Футболшының жалақысына көп қаржы жұмсайтын елдің біріміз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1960

Біздің ел – футболға, нақтырақ айтқанда, футболшының жалақысына көп қаржы жұмсайтын елдің бірі. Мұны УЕФА-ның қаржы есебінен де байқауға болады.

Футболшының жалақысына көп қаржы жұмсайтын елдің біріміз

УЕФА-ның қаржы есебінен

Биыл қаңтар айының бірінші жартысында УЕФА 2015 жылғы қаржы есебін ресми түрде жариялады. Онда 2015/2016 жылдар маусымында әр елдің жоғары тобындағы клубтардың футболшыларына қанша жалақы төлегені де есептеп шығарылған.

Осы есепке үңілсек, Қазақстан премьер-лигасында футболшыларға 104 млн еуро жалақы төленген екен. Бұл дегеніміз, орта есеппен әрбір клуб 8,7 млн еуроны жалақы төлеуге жұмсаған. Дәл осы көрсеткіште біздің ел Еуропада 13-орынды иеленген.

Біздің алдымыздағы елдерді де тізіп шығайық – Англия (2,690 млрд еуро), Италия (1,309), Германия (1,251), Испания (1,238), Франция (959 млн еуро), Ресей (563), Түркия (520), Нидерланды (272), Португалия (218), Бельгия (198), Швейцария (141), Украина (108).

Айрықша атап өтерлігі, Қазақстан премьер-лигасындағы клубтар қолға түскен қаржының басым бөлігін жалақы төлеуге жұмсайды екен. Мысалы біздің клубтар жалпы "кірістің" 78%-ын футболшылардың жалақысына жұмсайды.

Бұл жерде кіріс деген сөзді тырнақшаға алып отырғанымыз түсінікті болар. Бізде "Қайраттан" басқасы – мемлекет (облыстық бюджет, ұлттық компания) бөлетін қаржыға телмірген командалар...

Айтпақшы, жалпы кірістің көбісін жалақыға сарп ету жағынан тек Түркия ғана бізден асып түскен. Түрік ағайындарымыз жалпы кірістің 80%-ын жалақы төлеуге жұмсапты. Ал Ағылшын премьер-лигасы – 61%, Бундеслига – 52%, А сериясы – 69%, Ла-лига – 60%... Осылай кете береді.

Трансфер де, жалақы да – коммерциялық құпия

Жылдағыдай маусым аралығында біздің елдегі командалар құрамын жасақтауға көшеді. Әрине, бәрі де көрпесіне қарай көсіледі. Кей клубтар шабыты шау тарта бастаған әйгілі футболшыны әкеліп, "жер өртегенді" қалайды.

Жыл сайын біздің клубтарымыз да өздерінің ойындарын жетілдіре түсіп, пайда келтіре алатын футболшы іздеуге көшкен. Алайда елдегі экономикалық дағдарыс оларды да ақшаны үнемдеп жұмсауға үйреткендей...

Негізі, қысқы трансфер кезеңі әлі біткен жоқ. 3 сәуір күні жабылады. Яғни әлі 15 күн бар. Десек те, Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың көбісі командаларының негіздерін құрды. Көбісіне енді бірді-екілі шебін ғана нығайту қалды.

Бірақ бізде бәрі – коммерциялық құпия. Футболшылардың айына қанша жалақы алатыны жарияланбайды. Бірақ кей ақпаратты шетелдік басылымдардан біліп қаламыз. Алайда оны біздің клубтар ресми түрде жарияламағандықтан, анық-қанығын білу мүмкін емес.

Мәселен желтоқсан айының аяғында "Астана" құрамына Румынияның "Газ-Метан" клубынан Аздрен Лулаку есімді ойыншы алынды. Ол – Албания құрамасының шабуылшысы. Сол футболшы қазақ командасы сапында Румыниядағыдан 12 есе көп жалақы алатын болыпты.

Румынияның orange.ro басылымында жарық көрген сұхбатқа сенсек, Аздрен Лулаку "Астана" сапында айына 40 мың еуро жалақы алатын көрінеді. Бұл басылым "енді ол алаңсыз футбол ойнай алады, тіпті Италиядағыдай мейрамханада қосымша жұмыс істеудің де қажеті жоқ" деп жазған болатын...

Содан соң, өткен жылдың аяғында Алматының "Қайратына" Георгий Жуков келді. Ресейдегі "Урал" (Екатеренбор) клубында бағы жанбай, алаңға көп шықпай, ақыры Қазақстанға қайта айналып келді. Өзі Қазақстан футболын біраз сынаған жігіт болатын...

Осы футболшы біздің елге ауысып келген соң көрші елдің sportsdaily.ru сайты: "Алматының "Қайраты" Георгий Жуковтың трансфері үшін Екатеренбордың "Уралына" 1 млн еуроға жуық қаржы төледі", – деп жазды. Бірақ бұл ақпарат та құпия күйінде қалды.

Түйін

Қанша дегенмен, бұрынғыдай емес, деңгейі мен шеберлігіне күмән келтіруге болатын легионер мен "асарын асап, жасарын жасаған" ардагер легі тыйылып келеді. Теңбіл доптың қас шеберлері де келе бастады. Жастарымыз солармен бірге ойнап, бірге жаттығып, тез жетіле түседі деп сенеміз.

Сондай-ақ қазір әр клубтың жылдық бюджеті де ашық айтылып қалып жүр. Мәселен бүгін Атыраудағы аймақтық коммуникация қызметі брифингінде облыс әкімінің орынбасары "Атырау" футбол клубының 2017 жылғы бюджеті 2 млрд теңге екенін тілге тиек етті.

Міне, бұған дейін айтылмай жүрген деректер әр жерден қылаң бере бастады. Алдағы уақытта бұдан да көп мәлімет жарыққа шығып, "коммерциялық құпияның" аясы тарыла беруі де мүмкін сияқты...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу