқа халыққа шағын несие ұйымдары және онлайн-несие берушілер қарыз беретінін естен шығармау керек. Оның ішінде онлайн-несие берушілер жайы толық ашық емес, олардың көлемі, несие қоржыны жайлы ақпарат Несие бюросы арқылы толық өтпейді, яғни статистикада да толық көрсетілмейді. Реттеуші осындай ойыншыларға назар аударуға және оларды реттеуге тиіс. Алайда оларға толық тыйым салу керек демеймін.

Сонымен қатар халықтың осынау қарыз жүктемесі сатып алушылық қабілет төмендегенде өсіп отыр. Ресейде бұл көрсеткіш I тоқсанда 2,3%-ға төмендеген, ал Қазақстан бойынша инфляцияны есепке алатын болсақ, бұл көрсеткіш көңілден шықпасы анық. Жақында Үкімет 1 маусымнан бастап бюджет жұмыскерлерінің жалақысы 30%-ға өсетінін хабарлады. Ең бастысы, осы ақшалар несие төлеуге емес, ел ішіндегі экономика мен өндірістің өсуін қамтамасыз етуге кеткені жақсы.

Бөлшектік несие беру қауіпті, ал шағын және орта бизнес пен корпоративтік клиенттерді қаржыландыру өспей отыр ғой. Сонда банкирлер не істеуі керек және кімге несие береді?

– Бұл елдегі ойыншылар саны жайлы мәселе маңызды болып отырғанын көрсетеді. Егер экономика көрсеткіші төмендейтін болса, банктердің қысқаратыны айтпаса да түсінікті. Өйткені банктер – экономиканың айқын көрінісі. Елдің ішкі жалпы өнімінде банк секторының үлесі 40-50%-ға дейін жеткен кездерді білеміз. Ал бүгінде ол 23% шамасында және төмендеу жалғасуда.

Яғни біреу кету керек қой?

– Кейбір банктің нарықтан кететіні, сөзсіз. Ел экономикасы тұралап тұр, сондықтан ойыншылардың басым бөлігі үшін алаң қысқарады. Банктік емес жұмыспен айналысатындар, атап айтсақ сақтандыру, брокерлік компаниялардың да жағдайы мәз емес. Мысалы, сақтандыру нарығы өсім көрсете алмай отыр. Осының барлығы ерте ме, кеш пе банктер санының қысқаруына әкеледі.

Несие беруді өсірудің бір міндеті – саланы сауықтандыру болды. Ол іске асты ма? "Цеснабанкті" сауықтандыруға қарамастан, рейтингтік агенттіктер экономикадағы нашар несиелер үлесінің жоғары екенін айтып отыр. Олардың айтуынша, мұндай қарыздардың 20-25%-ы әлі күнге дейін банк қоржынына салмақ түсіруде.

– Рейтингтік агенттіктер бұл көрсеткіштерге NPL деңгейі және қайта құрылымдалған қарызды қосады. Әр банктің өтелмей отырған нашар несиелерінің нақты көлемін cash gap көрсеткіші көрсетеді деп ойлаймын, яғни аударылған пайыз бен алынған пайыз арасында алшақтық бар. Кей банктердің жағдайы мүлдем қиындағанын көріп отырмыз. Ал кейбірі жағымды көрсеткіш көрсетуде. Иә, қайта құрылымдалған қарыздар бар екені рас, бірақ клиенттер оны төлеп жатыр. Алдағы уақытта белгілі бір немесе қандай да бір қиындықтың туындауы мүмкін екенін көріп отырмыз. Мұндай банктердің акционерлері мен басшылары капиталдандыру мәселесін, даму стратегиясын өзгерту немесе стратегиялық инвесторды не болмаса бірігетін нысанды іздестіруге тиіс. Бұл проблема кез келген уақытта туындауы мүмкін. Соңғы жылдардың тәжірибесі банк акционерлеріне Ұлттық банк қатал шешім шығаруы мүмкін екенін нақты көрсетті. Сондықтан бұл капитал деңгейін арттыру, менеджментті күшейту, бизнес-моделді қайта құруға негіз болу керек.

Дегенмен, сауықтандыру бағдарламасы іске асты ма?

– Егер бағдарлама іске аспаған болса, онда үлкен қиындықтарға тап болып, тағы да бірнеше банктің дефольт болғанына куә болар едік. Ендігі сұрақ, әрі қарай не болады? Экономика тұралап тұрғанда банктерге өз қоржындарын сауықтандыру, сапалы несиелер беру, клиенттік базаны өсіру қиын. Акционерлерге банктерін дамыту үшін оңтайлы жолдарды іздеуге тура келеді. Кішкентай банктер шоғырлануға немесе қандай да бір ірі банкке сатылуға, тіпті шағын несие ұйымы ретінде құрылуға мәжбүр болады деп ойлаймын.

– Ірі банктерге сату жайлы сөз еттіңіз. Халық банк қазір шағын ойыншыны сатып алуға қызығушылық танытар ма еді?

– Жоқ, жоқ! Жақында бізге банк сатып алуды ұсынды, алайда ұсыныс бізді қызықтырмады.

Сонда біздің банктер ешкімді қызықтырмайтын болғаны ғой. Содан соң мемлекет оларға көмекесуге мәжбүр. Мемлекеттен көмек алып аман қалған кей банктерді банкрот деп тану салық төлеушілер үшін тиімдірек болар еді деп ойламайсыз ба?

– Менің ойымша, ірі, жүйелі банктерді банкрот ету қорқынышты. Бұл экономикаға әсер ету, қаржы жүйесіне сенім және басқа да факторларға қатысты мәселе. Банкрот болған жағдайда депозиторлар – жеке және заңды тұлғалар зардап шегеді. Есіңізде ме, біз Қазкомды сатып алатын кезде осы қаржы институтындағы жеке және заңды тұлғалардың депозиті 4,9 трлн теңге болғанын жария еткен болатынбыз, оның 2,45 трлн теңгесі халықтың жинағы, ал 2,5 трлн теңгесі ұлттық компаниялардың қаражаты. Тап сол кезде Қазком банкрот деп танылған болса, онда оның ауқымын Қазақстанның кепілдендірілген депозиттер қоры көтере алмай қалатын еді, Ал ұлттық копаниялар болса қаражаттарын жоғалтатын еді. Сондықтан проблемалық несиелер қорына БТА-ның 2,4 трлн теңге қарызын сатып алу сценарийі тиімдірек болды. Тіпті осы шығыстардың қоса алғанның өзінде Қазком күйрегеннен кейін, экономиканың шығын көргенінен гөрі бұл екі есе арзанға түсті.

Кішкентай банктерге қатысты банкрот деп тану процедурасын қолдануға болады деп есептеймін. Былтырғы жылғы үш банктің лицензиясын кері қайтарып алу туралы шешім дұрыс болды. Кейбір ойыншыларды да банкрот етіп тану дұрыс болар еді деп ойлаймын. Әйтпесе, халықтың банкті бағаламай жоғары пайызға алданып, жинаған ақшасын сол банкке салуға жүгіретін әдетке, яғни moral hazard-қа өзіміз үйрететін едік. Астана банкке қатысты жағдай кей салымшыларға сабақ болып, үлкен пайызға жүгіру қауіпті екенін түсінген болар деп ойлаймын. Оған қоса мемлекеттің осындай қамсыз адамдар үшін жауап беретінін алсақ, сараптауға ынта, қаржылық сауаттылығын арттыру деген түсінік мүлдем артта қалып отыр. Алайда мемлекеттің – кей адамдардың қатесі үшін шығын көретін салық төлеушілер, яғни біз екенін естен шығармаған жөн.

 Тап осындай жағдайды болдырмас үшін Ұлттық банк стресс-тестілеу жүргізбек қой…

– Мүмкін. Бірақ қазақстандық банктер үшін AQR жүргізу әлі ерте деп ойлаймын. Агенттіктердің рейтингтері нарықтың және жекелеген ойыншылардың қазіргі жайын нақты көрсетіп отыр. Егер Ұлттық банк AQR жүргізетін болып шешсе, онсыз да барлығы осыған келе жатыр, онда реттеуші 3,75 млрд теңгені қайда жұмсағаны туралы есеп беріп, әр банкке қатысты есепті тек рейтингтік агенттіктерге, халықаралық институттарға ғана емес, сонымен қатар қоғам алдында да беруге тура келеді. Ал бұл көрсеткіштерді көрген депозиторлар банктерден жылыстай бастай ма деп қорқамын. Мұның қалай тез іске асатынын көрдік. Бұл – бірінші тәуекел. Екіншісі, реттеушіде бұл ойыншылардың капиталын толықтыру бағдарламасы немесе банкрот деп тану сияқты нақты әрекет ету жоспары болуға тиіс. Егер нарықта сілкініс пайда болатын болса, онда оның арты жақсылыққа апармайды және бұл тек бір банкпен ғана шектелмейтіні анық...

 Стресс-тестілеудің 3,75 млрд теңге тұратыжайлы не ойлайсыз?

– Бұл бағаға қандай қызметтер кіретінін білмейміз. Сондай-ақ бағалау жүргізілетін банктер санының қанша болатыны да әзірге белгісіз. 14 және 18 институт деген сөз болған. Дайындықсыз істелетін шаруа үшін адекватты баға шығар, егер бұған банктердің аудиті қосылған болса, тіпті жетпей да қалуы мүмкін.

Елімізде тәуекелге бағдарланған қадағалаудың жүріп жатқанына төрт айдың жүзі болды. Оны сезіне бастадыңыз ба?

– Жоқ әлі. Ұлттық банкте осы қадағалаумен айналысатын бөлімше әлі құрылған жоқ, сондай-ақ алқалық орган да жоқ. Бұған Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы өкілін қосу мәселесі қарастырылуда. Бұл жалпы жақсы идея. Бұған қосымша белгілі бір заңға тәуелді актілер әзірленіп, инфрақұрылым жасалу керек. Сол себепті жаңа қадағалау қолданылмай отыр. Алайда бұл бір жыл бойы дайындалып, маусым айында тәуекелге-бағдарланған тәсілге көшу мақұлданған болатын. Қаңтардан бастап жұмыс істей бастады, ал бірақ іс жүзінде ештеңе дайын емес.

Енді тәуекелге бағдарланған қадағалауды жаңа реттеуші іске асыратын сияқты… Жақында Ұлттық банк міндеттерді бөлуді және елдегі қаржы секторын қадағалаумен және реттеумен айналысатын агенттік құруды ұсынатын заң жобасын таныстырды. Алдын ала болжам бойынша бұған республикалық бюджеттен жыл сайын 10 млрд теңге бөлінетін болады. Осыған қандай баға бересіз?

– Ұлттық банк бүгінгі күні – өзіне көп міндеттеме алған үлкен реттеуші. Кейде ол мүдделердің қақтығысын ақша-несие және монетарлық саясаттың пайдасы үшін пайдаланып, реттеуге зиян келтіріп жатады. Ақыр-соңында мұндай нәтиже банктерге жағымсыз әсер етеді де, ал Ұлттық банкке жағымды болып жатады. Бірақ өздеріңіз білесіздер, мәселенің түп-төркіні ұсақ нәрселерге мән беруде. Бұл – бюджет және есеп берушілік. Заң жобасында реттеуші республикалық бюджеттен қаржыландырылатыны және тікелей Президентке бағынатыны айтылған. Бұл жақсы. Агенттікте жоғары деңгейдегі кәсіпқой мамандар жұмыс істеу керек, ал олардың жалақысы АХҚО-дан төмен болмау керек. Сонда ғана банктердің проблемаларын қорғау болмайды. Егер агенттікті тағы шағын бюджетпен, кімге бағынатыны белгісіз етіп құратын болса, онда қадағалауды Ұлттық банкке қалдырған дұрыс.

 Сонымен қатар нарықта Ұлттық банктің Нұр-Сұлтанға көшуі туралы ақпарат қызу талқылануда. Бұл ойыншыларға қалай әсер етеді?

– Ұлттық банкке келген әрбір жаңа басшы осы мәселені көтерген. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыны еліміздің қаржылық, мәдени, білім беру және бизнес орталығы ретінде сақтап қалуды бірнеше рет шегелеп айтқан болатын. Көшуге қатысты шешімнің салдары қандай болатынын бағалау қажет. Өйткені ол қаланың геосаясатына, экономикасы мен әлеуметтік өміріне әсер етеді. Мұндай қадам Алматының дүбәралануына әкелуі мүмкін. Егер Ұлттық банк немесе тәуелсіз реттеуші көшетін болса, оның артынша банктер мен бизнеске де көшу керек болады. Қаланың кірістері түседі, ал Алматы бюджетіне түсетін түсімнің 85%-ы шағын және орта бизнеспен пен қаржы секторының салықтары. Алматы – еліміздің экономикасы үшін өте оңды үлгі дегенді үнемі айтамын. Бұл жерде мұнай, металл жоқ, бірақ кезінде мемлекеттік бюджетке 20%-ға дейін кіріс әкелген үлкен қала.

Кейінгі жылдары Ұлттық банк бір-біріне қайшы келетін шешімдер қабылдауда. Оның жұмысында өзара сабақтастық жоқ сияқты болып көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Дәулет Хамитұлы Сембаев басқарған кезден бастап, Ұлттық банк сабақтастықтың негізі болған институт болды. Біздер, нарыққа қатысушылар ретінде ойын ережесін жақсы түсініп, сол бойынша жұмыс істеп, өзіміздің бизнес-үлгімізді жасадық. Бәлкім, экономикадан гөрі саясатпен көбірек айналысқың келген кезде осындай шешімдер қабылданып, реттеушіге қатысты осындай сұрақтар туындайтын шығар.

Биылғы жылдың жазында Қазкомды сатып алғандарыңызға және екі ірі қаржы институтының біріккеніне екі жыл болады. Осы сатып алуға қандай баға бересіз? Қазір осындай келісім жасауға келісер ме едіңіз?

– Көптеген банкирлер біздің соңғы бес жылда жасаған M&A келісімдерімізді өмірі жасамаған шығар деп ойлаймын. Бұл – HSBC-тен еншілес банкті сатып алу. Үлкен жаһандық ойыншыдан банк сатып алу оңай емес. Бұл келісімді мақұлдау үшін қажетті талаптарға сай болу керек болды. Altyn Bank-ты қытайлық CITIC Bank-ке сату өте қиын, бірақ қызықты сату болды. Бұл жерде мүлдем басқа ерекшелік, басқа заңанама, аудит, қаржылық есептілік те қытайлық стандарт бойынша болды.

Қазкомға қатысты келісім – көптеген тарап, оның ішінде Үкімет, Ұлттық банк, "Самұрық-Қазына", бұрынғы және қазіргі акционерлер қатысқан ерекше жағдай болды. Ауқымы бойынша алып қарайтын болсақ, әрине, бұл келісімге ештеңе тең келмейді, ол өте күрделі және мұқият жасалды, сонымен қатар қызықты болды. Бізді екі шетелдік ірі заң компаниясы алып жүрді. Көптеген халықаралық агенттіктер бұл келісімді бизнес-кейс ретінде білім беру бағдарламаларына қосты. Мен мұндай келісімге қатысудан бас тартпаймын және өз мансабымда осындай тәжірибе алғым келеді. Бірақ эмоционалдық және жеке бас тұрғысынан алып қарайтын болсақ, бұл келісім, әрине, бізден үлкен жұмысты талап етті. Бізге өте қиын шешімдер қабылдауға, үлкен жауапкершілікті алуға тура келді. Әсіресе, барлық командаға бірігу қиын болды. Енді біздің міндетіміз цифрлық банктің үлесін ұлғайту және ол үшін барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар. Биыл біз өзімізді сенімді сезініп, технологиялар, жаңа шешімдер, қызметтер, өнімдер мен процестер тұрғысынан үлкен жетістіктерге жетудеміз.

Ольга Фоминских

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу