Бекман Сойлыбаев чемпиондық атағын қорғау үшін Лас-Вегасқа барды

18 Қазан 2017 13:49

Қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық атағын қорғау үшін Лас-Вегасқа келді, деп хабарлайды vesti.kz.
Ойын-сауықтың ғана емес, кәсіпқой бокстың да ордасы саналатын Лас-Вегаста Астана уақытымен жексенбі күні таңертең Golden Boy Promotion компаниясының ұйымдастыруымен ғажайып жекпе-жек кеші өтеді. Соның бірінде шаршы алаңға жерлесіміз Бекман Сойлыбаев шығып, мексикалық Фернандо Варгасқа қарсы айқаста екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық атағын қорғайды. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланып отыр.
Екі ай Лос-Анджелесте оқу-жаттығу жиынын өткізген Бекман Сойлыбаев бүгін бапкері Эрик Браун және көмекшісі Бауыржан Ізтілеуовпен бірге Лас-Вегасқа ұшып келді.
«Шаршы алаңға шығуға толық дайынмын. Екі ай оқу-жаттығу жиыны өті пайдалы болды. Эрик Браун мен Тэйлор Рамсделден үйренгенім көп. Спаррингтік жұдырықтасулар да аз болған жоқ. Дәл қазір кіммен болса да жұдырықтасудан қашпаймын. WBC International чемпиондық белбеуімді сәтті қорғасам, осы рейтиңгте бірінші орында тұрған боксшыларға қарсы шаршы алаңға шыққым келеді», – дейді Бекман Сойлыбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев пен мексикалық Фернандо Варгас арасындағы жекпе-жекті ESPN телеарнасы арқылы әлемнің 200 елі тамашалайды. Ал Қазақстанда аталмыш айқасты «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Бұл жерлесіміздің кәсіпқой бокстағы 12-ші жекпе-жегі болмақ. Бұған дейінгілердің барлығында жеңіске жетіп, оның төртеуінде қарсыласын нокаутқа түсірген.