"АрселорМиттал Теміртау" жылына 200 млрд теңгеден астам табыс тауып, жұмысшыларын жарылқай алмаған

1419

Депутаттар елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастауды ұсынып отыр.

 "АрселорМиттал Теміртау" жылына 200 млрд теңгеден астам табыс тауып, жұмысшыларын жарылқай алмаған Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаттары "Костенко" шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Парламенттік төменгі палатасының кезекті отырысы Костенко шахтасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. 

"Бұл жағдай "Казахстанская" шахтасындағы апаттан 2 ай өткеннен кейін орын алып отыр. Мұндай жазатайым оқиғалар өз қызметкерлеріне жауапсыздықпен қарау салдарынан болғаны айқын. Осындай жазатайым оқиғалардың бәрі компанияның осы жылдар бойы, шын мәнінде, қазақстандық кеншілердің маңдай тер мен адал еңбегінің арқасында ақша тапқанын көрсетуде. Өйткені "АрселорМиттал" бәрінен дерлік үнемдеген. Соңғы төрт жылдағы ресми мәліметтер бойынша бұл компания жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған, оның басым бөлігін шетелге шығарған", - деп жазды Мәжіліс депутаты Арман Қалықов.

Оның сөзінше, ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген. 

Биылдың өзінде екі апаттық жағдай болып, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалды, деп жалғастырды мәжілісмен.

Депутаттар Президенттің "АрселорМитталмен" ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімі дұрыс екенін баса айтты.

"Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырмыз. Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-шы жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Осы трагедиядан кейін басқаша болуы мүмкін емес. Біз осы кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін өзіміздің кәсіби кадрларымыз жеткілікті деп санаймыз", - деді Арман Қалықов.

Бұдан бөлек спикер депутаттардың әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі Заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібергенін де атап өтті.

"Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады. Өздеріңіз білетіндей, қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқықтарын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені айдан анық. Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек. Бұдан басқа, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді", - деді халық қалаулысы. 

Сонымен қатар қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін барлық адамның зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмыс өз жалғасын табатынын да жеткізді. 

Оның айтуынша, өндірістерді қауіпсіз ету қажет.

"Әрбір кенші бүгін үйіне, өз отбасына аман-есен және дені сау болып оралатынын білуі керек", - деп қорытындылады депутат Арман Қалықов.

Айта кету керек, осыған дейін Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің тізімі жарияланғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу