Тымлай жобасы тоқтап тұр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
2622

Жамбыл облысының Қордай ауданында титан-магнитті тау-кен байыту саласы бойынша еліміздегі алпауыт жоба іске кірісуі керек болатын.

Тымлай жобасы тоқтап тұр

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың айтуынша, осы бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде сәйкесінше үш жақты меморандумға қол қойылған.

"Соңғы өнімнің сатып алушысы ретінде "Эйвик секьюрити" қытай авиакомпаниясы анықталды, бұдан бөлек, Қытайда жарғылық капиталы 10 миллиард юань болатын инвестициялық қор және аталмыш жобаны инвестициялау үшін арнайы гонконгтық компания құрылды. 2017 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша, қорда инвестициялау үшін 2 миллиард юань бар", – деген болатын өңір басшысы жобаға қатысты.

 "Тымлай" кен орнына геологиялық барлау жұмыстарының жүргізіліп, бұл істің қолға алынғанына он жылдан аса уақыт өтті. Бірақ, әлі де іс ілгері баспай-ақ қойды. 

Жалпы, Қордай кенінің келешегі зор екені, ол кен орнын игеру жұмыстары қолға алынса өңір өндірісінің екінші тынысы ашылатыны жұрт арасында зор қуанышпен айтылатын. Оған себеп жоқ емес.

2001 жылы алматылық "TENIR LOGISTIK" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылдың соңында осы "Тымлай" кен орнында барлау жұмысын жүргізу құқын иеленеді. Сөйтіп, "Южказнедр" аймақтық басқармасымен келісілген жобаға сәйкес жұмыстар атқарылады. Аталған серіктестіктің бас құрылтайшысы – ағылшынның "FERRO MINING CAG LIMITED" компаниясы болатын.

Аталған компания  2007 жылы кен орнын барлауға кірісіп, екі жылдан кейін-ақ зерттеулердің нәтижесінде кен қорындағы темірдің 10, 12, 14, 16 және 20 пайыздық борттық маңыздылығының бес нұсқасы бойынша өнеркәсіптік кондициялар жобалары әзірленеді. Ал титанды-магний кенінің карьерлік тереңдікке дейінгі қоры 300 миллион тонна мөлшерінде бағаланды. Ондағы темірдің құрамы орташа есеппен 29 пайыз, титан қос қышқылы 9,56 пайызды құрайды деп күтілуде. Сөйтіп, геологиялық барлау жұмыстары кен орнының болашағы зор екенін көрсетті.

Зерттеу жұмыстары аяқтала салысымен кен игеру қолға алынуы керек еді. Бастапқы жоспар бойынша кен орны аумағында 2010 жылы карьерді жабдықтау, өнімділігі жылына 10-12 миллион тонналық кен байыту фабрикасының құрылысын жобалау қарастырылған болатын. Жылына 5 миллион тонна өнім өндіретін байыту фабрикасының бірінші кезеңінің құрылысы екі-үш жылдың көлемінде аяқталып, ал өндіріс орны 2015 жылы толық қуатында іске қосылады деп белгіленген-ді. Алайда, бұл жұмыстар сол бастапқы кезеңінде тоқтап қалды.

Кейінірек, бұл мәселе үкіметтік деңгейде көтеріліп, оған қажетті қаржы көздері нақтыланды. Бейжіңде өткен іскерлік кеңесте сол кездегі премьер-пинистр Кәрім Мәсімов қытайлық компанияларымен арада Жамбыл және Павлодар өңірлерінде салынатын, құны 2,3 миллиард долларды құрайтын титан-магний кенін өндіретін тау-кен өндіру кешені және зауытының құрылысы бойынша 4 жақты меморандумға қол қойды. Келісім бойынша құрылыстың алғашқы кезеңіне 900 миллион доллар инвестиция тартылуы тиіс-тұғын.

Сөйтіп, еліміздің екі облысында тау-кен, химия-металлургия кешендері салынбақшы. Нақты айтқанда, Жамбыл облысында "Тымлай" титан-магний кен орны базасында кен байыту, ал Павлодар облысында "Павлодар ЕЭА" аумағында химия-металлургия комбинаттарының құрылыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осылайша, Аңырақай даласынан алынған кен байытылған күйде Керекудегі зауытқа тасымалданбақ. Қытайлық "China Machinery Engineering Corporation" компаниясы комбинаттар құрылысына инвестиция құйып, қажетті жабдықтарды сатып алуға және өндірісті іске қосуға дайын екендіктерін жеткізген. Сөйтіп бас мердігер "TENIR-LOGISTIC" ЖШС мен "China Machinery Engineering Corporation" компанияларының өзара түсіністігі жөнінде шектелмелі келісімге келді. Сондай-ақ, "TENIR-LOGISTIC" және "KSP Steel" серіктестіктері арасында өзара өнім жеткізіп тұру жөнінде алдын ала шарт жасалды.

Жалпы, кен байыту комбинатының жобалық қуаты бес миллион тоннаны құрайтындығы айтылады. Ал титанды магнийді концентрат түрінде 1,85 миллион тоннаға дейін өндіру жоспарланған. Осы замандық экологиялық таза, жоғары өнім алатын технологияны қолдана отырып, өнім өндіретін кәсіпорын жылына 45 мың тонна пигментті титан диоксидін, 10 мың тонна кремний диоксидін, 650 мың тонна ванадий пентаоксидін, 190 мың тонна болаттың арнаулы түрлерін өндіретіндігі туралы да айтылған.

Жалпы құны 700 миллион долларға бағаланып, ішкі қажеттіліктерді өтеумен қатар, экспортқа да бағытталады деп күтілген жоба оны жылдан аса уақытта әлі де іске кірісіп кете алмауда. Оның нақты себебі де белгісіз.

Айта кетейік, аталған кен орнынан өндірілген өнімдер нарықтағы лак-бояу, қағаз, химия және электротехникалық өндірістерде қолданылады. Оған сұраныс өте жоғары. ТМД елдері бойынша мұндай өндіріс тек Ресейде ғана бар екен. Ал елімізде әзірге ондай өндіріс ошағы жоқ.  

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу