Жасөспірімдер Олимпиадасында екі алтынға қол жеткіздік

Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр.

13 Қазан 2018 20:04 Автор: Маруан Түсіп
Жасөспірімдер Олимпиадасында екі алтынға қол жеткіздік, Жасөспірімдер Олимпиадасы, Бекарыс Садуақас, алтын медаль, Диас Бахриддин
Фото: olympic.kz

6 қазан күні басталған жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына 206 елдің 15-18 жас аралығындағы өрендері қатысып жатыр. Олар 32 спорт түрінен сынға түседі. Спортшылардың жалпы саны – 3926. Оның тең жартысы – бойжеткендер де, 1963-і бозбалалар. Олимпиада қозғалысында бірінші рет осылай жігіттер мен қыздар саны теңестіріліп отыр. 

Аргентина жеріндегі дүбірлі додаға Қазақ елінен 58 жас талант қатысып жатыр. Олар спорттың 23 түрінен бақ сынайды. Жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліиіздің көк байрағын боксшы Дамир Тойбай ұстап шықты. Содан бері сенім артқан өрендеріміз намысты қолдан бермеуге тырысып жатыр.

Әзірше Қазақ елі қоржынында төрт жүлде бар. Оның екеуі – алтын. Алғашқы саф алтынға дзюдошы Бекарыс Садуақас қол жеткізген болатын. 100 келі салмақ дәрежесінде белдесетін жас талантымыз қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Екінші алтынды кеше ғана ескекші Диас Бахриддин олжалады. Каноэда ескек есуден жекелей сында бақ сынаған жас спортшымыз финалда өзбек өренінен озып кетті.

Күміс пен қоланы осы спорт түрлеріндегі қыздарымыз еншіледі. Дзюдодан 78 келі салмақта белдескен Маргарита Гриценко финалда неміс қызынан ұтылып, екінші орынға ие болды. Ал байдаркада ескек есуден жекелей сында бәйгеге түскен Стелла Суханова үшінші орынды иемденді.

Негізі, біздің елдің спортшылары тағы бірнеше жүлде олжалады. Бірақ олар Аралас команда еншісіне жазылды. Мәселен,  дзюдошы Бекарыс Садуақас командалық сында «Лондон» ұжымының атынан сынға түсіп, қола медаль еншіледі. Бекарыстың командасы жартылай финалда «Пекин» командасына есе жіберіп алды. Ал гимнасшы Роза Абитова командалық сында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жүлделі орынға сынық сүйем жетпей қалған таланттарымыз да бар. Мысалы, 10 метр қашықтықтан тапаншамен нысана көздеуде Эльдар Иманқұлов 197 ұпаймен төртінші орынды қанағат тұтты. Қола жүлдеге ие болған Швейцария мергенінің еншісінде 215,6 ұпай болды. Садақ тартудан Әлихан Мұстафин іріктеу сынында көш бастағанымен, соңында техникалық қателіктер жіберіп, төмен сырғып кетті...

Жалпы, Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындары 18 қазан күні жабылады. Оған дейін қоржынымыз толыса түседі деген үміттеміз. Әзірше төрт жүлдемен жалпы командалық есепте 15-орынды Грекия жеткіншектерімен бөлісіп тұрмыз. Ал осыдан төрт жыл бұрын Нанкинде (Қытайда) өткен жасөспірімдер Олимпиадасында 3 алтын, 1 күміс 4 қола жүлде еншілеген болатынбыз...

Маруан Түсіп