Азаматтығынан айырылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4059

Содырлардың қатарына қосылған Қазақстан азаматтары Отанымызға орала алмайды.

Азаматтығынан айырылады

Ел үкіметі лаңкестерді және ел ішіне бүлік салушыларды қазақ елінің азаматтығынан айыруды қарастыратын арнайы заң жобасын бекітті.

Қазақстан бұл қадамға амалсыздықтан барып отыр. Халықаралық дерек көздерінің ақпары бойынша, дәл қазір Сирия және басқа да әлемдегі қақтығысқа Орталық Азиядан шыққан 5 мыңнан 15 мыңға дейін адам қатысып, қан төгуде. Сонымен бірге дәл қазір террористік топтар оппозициялық күштерді демеген Батыстық коалицияның және Ресей қолдауымен қимылдаған Сирия үкіметтік армиясының қуатты шабуылдарына төтеп бере алмай, кері шегініп, өрісі мен тынысы тарылуда. Тиісінше лаңкестердің біразы елдеріне қайтып жатқан көрінеді. Мұны біздің құзырлы органдар да растады.

Әрине майдан даласында қолын қанға малғандардың Қазақстанға қайтуына тосқауыл қою қиын-ақ: сақалын қырып, жуынып-шайынып, киімін өзгерткен соң, шекарада мемлекетіміздің көгілдір төлқұжатын көрсетсе болды, оны ішке өткізбеуге шекарашылардың ешқандай мүмкіндігі қалмайды. Ал олар елге оралған соң дұрыс жолға түссе жөн. Келе сала шетелдік эмиссарлармен байланысып, теракті ұйымдастыруы да ғажап емес. Онысы өзгелерге жұғып, бардың бағын байлауы, басқаның басын айналдырып, бағытынан адастыруы ықтимал.

Осы тақырыпта жақында мемлекетаралық "МИР" телеарнасына сұхбат берген мемлекет басшысы да пікір білдірген еді.

"Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері біз этникалық, діни, тілдік және мәдени қағидат тұрғысынан барша қазақстандықтардың теңдігі саясатын жүргізіп келеміз. Бұл саясат сақталуда. Мұны баршасы біледі. Ең бастысы – әрдайым сақ болу және осы проблеманы бақылап отыру. Бұрын жеңілірек болатын. Қазір бұлардың бәрі бізге ашықтан-ашық келуде: идеологияларын, әдебиеттерін таратуда, сырттан эмиссарларын жіберуде. Біздің жастарды өз орталарына тартып әкетеді, кейін олар Қазақстанға оралады. Бұл жерде үлкен қауіп бар. Бүгінде бізде діни ахуал қалыпты. Ол қазақстандық заң аясында бақыланады, – деген Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеде аса сақтық қажет екенін нықтай түсті. 

Ол осы тұста соңғы заңнамалық өзгерістерді түсіндіре кетті:

"Қазақстандық заңнама бойынша ел азаматы шетелге шығып, террористік ұйымдар қатарында болса, ол кері қайта алмай қалады: Қазақстан азаматтығынан айырылады. Бұл – қажетті шара. "ИГ" қатарында 500-600-дей қазақстандық ұрыс жүргізуде. Посткеңестік кеңістіктегі елдерден барғандар саны 5 мыңнан да көп деседі. Біз бұлардың жайын және санын білеміз. Азаматтар осы мақсатта шетелге шықпауы үшін шаралар қабылдануда. Біз қайта оралғандарды түзу жолға түсіру үшін профилактикалық жұмыстар жүргізіп көрдік. Бірақ мұның тиімділігі шамалы. Сондықтан оларды елге кері оралтпауға ұйғардық. Азаматтар террористік ұйымдар сапын толықтыруға аттанбас бұрын азаматтығынан айырылып, Қазақстанға орала алмай қалатынын білуге тиіс! – деді президент.

Қазақстандағы халықты қорғау мақсатында мемлекет тарихымызда теңдесі жоқ қадамға барды. Биылғы сәуірде конституциялық реформа аясында Ата заңда қазақстандықты Қазақстан азаматтығынан айыру мүмкіндігі белгіленді. Содан бері мүдделі министрліктердің мамандары құзырлы орган өкілдерімен және ғалымдармен бірлесіп, конституциялық норманың егжей-тегжейін заңдарда ашып көрсетуге күш салған. Олардың жұмысының жемісі бүгін үкімет отырысында ұсынылды.  

Бұл заң жобасы қолданыстағы заңдар мен заңнамалық актілерді Конституциядағы түзетулерге сәйкес келтіруді көздейді. Жоба президенттің жарлығын орындау мақсатында әзірленді.

Конституцияға сәйкес келтіру үшін 7 кодекс пен 46 заңға өзгеріс енгізу қажет екен.

"Қылмыстық кодекстің 21 бабында азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза көзделеді. Осылайша Қылмыстық Кодекстің 10 бабында көзделген 14 аса ауыр террористік қылмыс құрамы бойынша азаматтықтан айыру түріндегі қосымша жаза ретінде ұсынылып отыр. Мысалы, терроризм актісі үшін (ҚК 255-бабы 3-бөлігі), террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін (ҚК 257-бабы 3-бөлігі). "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заңына сәйкес негізгі ұлттық мүдделерге конституциялық құрылыстың тұтастығы жатады. Бұл ұғымға елдің тәуелсіздігі, бiртұтастығы және президенттiк басқару нысаны кіреді. Қазақстан республикасының негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға он бір бапта көзделген он алты қылмыс құрамы кірді. Мысалы, геноцид (ҚК 168-бап), сепаратистік әрекет (ҚК 180-бабы 3-бөлігі), экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу (ҚК 182-бабы 3-бөлігі). Бұл жазаны сот ерекше жағдайларда, жасалған іс-әрекеттердің және әкеп соққан зардаптың ауырлығын, істің нақты мән-жайын негізге ала отырып тағайындайды, – деп түсіндірді әділет министрі Марат Бекетаев.

Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органда ішкі істер және сыртқы істер министрліктерінде тіркеуге жатады.

Заң жобасы басқа да конституциялық өзгерістер бойынша түзетулерді қарастырады. 7 заңның нормасында "ұлтаралық" деген сөз, "конфессияаралық" деген сөзбен толықтырылады. Бұлар арасында заматтық туралы, шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы, халықтың көші-қоны туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы, волонтерлік қызмет туралы заңдар бар.

Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту бойынша, Ұлттық банк, дипқызмет, әділет органдары туралы ережелерқайта қарастырылады.

"Құқықтық актілер туралы" заңында президенттің заңдарды және заң күші бар жарлықтарды қабылдау туралы ереже алып тасталады.

Өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдерін тағайындау және босату тәртібі енді заңмен анықталатындықтан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңына түзетулер енгізіледі.

Президент әкімшілігі заң жобасын прокуратура жүйесі мен сот қызметіне қатысты түзетулермен толықтыруды ұсынды.

Бірінші топтағы түзетулер президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент мәжілісінің қарауына енгізілетін жаңа редакциядағы "Прокуратура туралы" заң жобасымен байланысты.

Екінші топтағы түзетулер кассациялық сатымен қарастырылатын істердің нысанымен және судьяға кандидаттарға қойылатын талаптармен байланысты.

Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді. 

Үкімет мүшелері мұны естіп, әрі елбасының өзі ұсынған конституциялық реформаларға қатысты болған соң, еш сөзге келмей, сұрақ қоймай, заң жобаларына бірауыздан "құп!" деді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу