Енді ескі 1000 теңгелікті екінші деңгейлі банктер қабылдамайды

858

Енді ескі 1000 теңгелікті екінші деңгейлі банктер қабылдамайды

2018 жылғы 1 наурыздан бастап 2006 жылы айналымға енген 1000 теңгеліктерді Ұлттық банк қана айырбастап бере алады.  

Еске сала кетейік, 2006 жылы шыққан, "Бәйтерек" пен бес саусақ бейнеленген 1000 теңгелік 2017 жылғы 1 наурыздан бастап төлем құралы болуын тоқтатқан еді. Сондай-ақ, оны 2018 жылғы 28 ақпанға дейін екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" арқылы айырбастап алуға болады. Демек, әлі екі-үш күн уақыт бар. Ал осы жылдың 1 наурызынан бастап бұл үлгіні тек Ұлттық банк пен оның өңірлік филиалдары ғана 2021 жылдың 28 ақпанына дейін айырбастап бере алады.

Бұдан бөлек, 1000 теңгеліктің естелік банкноттары барын еске сала кетейік. Олардың саны – үшеу. Естелік банкноттардың барлығы айналымда бар. Яғни, заңды болып табылады.

Естелік банкноттар төмендегі суретте көрсетілген. Бұлардың біріншісі 2011 жылдың 25 мамырында айналымға шықты. Ол Қазақстанның Ислам Конференциясы ұйымына төрғалық етуіне арналған.

Екіншісі 2010 жылдың 5 қаңтарында айналымға енді. Бұл үлгі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ/ОБСЕ) төрағалық етуіне арналған.

Үшіншісі 2013 жылдың 12 желтоқсанында айналымға шықты. Ол "Күлтегін" ежелгі түркі жазба ескерткішіне арналған.

Бұлардың әрқайсысы 10 миллион данамен шығарылған.

Естелік банкноттардың айналымдағы мерзімі шектелмеген. Яғни, табиғи түрде тозған күні ғұмыры да тәмамдалады.

Ұлттық банктің хабарлауынша, естелік банкноттарды қабылдаудан бас тарту оқиғалары жиі орын алады екен. Бұл ретте, қаржылық реттеуші мұндай жағдайда жаза тағайындалатынын еске салады.   

Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, айналыстағы банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту ескерту жасауға алып келеді. Сондай-ақ, әкімшілік жаза салынғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан бас тарту фактісі тіркелсе, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 5, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 10, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банкноттарды қабылдаудан, ұсақтаудан және айырбастаудан бас тартуы 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу