"Қаражыра" көмір беріп қарыз алады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5489

Көмір өндіруші компания Altyn Bank-тен 7,5 млн доллар қарыз алады.

"Қаражыра" көмір беріп қарыз алады

"Қаражыра" АҚ-ның директорлар кеңесі (ДК) Altyn Bank АҚ-дан ("Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның еншілес банкі) қарыз алып қаржы тарту туралы негіздемелік келісімді мақұлдады, оның негізінде компанияға 36 айға дейінгі мерзімге 7,5 млн доллар сомасында несие беріледі.

Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған компанияның ресми хабарламасында көрсетілгендей, "Қаражыра" АҚ-ның ДК компанияға тиесілі жылжымалы мүлікті (айналымдағы тауар) банкке кепілге қоюды мақұлдады, бұл – құны 1,3 млрд теңгеден кем емес тауарлық-материалдық қор (оның ішінде дайын өнім (көмір), арнайы киім (қоймадағы және пайдалануға берілген), шикізат және материалдар. Жылжымалы мүлік Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, "Қаражыра" көмір алабы мекенжайы бойынша орналасқан. Сонымен қоса "Қаражыраның" банктегі есепшоттарына түсетін қаражат та, оның ішінде көмір жеткізуге жасалған шарттардан түсетін 7,5 млн доллар сомасындағы қаражат Altyn Bank-ке кепіл ретінде тапсырылады.

ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысы биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында Өзбекстанға 321,4 мың долларға –15233 тонна, Польшаға 47,5 мың долларға 2022 тонна көмір экспорттаған.  2016 жылдың қорытындысы бойынша, ШҚО Өзбекстанға 333,3 мың долларға 14936 тонна көмір экспорттаса, Қытайға 182,7 мың долларға 9053 тонна көмір жеткізген.

"Қаражыра" АҚ көмір өндірісін әлі де арттыра алады – Семейде 2-ЖЭО-ның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жобаның мақсаты – тиімділігі төмен және сенімсіз қазандықтарға артылған жүктемені жаңа зауытқа ауыстыру, жылу мен электр энергиясын өндіретін тиімді технологиясы бар экологиялық таза көзді жасау.

Жобаны іске асыру жергілікті өндірісті одан әрі дамытуға және олардың ұзақмерзімді жұмыс істеуіне көмектеседі.

Қаражыра кен орнының көмірі 12-дан  25%-ға дейін күл қалдыратын Д маркалы тас көмірге жатады. Оның ылғалдылығы – 12-16%, құрамындағы ұшпалы заттар – 47%. Отынның жану кезіндегі төменгі жылылығы 4500-ден 5200 ккал/кг дейінгі шамада. Жекелеген жер қабатының геологиялық құрылымындағы қиындықтар, кәсіпорын, әсіресе, тау жынысының көптігінен көмір күлінің артуы сияқты қиындықтарға тап болды. Тіпті кей жерлерден көмір қаттамасын іріктеп ойып алудың өзі мүмкін болмай қалған.

2010 жылы FGX-6 тәжірибелі-өнеркәсіптік жабдықты өндіріске енгізудің арқасында ғана бұл мәселіне шешу мүмкін болды. Ал оң эксперименттік тәжірибе алынғаннан кейін FGX-24А кен байыту кешені сатып алынды. Осының арқасында кәсіпорын өндіру көлемін арттырмай-ақ жылына 300-400 мың тонна көмір шығаратын болды.

2017 жылдың 1 шілдесіндегі есеп бойынша 49,9% қарапайым акциясы бар Karazhyra Holdings B.V., 20% акциясы бар Владимир Жұманбаев, 20,1% акциясы бар Эдуард Огай, 10% акция иесі Ерлан Нығматуллин "Қаражыра" АҚ акционерлері болып отыр. 2016 жылы компания 24,647 млнд теңгенің өнімін сатып, 976,15 млн теңге таза пайда көрген. 2016 жылы "Қаражыра" компаниясына түскен кірістің 58%-ы ішкі нарықта сатылған көмірден түскен.

2016 жылғы қаржылық есепке жасалған тексеру барысында компания бір жыл ішінде айналымдағы қаражатты толтыру үшін  Naptron Management Ltd қаржы желісінен 5 млн доллар алған. Сонымен бірге "ВТБ банк (Қазақстан)" АҚ еншілес ұйымының несие желісінен 810 млн теңге және 18,7 млн рубль қаржы алғаны белгілі болды. 2015 жылы компания "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Қазақстан ВТБ Банк" АҚ ЕҰ несие желісінен 2,934 млрд теңге алған. 2016 жылыдң 31 желтоқсанындағы есеп бойынша алынған қарыздың барлығы жабылған. Бір жыл ішінде алынған қарыздарға төленген пайыз 105,714 млн теңге болған.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу