Мерзімге үлгермеген мердігер компаниялармен келісімшарт бұзылады

1014

Мерзімге үлгермеген мердігер компаниялармен келісімшарт бұзылады

Қаладағы жылу құбырын жүргізу жұмыстары 25 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Бұл мерзімге үлгермеген мердігер компаниялармен келісімшарт бұзылады, деп хабарлайды almaty.tv.

Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жылу маусымына дайындық барысын пысықтады. Жиында жұмысына салғырт қараған коммуналдық қызмет өкілдеріне ескерту жасалды.

Алматының әлеуметтік мекемелері мен тұрғын үйлерінің тек 60 пайызы ғана қысқа дайын. Десе де, коммуналдық қызмет өкілдері жұмыстар белгіленген мерзімге сай жүргізіліп жатқанын алға тартты. Тіпті былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш көңіл көншітеді-мыс.

"Біз жұмыстарды 25 қыркүйекке дейін аяқтаймыз. Дегенмен, технологиялық және көріктендіру жұмыстары қазанға дейін жалғасады. Жылыту маусымына, 1 қазанда толықтай дайын боламыз", - деді  "Алматы жылу жүйелері" ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Ерболат Аманғалиев.

Қалада жылыту маусымына орай жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары аяқталуға шақ. Тозығы жеткен құбырлардың басым бөлігі ауыстырылыпты. Бұл өз кезегінде апаттық жағдайды болдырмауға, әрі қала тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтуға септеседі. Коммуналшылар жаңартылған желілерге тиісті сынақ та жүргізіп көріпті. Әрі, ақауларын да бірден анықтаған.

"Биылғы жылға жоспарланған 30 шақырым жылу құбырының 20 шақырымын төсеп үлгердік. Бұл шамамен 63 пайызды құрайды. Сондай-ақ барлық жоспарланған магистральдық көшелердегі жұмыстар орындалды. Тек 1 көше қалды. Ондағы құбыр ауыстыру белгіленген кестеге сай аяқталады", - деді "Алматы жылу жүйелері" ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Ерболат Аманғалиев.

Ал жұмысына салғырттық танытып, мерзімге үлгермеген мердігерлерге қатаң шара қолданылмақ. Қалалық әкімдік жауапсыз компаниялармен келісімшарттарды бұзуды қолға алады. Одан қалды, олардың жұмысатырына төленетін қаржы саны да қысқартылады.

Биылғы жылы қаласы бойынша су құбыры мен кәріз желілерін салу және жаңарту жұмыстары рекордтық деңгейге жетіпті. Жөнделетін құбырлардың жалпы ұзындығы 500 шақырымды құраған. Қазір жұмыстар 107 аумақта жүргізілуде. Бұл болашақта инженерлік желілердің тозуын айтарлықтай қысқартады, дейді мамандар.

"317 шақырым су желілері және 244 шақырым кәріз желілерінің құрылысы осы жылы жүргізілетін болады. Бұл рекордтық шақырым. Бұндай шақырым ешқашан болмаған. Айта кетсек, Алматы қаласында 3100 км болса, тағы да 300 км қосылады. Яғни, 12 пайызға жуық су желілері көбейеді және 18 пайызға кәріз желісінің ұзындығы көбейеді", - деді  Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Дәурен Жандыбаев.

Бұған қоса Алматы қаласын толықтай көгілдір отынға көшіру жұмыстары да жоспарға сай атқарылып жатыр. Қазір мамандар қаланы толықтай газбен қамтитын жобалық құжат дайындауда. Келер жылдың өзінде қала аумағына жаңадан қосылған аудандар көгілдір отынға қосылса, 2020 жылы Алматы тұрғындары газбен қамтылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу