Үкімет медсақтандыру қорын таратудан бас тартты

3332

Денсауминінің түсіндіруінше, оны таратуға "Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының елеулі кемшіліктері" кедергі көрінеді. 

 Үкімет медсақтандыру қорын таратудан бас тартты Фото: freepik

Ел Үкіметі келесі жылы жұмыс берушілерге және бизнеске 24 миллиард теңгеден артық шығын шектіретін, халықтың да үлкен қарсылығына ұшырған бастамасын енгізетін болды. 

Мұны Мәжіліс депутаттарының бұрын жолданған сауалына енді ғана жіберілген жазбаша жауабында Денсаулық сақтау бірінші вице-министріТимур Сұлтанғазиев растады. Бұл ретте 24 миллиард теңге шығын –министрліктің ресми мәліметі ғана. Өмірде бизнестің шығыны одан да көп болып шығуы мүмкін. 

Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыруқорына (ӘМСҚ) төленетін жарналар мен алымдар көлемінің лимитінбірден 5 есеге – қазіргі ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен 50 еселенген мөлшеріне дейін көтергелі жатыр. Бұл бастамасын жаңа министрдің командасы 2025 жылдан бастап іске қоспақ. 

Дәл осы кезде ӘМСҚ-тің өзі қазақстандықтарды – сырқаттарды қатаң лимитпен шектеп, қан-қақсатуда. Салдарынан, халықтың медсақтандырудан көңілі қалды.

Астана тұрғыны Асан Баубекұлы екі жұмыс орнында күндіз-түні еңбек етіп жүрген атпал азаматтардың бірі.

"Ауырып жатуға да уақыт жоқ. Қаралмағаныма екі-үш жылдың жүзі болды. Денсаулық сыр берді. Бас айналып, көз қарауытып, естен танып құлаған соң өз учаскем бойынша Астананың №8 қалалық емханасына сәуір айының басында хабарлассам, тура 15-іне дейін жазу жоқ деді. Амалсыз екі апта күтіп, отбасылық дәрігеріме кірсем, ол: "Жалпы қан талдауынан басқа тексеріске, анализдерге бағыттама бере алмаймын, лимит бітіп қалды!" деп қарап отыр. Ашуға мініп, меңгерушісіне кірсем, ол да соны қайталады", – деді Асан ағай.

Ол барған күні дәрігердің алдында еш кезек жоқтығынан күдіктеніпті.Бекер емес екен.

"Сөйтсем, білетін жұрт барлық анализді алу үшін қабылдауға жазу басталғанда, бірден 15-іне дейін тіркеліп қояды екен. Ары қарай, айдың екінші жартысында терапевттер негізінен қолы бос отыратын көрінеді. ӘМСҚ менің бір басыма екі жұмыс орнымнан да жарнасы менаударымын ай сайын қатар ұстайды. Керек бола қалған кезде, лайықты медициналық көмек бермейді. Мұндай қоры құрысын онда! Жан керек, өз қалтамнан қаржы шығындап, барлық тексерулерден ақылы өтуге тура келуде", – деп күрсінеді Асан Баубекұлы.

Әлеуметтік медсақтандыру қоры емханаларға лимиттен тыс көрсетілген медициналық қызметтері үшін ақысы төленбейтінін, қаржы аударылмайтынын былтырғы жыл басында қатаң ескертіпті. Содан бері медициналық ұйымдар лимит аяқталса болды, одан кейін келген сырқаттарға, тіпті медициналық сақтандырылғанына, ахуалының ауырлығына қарамастан, тиісті қызметтерді көрсетпейді.

Мұны ӘМСҚ басшылығы 2023 жылғы 15 маусымда "Ақ жол" партиясының депутаттық фракциясы өткізген дөңгелек үстелде растады. 

"Елде медициналық көмек қор бөлген көлемнен артық тұтынылады.Яғни, халыққа жетпей қалып жатыр. Бұл негізінен, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұсынатын МСАК ұйымдарына қатысты. Бюджет шектеулі болғандықтан, қор медициналық ұйымдардан ай сайынғы көлемдерді, қаржыландыру жоспарларын қатаң сақтауды талап етеді. Одан асып кетуіне жол бермеуін қадағалайтын болады", – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сол кездегі басқарма төрағасы Сәбит Ахметов. 

Ол халықтың биліктен медсақтандыруды жоюды жаппай талап етіп жатқанын жеткізді.

"БАҚ пен әлеуметтік желілерде азаматтар: "МӘМС жүйесін толығымен жою керек!" деп жатыр. Медициналық қауымдастықтың кейбір сарапшылары да жүйе қалпымен кемшілікке толы екеніне назар аудартып, қаржыландыруды орталықсыздандыруды және бұрынғыдай,қаржыландыруды жергілікті әкімдіктерге қайтаруды ұсынады. Тағы бір сарапшылар қорды жойып, оның функцияларын Денсаулық сақтау министрлігіне, не МӘМС ақшасын басқаратын жеке сақтандыру компанияларына қайтару керек деген ұсыныс енгізді. Қорымыз барлық нұсқаны талқылауға дайын", – деді С.Ахметов.

Алайда артынша, 2023 жылғы қыркүйекте ол отставкаға кетті. Оның орнын басқан Павлодар облысының бұрынғы әкімі, қазіргі "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов жағдайды түзете алмады. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Мәжіліс депутаттарына жолдап отырған жаңа хатында айтылған: медсақтандыру халықты да,бизнесті де, бюджетті қалпымен шығынға батыруын жалғастыруда. 

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев МӘМС бойынша тапшы қаражат көлемі 1,8 триллион (!) теңгені құрағанын хабарлады. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасымен 2023 жылы медкөмекті ТМККК-дан (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен) МӘМС-ке (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға) ауыстыруға байланысты 245 миллиард теңге тапшылық қалыптасыпты. 

Сонымен қатар мемлекеттің аударатын жарналарын есептеу үшін "орташа айлық жалақы" орнына "медиандық жалақы" қолданылады, бұл қор көздеген табыстың 275 миллиард теңгеге кемуіне ықпал етті. 

Осы тапшылықты Денсаулық сақтау министрлігі мен қордың жаңа басшылығы халықтан және бизнестен өндіріп алмақ.

Бұл үшін олар "Жарналар мен аударымдарды есептеуге арналғанбазаның жоғарғы шегін қазіргі 10 ең төменгі жалақылан (ЕТЖ) 50 ЕТЖ-ға дейін", сондай-ақ "бірыңғай төлемнен аударымдарды есептеуге арналған базаның жоғарғы шегін ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшеріне дейін" көтеруді жоспарлап қойды.

Денсаулық сақтау министрлігінің есептеуінше, жарналар мен аударымдардың жоғарғы шегін 50 ЕТЖ-ға дейін арттыру салдарынанжұмыс берушілерге және бизнеске келетін шығындар 2025 жылы шамамен 24 миллиард теңгеден асады. Одан кейінгі 5 жыл ішінде шығын көлемі шамамен 122 миллиард 464,7 миллион теңгеден асып жығылмақ. 

Айтпақшы, медсақтандыру саласында қаржы тапшылығы болғанымен, қордың қолында жүздеген миллиард қаражат сақтаулы. Қордың өзі сол қаржылардан алынған пайызға өмір сүруде. 

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін жүзеге асыруға 2024 жылға арналған комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасы есепті айда қордың шотына түскен активтер мөлшерінің 1,18 пайызынан аспайтын болып белгіленсін", – делінген Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №738 бұйрығында.

Яғни, есепшотында ең кемі 1 триллион теңге жатса, онда қор өзіне 11миллиард 800 миллион теңгені еркін шығындай алады. Сондықтан қордың жарналар мен аударымдардың шекті мөлшерін 5 есе көбейтуге неге сонша құмартып отырғанын түсінуге болады. 

ӘМСҚ хабарлауынша, медсақтандыру қорының қазіргі басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов "таза", яғни барлық салықтарын, жарналары мен аударымдарын алып тастағанда, ай сайын қолына 1 миллион 390 мың теңгедей жалақы алып келеді. Бұған мерекелерде салмақты сыйақылар қосылатынын министр айтқан.

Сала шенеуніктерін медицина шығындарының өсуіне байланыстықордың есепшотындағы қаржының азайып қалатыны шошындырады.

"2023–2026 жылдар кезеңінде мемлекеттің жарналары бойынша қордың қаржылық шығындары 1 452,2 млрд теңгені құрайды: 2023 жылы – 226 млрд 2024 жылы – 275,4 млрд, 2025 жылы – 410,5 млрд, 2026 жылы –540,3 млрд теңге. Бұл шығындар қордың қаржылық тұрақтылығының нашарлауына әкеледі. Атап айтқанда, қордың активтері жыл соңындағы806,2 миллиард теңгеден 2030 жылы – 307 миллиард теңгеге дейін төмендейді", – деп мәлім етті Денсаумині.

Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін емханалар, медұйымдаршектен тыс шығындарын оңтайландыруға мәжбүрленді. Қор тарапынанқаражаттың пайдаланылуын бақылау, қосып жазуға қарсы күрес, сондай-ақ саланы бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту шаралары көзделген. 

"Тағы бір шара ретінде 2025 жылдан бастап жұмыскерлердің табысының шекті мәнін ең төменгі жалақының 10-ынан 50-ге дейін арттыру ұсынылады. Бұл стандарт еліміздегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында енгізілуде", – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың жарналары мен аударымдарын бірден 5 есе көтеру сыртында, мемлекеттің де шығыстары күрт артады. 

Өйткені, ел Президентінің "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, саланы одан әрі жаңғыртуға бағытталған реформаларды тиімді іске асыруды жалғастыру мақсатында саланы қаржыландыру деңгейі 2027 жылы кемінде ЖІӨ-нің 5%-ына жеткізіледі.

"Аударымдарды ұлғайту денсаулық сақтау шығыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұған профилактика, диагностика және емдеу кіреді. Медициналық қызметтер қолжетімді болады, технологияларды енгізу аурудың ерте кезеңдерінде алдын алуға немесе өмірді сақтауға мүмкіндік береді. Бастысы, жүйе тұрақты болуға тиіс. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінде қаржыландырудың жеткіліксіздігі, медқызметтер шығыстарын жеткілікті өтемеу байқалады. Бұл жағдай қызмет көрсетудің лайықсыз деңгейіне, білікті медицина қызметкерлерінің тапшылығына, дәрі-дәрмекке қаржының жеткіліксіздігіне, медұйымдар мен қызметтер берушілер алдындағы қарыздардың өсуіне алып келуде", – деді Тимур Сұлтанғазиев.

2024 жылғы 13 наурызда Үкіметке жүгінген "Ақ жол" фракциясының депутаттары Медициналық сақтандыру жүйесін монополиясыздандыруды және осы салада нарықтық және бәсекелестік тетіктерін енгізуді ұсынған болатын. Бұл бастаманы қолдаудан Үкіметтің бас тартқаны енді белгілі болды.

"Еліміздің денсаулық сақтау саласының және жалпы мемлекеттіңәлеуметтік-экономикалық дамуының осы кезеңінде бұл бастамаға әліертерек. Өйткені елеулі кемшіліктер бар. Елде медициналық көмекке қолжетімділіктің теңсіздігі орнаған. Жеке сақтандыру компаниялары тектиімді клиенттермен жұмыс істеуге мүдделі болуы мүмкін. Бұлазаматтарды жасына, жынысына немесе денсаулық жай-күйіне байланысты кемсітушілікке әкелмек. Бұл медициналық қызметтерге қол жеткізудегі теңсіздікті күшейтеді", – деп санайды Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы.

Сондай-ақ ведомство депутаттарға түсініктемесінде саладағы монополия жойылса, "медқызмет сапасы төмендейді" деп болжайтынын жеткізді. Өйткені "жеке сақтандырушылар пайда табуға ұмтылып, қымбат процедуралар мен дәрі-дәрмектерге қолжетімділікті шектейді".

Шынында, медқызмет сапасы бүгінде онсыз да қатты құлдырады. Президент Қ.Тоқаев сонау 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында медсақтандырылған азаматтардың өзі лайықты медициналық қызметтер көлемін ала алмай қалғанын сынаған болатын. Бәлкім, монополия жойылып, бәсеке болса, сапа да көтерілер еді. Бірақ қазіргі министрдің командасы одан бас тартып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу