Зілтемірші Алмас Өтешов қайда жүр?

Зілтемірші допинг дауынан соң бірнеше жерде жаттықтырушы болып жұмыс істегенімен, қаржылық қиындықтар туындап, отбасылық жағдайы ушыққанын жасырмайды. 

Зілтемірші Алмас Өтешов қайда жүр? Фото: Ашық дереккөзден

"Қызылордалық ауыр атлетші, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов қайда жүр, допинг дауынан кейінгі өмірі қалай өрбіді?" деген сауалдарға inbusiness.kz тілшісі жауап іздеп, спортшының өзімен байланысып көрді. 

2016 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг қолданғаны үшін Алмас Өтешовті төрт жылға спорттан шеттеткен еді. Зілтемірші өмірінің осы жағдайдан кейін өзгергенін айтады. Ауыр атлетика спортында басшылар Линдер мен Седовтың өлімінен сабақ алмағанына ашынады. 

"ҚР Ауыр атлетика федерациясынан жұмыс сұрап жүргеніме біраз жыл болды, жолатпай отыр. Басқа емес, жаттықтырушы болып жұмыс істегім келеді. Миллион теңге айлық сұрап отырған жоқпын, үкімет бекіткен айлыққа жұмыс істеймін, есесіне нәтиже көрсетемін. Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы (ауыр атлетика) болу менің өмірбақи арманым еді. Сол арманға өзім жете алмасам да, қазақтың қара домалақтарын жеткізсем деймін", - деді ол. 

Өткен шақты еске алған Алмас Өтешов Рио олимпиадасында өзінің алтын жүлде алу мүмкіндігі мол болғанын айтады. Спортшының олай деуіне себеп те бар секілді. Өйткені, салыстырмалы түрде Рио олимпиадасында дәл осы салмақта жүлдегерлердің нәтижесі тым төмен болды. 

Зілтемірші допинг дауынан соң бірнеше жерде жаттықтырушы болып жұмыс істегенімен, қаржылық қиындықтар туындап, отбасылық жағдайы ушыққанын жасырмайды. 

"Допинг дауы болды, артынан келіншегіммен ажырастым, қарыздандым, 4-5 айдың ішінде бәрі-бәрі қабаттасып кетті. Сол уақытта ащы су ішіп, өзімді жоғалтып алғаным рас. Бірақ, осы күні тәубеме келіп, емделдім. Қазір ащы суға мүлдем жоламаймын", - дейді Алмас Өтешов. 

Спортшы құрылыста қара жұмыс істегенін, Алматы қаласында машинаны жалға алып, такси болғанын, тағы да басқа түрлі-түрлі жұмыс істегенін айтты. Десе де, жүрегі спорт деп соғатын ол жаны қалайтын жұмысқа оралуды мақсат тұрады. 

Қазақ ауыр атлеттерінің ішінде тұңғыш әлем чемпионатының жүлдегері атанған қызылордалық спортшыны АҚШ-қа жаттықтырушылық қызметке шақырған. Тіпті, ондағылар зілтеміршіге 15 мың доллар төлеуге дайын көрінеді. Десе де, мойнындағы қарызы шетелге шығуына кедергі болыпты. 

"Маған 2013 жылы сыйлыққа берілген 3 бөлмелі үй әлі үкімет балансында тұр, атыма аудара алмай жүрмін. Соны сатып, қарыздарымнан құтылып, балаларыма алимент төлегім келеді. Осы кезде қарыз болғандықтан, шетелге шыға алмаймын не өз елім жұмысқа алмайды. Тіпті, не істерімді білмей жүрмін?", - деді спортшы. 

Зілтемірші Қызылорда облысында спорт саласына жауапты бірнеше тұлғаның алдына барғанын, олардан еш қайыр болмаған сөз етті. Сондай-ақ, басшылардың уақытында облыстың мақтанышы етіп, осы салада жүріп басына іс түскен спортшыны керексіз ететініне налиды. Бірақ, Өтешов өзін іздеген жерлес ағасының болғанын да айтып қалды. 

"Көптеген басшылық қызметте істеген көкеміз Бердібек Сапарбаев қайтыс болар алдында, Жаңақорғанға келгенде мені сұрапты. "Ауыр атлетші Алмас баламыз қайда жүр, көзге көрінбей кетті ғой" деп. Сонда кім айтқанын қайдам "оның жағдайы жақсы, Қызылордада бизнесі бар" депті. Қайдағы бизнес менде? Шынымды айтайын, ол кісінің мені іздегеніне риза болдым. Енді ғана "Бердібек Машбекұлымен қалай байланыссам екен, алдына қалай барамын?" деп жүргенімде, қайтыс болды деген хабар естідім. Өкінішті-ақ, иманды болсын!" - дейді Алмас Өтешов. 

Өз уақытында 94 келі салмақта әлемді дүрілдеткен қос қызылордалық атлет болды. Соның бірі – Ильин, екіншісі Өтешов еді. Зілтемірші командалас досы Ильяның мықтылығы туралы көп нәрсе айтуға болатынын байқатты. 

"Илья Ильин – өте талантты ауыр атлет. Ондай спортшы енді 100 жылда бола ма, болмай ма, оны бір Алла біледі. Ол – Мұхаммед Әли, Марадонна, Пеле, Тайсон сияқты ерекше талант, дарын иесі. Допинг дауы болмағанда Илья олимпиаданы 3 не 4 рет ұтатын еді", - деді ол. 

"Ер жігіттің басында неше түрлі жағдай болады ғой" деген Алмас Өтешов жаңа өмір бастағысы келеді. Төбеге көтеретін де – халық, төменге түсіретін де – халық. Мұны ол жақсы біледі. 

"Мен өзіме сенімдімін. Спорт саласында жүрген басшылар сеніп тапсырса, елдің атын шығаратын чемпиондар тәрбиелеуге мүмкіндігім бар. Спорттағы да, өмірдегі де қателік басымнан өтті. Бірақ, ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын. Өмір бойы спортта жүрмін, өз саланың қыр-сырын жақсы білемін", - дейді Алмас Өтешов. 

Шыны керек, соңғы кезде спортшылардың өз саласынан жұмыс іздеп, журналистерге мұңын шағуы көбейіп кетті. Дәл осыған келгенде қоғамның пікірі қақ жарылады. Бірі уақытында мақтап-мақтап, сый-сияпат ұсынып, жер-көкке сыйғызбаған жергілікті биліктің кейіннен теріс айналғанын кінәлайды. Енді бірі спортшылардың бәріне бірдей қызмет тауып беруге ешкім міндетті емес екенін айтады. Қалай десек те, чемпиондардың чемпион шығаруға құлшынысы жоғары болары анық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу