Гранаткин турнирі: Қазақ жастары күміс жүлдегер

2217

Валентин Гранаткин кубогы үшін Санкт-Петерборда өткен біріншілік өз мәресіне жетіп, Қазақстан жастар құрамасы 16 елдің арасынан 2-орынға ие болды. Жарысты ұйымдастырушылар да, футбол мамандары да қазақ футболшыларынан мұндай үздік ойын күтпегенін айтып, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Гранаткин турнирі: Қазақ жастары күміс жүлдегер Фото: granatkin.com

Біздің команда топтық бәсекеде 1-орын алып, ширек финалда былтырғы біріншіліктің чемпионы Словенияны 2:0 себімен ұтты. Бұдан соң жартылай финалда Грекия құрамасын 2:1 есебімен ұтып, 16 команданың арасынан суырылып финалдан бір-ақ шықты. Финалда жігіттер Ресей құрамасына қарсы ойнады. Ақтық сында жастарымыз әжептеуір қарсылық танытып, ресейліктердің есін шығарды. Бірнеше рет гол соғатын мүмкіндік те болды, шамалы ғана сәттілік жетіспеді.

Ал Ресей құрамасы ойынның 27-минутында есепті ашты. Ойындағы жалғыз голды Никита Поляков салды, айып алаңындағы қарбалас сәттердің бірінде біздің жігіттер абдырап қалды. Дегенмен қазақ жастары шараға жиналғандарды таңғалдырып, жанкүйерлерді өзіне баурай білді.

Біріншіліктің қола жүлдесі алаң иелері Санкт-Петербор командасына бұйырды. Олар 3-орын үшін Грекия құрамасымен таласқа түсіп, 4:2 есебімен жеңді.

Ресей-Қазақстан арасындағы финалдық ойыннан кейін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты кеште сөз алған ұйымдастырушылар мен арнайы келген қонақтардың барлығы дерлік Қазақстан құрамасы туралы небір мақтау сөздерін асырды, әсіресе шабуылшымыз 9-нөмірлі Еркебұлан Сейдахметті ерекше атап өтті. Өте шымыр, жылдам жігіт, болашақта жұлдызы жарқырайтын футболшы екенін айтты.

Тараз қаласындағы "Монтажник" командасының түлегі 2000 жылғы Еркебұлан Сейдахмет қазір 16 жаста. 4 ақпанда 17-ге келеді екен. Ол осы бәсекенің "Ең үздік шабуылшысы" атанып, арнайы кубокқа ие болды. Сондай-ақ тағы бір ойыншымыз 7-нөмірлі команда капитаны Айдос Орал біріншіліктің "Ең үздік жартылай қорғаушысы" танылды.

Айдос Орал құрамаға Қарағандының "Шахтер" командасынан шақырылды. 17 жастағы футболшы 5 сәуірде кәмелет жасына толады. Айдос бұл додада 3 гол соқты, ал Еркебұлан 2 гол ғана салғанымен қаншама рет нәтижелі пас шығарып, гол соғуға керемет мүмкіндіктер жасап бергенін атап өткен жөн. Сол үшін де "ең үздік шабуылшы" атанып отыр.

Ал жалпы біріншіліктің "Ең үздік футболшысы" атағына Ресей құрамасының қорғаушысы Никита Каккоев лайық деп танылды. "Санкт-Петербор" командасының шабуылшысы Ефрем Вартанян жарыстың "Ең үздік бомбардирі" атанды, ол жалпы 5 гол соқты. Ресейлік Станислав Уткин "Ең үздік қорғаушы" атағына ие болды.

Өкінішке қарай марапаттау рәсімінде "Үздік қақпашы" номинациясын көре алмадық. Бұл атаққа біздің голкипер Даниил Устименко әбден лайық еді. 16 жасар Даниил "Қайрат" командасының түлегі.

Сөйтіп 29-рет өткізіліп отырған "FIFA-ның бірінші вице-президенті Валентин Гранаткинді еске алу жарысы" аяқталып, барлық 16 команда тиісінше өз орындарын алды:

1. Ресей; 2. Қазақстан; 3. Санкт-Петербор; 4. Грекия; 5. Словакия; 6. Латвия; 7. Словения; 8. Болгария; 9. Әзірбайжан; 10. Белорусь; 11. Молдова; 12. Эстония; 13. Литва; 14. Иран; 15. Тәжікстан; 16. Үндістан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу