Үкіметтің банктерді құтқаруға триллиондарды шығындағаны рас болып шықты

15766

Коммерциялық банктер олардың басым бөлігін сол бойы қайтармаған екен.

Үкіметтің банктерді құтқаруға триллиондарды шығындағаны рас болып шықты Фото: inbusiness.kz

Биылғы 28 қыркүйекте Дүниежүзілік банк "Қазақстан: ықпал етуге төзімді және инклюзивті өсімге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны күшейту" атты шолуын жариялады.

Онда Қазақстан Үкіметі дағдарысты сылтауратып, 2009-2020 жылдары банктерге көмектесуге 8,2 триллион теңге бюджет қаржысын шығындағаны хабарланды. Соның ішінде банктер тек 1,9 трлн теңгесін ғана қайтарыпты.

Дүниежүзілік банк сарапшылары мемлекеттік қаражаттарды коммерциялық банктерді демеуге жұмсауды және салық төлеушілердің оларды кері қайтаруды талап ету құқығының болмауын әділетсіздік деп таныды. Қазақстан Үкіметіне бұл тәжірибені шектеуге кеңес берілді. 

Халықаралық ұйымның есебі негізінде кейін Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары Үкіметке және Ұлттық банкке депутаттық сауал жолдады.

Билік оған енді ғана жауап қайырып отыр.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Дүниежүзілік банктің есептеу әдістемесін айқындау үшін аталған шолу авторларымен кездесу өткізгендерін хабарлады. Оның қорытындысында құжатта келтірілген сандар расталған.

"Дүниежүзілік банк сарапшыларының берген түсіндірмелеріне сәйкес, есептеуге арналған деректер көзі ретінде ашық дереккөздердегі әртүрлі ұйымдардың қаржылық есептері пайдаланылған. Нәтижесінде, банк секторына көрсетілген қаржылай көмектің жиынтық шығысы 5,6 триллион теңге болып бағаланды. Ағындарды жылдық 10% көлемінде (2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша тәуелсіз борыштың пайыздық мөлшерлемесімен) дисконттағанда, 2020 жылдың соңына қарай жалпы сома 8,2 триллион теңгені құраған. Соның ішінде борышты өтеуді ескергендегі таза қалдығы – 6,3 триллион теңге. Дүниежүзілік банк келтірген ақпарат көздерін тексеру нәтижесінде сәйкессіздіктер анықталмады", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұған қоса, ол Дүниежүзілік банктің шолуында көрсетілген деректер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2020 жылғы 17 қаңтарда депуттардың атына жіберген "2008-2020 жылдар аралығында банк секторын қолдауға бөлінген қаражат көздері мен көлемі туралы" ақпаратына да сай келетінін нықтады.

Дегенмен, Тимур Сүлейменов ДБ шолуында банк секторын қолдау үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалану туралы ақпараттың жоқтығына назар аудартты. Құжатта тек "Проблемалық кредиттер қорының" – банктердің несие портфелін сатып алуы және "Қазақстанның орнықтылық қорының" – банктердің облигацияларын сатып алуы түріндегі мемлекеттік қолдаулар көрініс тапқан. Соған қарағанда ДБ сарапшылары "қызметтік пайдалану үшін" грифі бар басқа құжаттарға қол жеткізе алмағанға ұқсайды.

Бұл олқылықты еліміздің бас банкирі толтырды. Ол банктерді құтқару үшін Ұлттық қордан қосымша бөлінген қаржылар жайын жайып салды.

"Ұлттық қор қаражатын осы мақсатта пайдалануға қатысты айтсақ, Үкіметтің ұсынысы бойынша республикалық бюджетке алдымен, 2014 жылы "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ын капиталдандыруға деп, 250 миллиард теңге бөлінді. Оған Қазақстан Президентінің 2013 жылғы 10 қазандағы №669 Жарлығы, Ұлттық қорды басқару кеңесінің (ҰҚБК) 2014 жылғы 9 сәуірдегі хаттамасы негіз болды. Содан кейін 2017 жылы қордан тағы 1 триллион 92,9 млрд теңге бағытталды. Оны бөлуде ҰҚБК-нің 2017 жылғы 13 ақпандағы хаттамасы, Президенттің 2017 жылғы 14 ақпандағы №421 Жарлығы басшылыққа алынды", – деп мәлім етті Ұлттық банк төрағасы.

Ол аталған шешімдерді қабылдауға кімдер жауапты болғанын тізбеледі.

"Бұл шешімдердің барлығы Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің отырысында қабылданды және Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілді. Аталған кеңесті ел Президенті басқарады және оның құрамына Премьер-министр, Сенат төрағасы, Мәжіліс төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Президент Әкімшілігінің басшысы, бірінші вице-премьер, Жоғары аудиторлық палатасының (Есеп комитетінің) төрағасы, Қаржы министрі, Ұлттық экономика министрі кіреді", – деді Т.Сүлейменов.

primeminister.kz

Ол қаражаттардың неге қайтарылмағанына да тоқталды. Бас банкирдің айтуынша, билік триллиондарды бюджетке оралтуға қорларды жауапты етіп қойыпты.

Нақтылауынша, Қаржы министрлігінің еншілес ұйымы саналатын "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ өзінің негізгі қызметі аясында мемлекет салған қаражаттың қайтарымдылығына және жұмыс істемейтін активтерді экономикалық айналымға тартуға бағытталған іс-шаралар өткізеді. Осылайша, банктердің портфелін проблемалық кредиттерден тазарту үшін бөлінген мемлекеттік қаражаттың қайтарылу-қайтарылмауы "осы "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ның берешекті өндіріп алу және банктерден алынған мүлікті сату бойынша жұмысының нәтижесіне тікелей байланысты".

Бұл қор болса, банктердің қордалаған стресті активтерін әлі күнге өткізе алмай жүр. Сарапшылар олардың бір бөлігі есептен шығарылғанын айтады.

Тимур Сүлейменов "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-ның "Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы" аясында банктердің реттелген облигацияларын сатып алуға бағытталған қаражатын қайтару "белгіленген мерзімде жүзеге асырылатынына" сендірді. Яғни, бұл бағдарламаға бөлінген ел ақшасын қайтарудан үмітті.

2020 жылдан бері бұл бағдарламаны одан әрі іске асыру Мәдина Әбілқасымова басқаратын агенттікке берілді.

Т.Сүлейменов бұл бағдарламалардан елге пайда болғанын қаперге салды. Мемлекеттік қолдау шаралары арқасында банк секторының қаржылық орнықтылығы қамтамасыз етілді, отандық банктер өз клиенттері, кредиторлары және инвесторлары алдындағы міндеттемелерін орындады. Салымшылардың мүдделері қорғалып, олардың жинақтары сақталды, сондай-ақ экономикаға оң әсері болды.

Ұлттық банк төрағасы болашақта, дағдарыстар кезінде мұндай бағдарламалардың тағы да қолға алынуы мүмкіндігін жоққа шығармады. Тек банктер саны шектелетінге ұқсайды. 

"2022-2023 жылдары жүргізілген Қазақстанның қаржы секторын бағалау бағдарламасы (FSAP) аясында Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк мемлекеттік қаражатты пайдалану шарттарын қатаңдатуды ұсынды. Олар мемлекеттік бюджеттік қаражатты тек жүйелік маңызы бар, жүйе құраушы банктерге қатысты ғана пайдалануға; міндетті мәжбүрлеп қайта құрылымдау арқылы бүкіл шығынды акционерлерге және тиісті кредиторларға тең бөлгеннен кейін ғана мемлекеттің қатысуына; төлемге қабілетсіз банкті реттеуге акционерлік капиталға міндетті тікелей кіру нысанында жүзеге асырылатын мемлекеттің қатысуына кеңес берді. Ұлттық банк пен агенттік сол ұсынымдарды іске асыру үшін заңнамаға тиісті өзгерістер әзірлеп жатыр", – деді Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова неге екені белгісіз, Дүниежүзілік банк орналастырған ақпаратты жоққа шығарды. Себебі, ДБ сарапшылары шолуда ол ақпаратты қайдан алғанын айтпаған дейді.

"Дүниежүзілік банктің (ДБ) "Қазақстан: инклюзивті және ықпалға төзімді өсуге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны күшейту" есебінде көрсетілген ақпарат дұрыс емес болып табылады. Есепте сарапшылар 8,2 трлн теңге (ІЖӨ-нің 11,6%-ы) сомасындағы мемлекеттік қолдау мөлшерін көрсетті. Бұл ретте ДБ сарапшылары қолданған бастапқы деректер мен есептеу әдістемесі ашылмаған. 2008–2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінде қолдау көлемі ІЖӨ-нің 2%-ын құрады. Бұл ретте 2017 жылға сәйкес келген мемлекеттік қолдаудың ең жоғары көлемі ІЖӨ-нің 6%-ынан аспағанын атап өтеміз", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Сонымен бірге М.Әбілқасымова коммерциялық банктерді құтқару үшін мемлекеттің қанша триллион теңге ел қаржысын шығындағанын айтпады. Тек биліктің сол қадамдарын ақтаумен шектелді (жауабын қаз-қалпында, түзетусіз беріп отырмыз).

"Дағдарыс кезеңінде мемлекет банктерді қолдауға мүдделі. Себебі, жүйелі банктік дағдарыстар экономиканың барлық секторына теріс әсер ететін және қаржы секторының тұрақтылығын қалпына келтіру үшін айтарлықтай қоғамдық шығасылар ретінде көрінетін макроэкономикалық салдарға ие. Қазақстанда мемлекеттік қолдау ерекше жағдайларда, жүйелік тәуекел туындаған кезде көрсетілді. Мұндай жүйелік тәуекелдердің қатарына экономиканы қаржыландыруды тоқтату, төлем қызметтерін бұзу жатады. Сонымен қатар, ірі банктердің банкроттығы ел экономикасы үшін орынсыз салдар әкелуі, сондай-ақ жеке тұлғаларды, кәсіпорындарды, әлеуметтік мекемелерді және басқаларын қоса алғанда, банктердің салымшылары да зардап шегуі мүмкін", – деді қаржылық реттеушінің басшысы Мәдина Әбілқасымова.

bugin.kz

Оның сендіруінше, "Проблемалық кредиттер қоры" проблемалық кредиттерді тек жүйелік маңызы бар банктерден ғана сатып алыпты. Қазіргі уақытта қор "жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аталған активтерді экономикалық айналымға енгізу бойынша жұмыс жүргізуде".

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қаражатты қайтаруды ынталандыру үшін 2022 жылғы желтоқсанда балансында мемлекеттік бюджеттің, Ұлттық қордың, Ұлттық банктің және оның еншілес ұйымдарының қаражаты бар екінші деңгейлі банктердің акционерлеріне дивидендтер төлеуді шектейтін заң қабылданды. Ол заң "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Шектеулер мемлекеттен қолдау қаражат алған 6 банкке қолданылады.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та Әбілқасымованың жағына шықты.

"Дүниежүзілік банктің есебіндегі ақпарат ресми ақпарат болып табылмайды және оның шығу тегі түсініксіз. Бұл ретте ДБ сарапшылары өздері қолданған бастапқы деректер мен есептеу әдістемесіне түсініктеме бермеген. G20 Қаржылық орнықтылық жөніндегі кеңесі және Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитеті ірі банктерге қатысты мемлекеттік қолдауды пайдалануға болады деп санайды. Өйткені мұндай банктердің таратылуы жүйелі тәуекелдерге әкеп соғуы мүмкін", – деді Премьер-министр.

primeminister.kz

Дегенмен, 2009-2020 жылдары, 12 жыл бойы банктерді қолдауға қанша қаржы шығындалғанын Үкімет жетекшісі де айтпады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу