Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі неге сатылмай жатыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10624

Әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін банк инвесторларды қызықтырмауда.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі неге сатылмай жатыр

Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2016 жылы жекешелендірудің кешенді жоспарына енген болатын. Бірақ әлі күнге дейін жекешелендірілген жоқ. Мұның себебін abctv.kz тілшісіне банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтып берді.

"Бұл мәселе бойынша түрлі инвесторлармен жұмыс істедік. Бірақ біздің банктің әлеуметтік бағытты ұстанатындығы инвесторларды қызықтырмай отыр. Өйткені, біз несиені өте төмен пайыздық мөлшерлемемен береміз. Ал мейлінше көп пайда тапқысы келген инвесторлар мұндай пайыздық мөлшерлемеге қызықпайды", – дейді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, банктің тапқан табысы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытуға бағытталады. Яғни, бұл жүйенің әлеуметтік маңызы зор.

"Сондай-ақ талапқа сәйкес, банк жекешелендірілген күннің өзінде барлық әлеуметтік функцияларды сақтауға міндетті. Демек, депозиттік және кредиттік келісімшарттар қайта қарастырылмауы шарт және қайта қарастыру жоспарланып отырған жоқ. Оның үстіне жеңілдіктердің бәрі сақталуы керек. Сондықтан мұндай әлеуметтік банк инвесторлардың қызығушылығын тудыра алмайды", – деп толықтырды сөзін банктің басқарма төрайымы.

Ләззат Ибрагимова қазіргі уақытта банктің жалпы депозиттік өсімі жайлы нақты ақпараттар әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Осыған орай, мемлекеттік органдар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытуға басқа қырынан қарап көреді деген сенімде.

"Біз Азия даму банкімен, Еуропа қайта құру және даму банкімен, Дүниежүзілік банктің бір тобына жататын ІFC халықаралық қаржы корпорациясымен сөйлестік. Олардан ең алдымен әлемдегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйелері қалай жұмыс істейтіндігін білуге құзырет беруін сұрадық. Олар біздің банкке жақсы дамып келе жатқан ірі банк деп баға берді. Шынымен де, бүгінде Қазақстанның экономикалық белсенді халқының 13,5 пайызы тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары болып табылады. Ал халықаралық қаржы институттары үшін мұндай жүйелер енді дамып келе жатқанда ғана тиімді. Ал біздің жүйеміз әлдеқайда дамыған", – дейді Ләззат Ибрагимова.

Еске сала кетейік, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл болды. Банк 2018 жылдың қорытындысы бойынша 38 мың займ берген. Қазақстандағы барлық ипотеканың 50 пайызы Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу