Жасөспірімдер Олимпиадасынан төрт алтын алдық

Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындары аяқталды.

19 Қазан 2018 09:39 Автор: Маруан Түсіп
Жасөспірімдер Олимпиадасынан төрт алтын алдық, Буэнос-Айрес, Жасөспірімдер Олимпиадасы
Фото: olympic.kz

Бейсенбіден жұмаға ауған түн ортасында жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Ал таң сібірлеп атып келе жатқанда жабылу салтанаты басталды. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 206 елдің 15-18 жас аралығындағы өрендері қатысып, 32 спорт түрінен 241 медаль жиынтығын сарапқа салды. Аргентина жеріндегі дүбірлі додада Қазақ елі спортшыларына бұйырғаны 10 жүлде болды.

ІІІ жазғы Олимпиада ойындарына біздің елден 58 жас спортшы қатысқан болатын. Олар спорттың 23 түрінен бақ сынап, ел намысын абыроймен қорғады. Әрі 4 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 14-орынға ие болды. Осыдан төрт жыл бұрын сегіз жүлдемен (3 алтын, 1 күміс, 4 қола) жалпы есепте 21-орынға тұрақтағанымызды ескерсек, бұл – үлкен жетістік, әрине.

Бұған дейін жазғанымыздай, алғашқы саф алтынды дзюдошы Бекарыс Садуақас жеңіп алған болатын. Екінші алтынды ескекші Диас Бахриддин еншілеген-ді. Олимпиаданың соңғы күндері қоржынымызға тағы екі алтын түсті. Велоспорттан командалық аралас жарыста (әр түрлі бес бәйгеден құралған) Қазақстан құрамасы алтынмен апталды. Нақтырақ айтқанда, Глеб Брусенский мен Евгений Федоров 418 ұпаймен өзгелерден қара үзіп кетті.

Бұдан кейін бокстан финалдық жекпе-жектер өтті. Буэнос-Айреске барған үш жігітіміз де финалға шықты. Өкінішке қарай, олардың біреуі ғана алтынмен апталып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Атап айтқанда, 91 келі салмақ дәрежесіндегі Айбек Оралбай финалда Алжир алыбы Мохаммед Амин Хасидті күмәнсіз ұтып, ЖОО чемпионы атанды.

Ал екі боксшымыз өз қарсыластарына дес бермесе де, күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Ең ауыр салмақтағы (91 келіден жоғары) Дамир Тойбай да, 64 келідегі Талғат Шәйкен де ресейлік боксшылардан ұтылған жоқ сияқты еді. Алайда төрешілер жеңісті көрші елдің жігіттерінің еншісіне жазды. 

Қыздар арасында бақ сынаған екі қызымыздың бірі жүлдеге ілігіп, қола медаль еншіледі. Ол – 75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Надежда Рябец. Ал Жансая Абдрайымова ширек финалда ұтылып қалды. Сондай-ақ каратэден 68 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Әбілмансұр Батырғали жартылай финалда ұтылып, қола жүлдеге ие болды.

ІІІ жазғы Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері:

алтын

Бекарыс Садуақас (дзюдо, 100 келі)

Диас Бахриддин (ескек есу, каноэ)

Айбек Оралбай (бокс, 91 келі)

Глеб Брусенский және Евгений Федоров (велоспорт, командалық аралас бәйге)

күміс

Маргарита Гриценко (дзюдо, 78 келі)

Дамир Тойбай (бокс, +91 келі)

Талғат Шәйкен ((бокс, 64 келі)

қола

Стелла Суханова (ескек есу, байдарка)

Надежда Рябец (бокс, 75 келі)

Әбілмансұр Батырғали (каратэ, 68 келі)

Маруан Түсіп