Ярослава Шведова: "Бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын"

820

Соңғы бәсекеде Жапонияға ұтылып қалғанына қарамастан, Ярослава Шведованың шәкірттері алғаш рет командалық әлем чемпионатына жолдама алды.

Ярослава Шведова: "Бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын"

Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Juniors Billie Jean King кубогі (командалық әлем чемпионаты) Азия – Тынық мұхиты аймағы бойынша іріктеу турнирі аяқталды. Қазақстандық қыздар бүгін тартысты финалдық матчта жарыстың бірінші ракеткалары – Жапония құрамасына есе жіберді.

16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан қыздар құрамасының капитаны Ярослава Шведова командамыздың тарихи жетістігі туралы пікірін білдірді.

"Мен команданың тарихта алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алғанына өте қуаныштымын. Бұл ұжымдық жұмыстың жемісі екенін атап өткім келеді. Қыздарымыздың жеке бапкерлері – Мукам Ерматов (Ариана Гогулинаның бапкері), Николай Слепцов (Полина Слепцованың бапкері) және Вадим Шустерге (Анастасия Крымкованың бапкері), Қазақстан теннис федерациясының командасына, ҚТФ президенті Болат Өтемұратовқа, дене шынықтыру бойынша аға жаттықтырушы Дмитрий Костецкийге үлкен алғысымды білдіремін. Олардың арқасында құрамамыз осындай тарихи нәтижеге қол жеткізді. Келесі аптада біздің жігіттер Шымкентте ойнайды, мен жігіттерге жауынгерлік рух, өздеріне деген сенімділік және жеңіс тілеймін", - деді 16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова.

Ярослава Шведова Билли Джин Кинг кубогының тарихында бір маусымда Қазақстанның ересек әйелдер құрамасын да, жасөспірімдер құрамасын да әлем чемпионатына алып шыққан бірінші капитан атанды.

"Егер бұл мәлімет рас болса, мен тек қана қуаныштымын. Іріктеуде қыздар тер төгіп, ұпай жинады. Оларға қолдау көрсеттім. Бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Біздің ересектер командасы барлығын өздері біледі. Ал жасөспірімдерді үнемі жақсы формада ұстау, қолдау көрсету, дұрыс бағыттау керек. Әрбір матч керемет өтті.

Полина, Ариана, Анастасия ойында барын салды. Оларға қиын болғаны анық. Соған қарамастан қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Мен олардың әрқайсысын мақтан тұтамын. Әлем чемпионаты күзде болатын маңызды сынақ. Мен бір нәрсені нақты айта аламын, біз тек жоғарғы орындар үшін күресеміз", - деді Шведова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу