"Қаралы қаңтар" көрмесі қайғысымен бөліседі

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
2938

Әзірбайжан Республикасы үшін 20 қаңтар – аза тұту күні. Неге дейсіз ғой...

"Қаралы қаңтар" көрмесі қайғысымен бөліседі

Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 19 қаңтарынан 20-на қараған түні КСРО басшылығының нұсқауымен Әзірбайжан астанасы Бакуге әскер кіргізіліп, бейбіт халыққа оқ жаудырды. Кеңес әскерінің ауыр танктерінің шынжыр табандары қарусыз шыққан бейбіт тұрғындарды міз бақпастан, жаншып өте шықты. Қайғылы оқиға кезінде 134 әзірбайжан азаматы қаза болып, 700-ден астамы жарақат алды. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, бауырлас елдің халқы үшін қаңтардың сол бір күндері қаралы болып, жүректерінде мәңгі өшпес қасірет ізін қалдырды. Ал тарих беттерінде "Қаралы қаңтар" атауына ие болды. Кіршіксіз қан төгіліп, кінәсіз азаматтардың жаны қиылған бұл оқиға – Әзірбайжан мемлекетінің тәуелсіздікке ұмтылған тарғыл-тарғыл жолдарының бірі еді.

20 қаңтар күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі елім, жерім, Отаным деп жүрегі соққан әзірбайжан азаматтары аза тұтады. Қазақстан елінде де бұл үрдіс мықты сақталған. Оның айқын дәлелі ретінде 2017 жылдың 13 қаңтарында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының мұражай ғимаратында 1990 жылдың 20 қаңтарындағы Бакудегі қайғылы оқиғаға арналған "Қаралы қаңтар" – тәуелсіздікке апарар жол" атты фотосуреттер көрмесінің ашылуын атар едік. Фотосуреттер көрмесі музейдің "Мәдениет арқылы үнқатысу" халықаралық жобасы аясында Қазақстандағы Әзірбайжан елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған екен.

Фотосуреттер көрмесінің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков, Бакудегі 1990 жылдың 20 қаңтарында болған қанды оқиғадан сыр шертетін "Қаралы қаңтар" – Тәуелсіздікке апарар жол" атты фотосуреттер көрмесінің мән-мағынасы, маңызы зор екенін және де фотосуреттерде көрініс тапқан қайғылы жағдайлар тәуелсіздіктің бастауы болған алғашқы қадамдар екенін атап өтті.

Осы жерде "Әзірбайжан халқы неге бейбіт шеруге шықты?", "Оған түрткі болған не?", "Неліктен Кеңес одағының басшылығы бейбіт шерушілерге оқ жаудырды?" деген сұрақтар туындайды.

Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадовтың айтуынша, 1989 жылдың соңы мен 1990 жылдың басында әзірбайжан халқы алаңға шығып, Арменияның Әзірбайжанға қарсы ашық қарулы басқыншылығына, әзірбайжан жерінде, яғни Таулы Қарабақ автономиялы облысында заңсыз армян қарулы топтарының жүгенсіздігіне байланысты республикалық және орталық кеңес басшылығының әрекетсіздігімен наразылық шерулер өткізген.

Сол кездегі республика басшылығы Мәскеуден, яғни Орталық Комитеттен көмек сұрайды. Ал Таулы Қарабақ автономиялы облысына қатысты армяндар мен әзірбайжандардың арасында туындаған шиеліністі бейбіт жолмен шешудің орнына КСРО жетекшісі Михаил Горбачев Бакуде төтенше жағдай жариялаған және әзірбайжан еліне қарулы әскерін кіргізу жайлы КСРО жоғарғы кеңесі президиумының жарғысына қол қояды. Әрине, бұл мыңдаған адамның наразылығын туғызады. Бірақ қарусыз шықсақ, қантөгіс бола қоймас деп алаңға шыққан халық бақайшағына дейін қаруланған әскерге жолығады.

Алдымен Әзірбайжан еліне әй-шәй жоқ, баса көктеп кірген Кеңестік социалистік республикалар одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің "Альфа" арнайы бөлімшесі, бірінші кезекте, Әзірбайжан телеарналарының энергетикалық блогын жарып жіберіп, халықты ақпарат алу мүмкіндігінен айырады. Бұдан кейін шерушілерге оқ жаудырады. Жүзден астам жан ажал құшып, 700-ден астам адам ауыр жараланады, 800-ден астам адам тұтқындалса, 50-ден астамы із-түзсіз жоғалып кеткен екен.

"Кеңес одағы басшылығының бейбіт халыққа оқ жаудырғандағы ұстанған саясаты қандай деп ойлайсыз?" деген сұрағымызға Әзірбайжан елшісі: "Олардың басты мақсаты – Әзірбайжандағы Коммунистік партия билігін сақтап қалу, КСРО саясатын ұстап қалу, қала берді басқа елдерде осындай жағдай алмасын деп азуын көрсету. Яғни бас көтергендерді оқ жаудырып, күш көрсетіп, жаншып тастау еді", – дейді.

Алайда елшінің сөзіне сүйенсек, рухы асқақ, намысы биік әзірбайжан халқы жер жастанған азаматтарының қаны босқа төгілмегенін білдіріп, миллионнан астам тұрғын алаңға шығып, марқұмдарды жерлеуге қатысады. Сол кезде олар бейбіт халыққа кеңес әскерін қарсы қойып, оқ жаудырған кеңес одағы құрамында бұдан былай бола алмайтынын түсінеді. "Осы қанды оқиға Әзірбайжан Республикасы тәуелсіздігінің негізін қалауға бастау болды. Қаңтар оқиғасы КСРО-ның құлауына себепші болды", – дейді Рашад Маммадов.

Елшінің айтуынша, 20 қаңтардағы қайғылы оқиғадан хабардар болған, сол кезде Мәскеуде тұрып жатқан зейнеткер Гейдар Алишагиев, КСРО астанасындағы Әзірбайжанның министрлер кеңесінің тұрақты өкілдігіне журналистерді жинап алып, Бакуде кеңес әскерінің бейбіт шеруге шыққан халыққа оқ атқанын және осы әскерді КСРО Қорғаныс министрі Дмитрий Язовтың өзі басқарғанын айтып, КСРО басшылығын, соның ішінде Михаил Горбачевті бейбіт халыққа оқ жаудырды деп айыптаған.

"Қаралы қаңтар әрбір әзірбайжан азаматының жүрегінде және 20 қаңтар жалпыхалықтық Аза тұту күні ретінде күнтізбеде мәңгілікке қалды. Осы қаралы қаңтар оқиғасына ұқсас оқиға 1986 жылы Қазақстанда да болды. Ол Желтоқсан оқиғасы болатын. Мұнда да кеңес әскері бейбіт халыққа оқ жаудырды. Біздің бүгінгі "Қаралы қаңтар" – Тәуелсіздікке апарар жол" атты фотосуреттер көрмесін ұйымдастырудағы мақсатымыз – Қазақстан қоғамын Бакуде болған сол 1990 жылдың 20 қаңтардағы қайғылы оқиғасынан хабардар ету. Бұл біздің тәуелсіздік жолында төккен қанымыз. Және де қаралы қаңтар оқиғасы тек әзірбайжан халқының басынан өткен қайғылы жағдай емес, сол кезде КСРО деп аталған одақтың құрамында болған бүкіл республикаға ортақ оқиға", – дейді Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі.

Әзірбайжанның Қазақстандағы елшілігі ұсынған 1990 жылдың 20 қаңтарындағы зардаптан сыр шерткен "Қаралы қаңтар" фотоиллюстрацияларында қарусыз халыққа қарсы әскер пайдаланған сәттің қайғылы жағдайлары бейнеленген. Бұл суреттер – ар-намыс пен қадiр-қасиет, бостандық пен Отан ұғымдары жай ғана сөз емес, әзірбайжан халқы рухының жанды куәсі екендігін дәлелдей түскендей.

Осындайда "желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақтың қыз-жігіттерінің елім, жерім, Отаным деп бейбіт мақсатта сықырлаған сары аязда алаңға бейбіт шеруге шығып, тәуелсіздік таңын жақындату жолында кеңес әскері қолынан құрбан болғанын тиісті деңгейде қастерлеп, бағалай алып жүрміз бе?" деген ой мазалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу