Қазақстан президенті "орталықазиялық турнесінің" мәнін түсіндірді

2134

Елбасы 16 қыркүйекте шағын "орталықазиялық сапарға" аттанады.

Қазақстан президенті "орталықазиялық турнесінің" мәнін түсіндірді

Соның қарсаңында Қазақстан президенті осы сапарының неге тек екі елді қамтитыны, бұл сапардан не күтетіні, баратын елдермен қарым-қатынастың бұрынғы және қазіргі ахуалын қалай бағалайтыны және басқасы туралы ақпарат құралдарына түсініктеме берді.

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы сенбі күні алдымен мемлекеттік сапармен Өзбекстанға атбасын бұрады. Мемлекет басшысы өзбектердің астанасы Ташкентте осы елдің жаңа басшысы Шавкат Мирзиёевпен жеке кездесу өткізеді. Онда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудың жолдары талқыланады деп күтілуде. Оның үстіне Қазақстан өткен түбегейлі әрі терең реформаларға қазір ғана кірісіп жатқан өзбектердің жаңа басшысына "Түркі әлемінің ақсақалы" атанған елбасының ақылы керек-ақ. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев та бұл елде қандай өзгерістер болып жатқанын өз сөзімен көріп, көңілге түйіп қайтары анық.

Мемлекет басшысы одан әрі 17 қыркүйекте жұмыс сапарымен Түрікменстанға барады. Сапар аясында Қазақстан президенті Ашхабадта жабық ғимаратта өтетін және жауынгерлік өнер сынға түсетін V Азия ойындарына қатысады.

"Көрші болған соң, олармен арамызда мәселелер әрдайым туындап тұрады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Сондықтан барысымыз өзбек және түрікмендерге сапармен шектелмейді, алдағы қазан айында Ресейге барамын. Талқыланатын мәселе әрқашан табылады".

Елбасы Өзбекстанмен қарым-қатынасымыздың дәл қазіргі жағдайына көңілі толатынын ашық айтты.

"Шынымды айтайын, қазір арамызда өте жақсы жағдай қалыптасуда. Мәселен, барлық өткізу бекеттері тегіс ашық. Біз емес, олар ашып отыр. Бұрын біздің астыққа үлкен акциз салығын салатын, қазір оны нөлге жақындатып, төмендетуде. Бұрындары тағы бір парадоксты жағдай болатын: өзбектер Ташкенттен Өзбекстанның басқа өңіріне тек Қазақстан арқылы, сол сияқты біздің азаматтар да Мақтааралдан басқа өңірге Өзбекстан арқылы қатынайтын. Бірақ бұл үшін қажет екі өткізу бекеті де жабылды. Жолдар бұзылды. Соның кесірінен біз 150 шақырым айналып жүретінбіз. Бүгінде мұның барлығы ретке келтірілді. Енді ары қарай бәрі қалыпты болады", – деді Қазақстан президенті.

Оның мәліметінше, тек биылғы жылы ғана Өзбекстанмен арадағы сауда 35 пайызға өскен. Бұл ретте өзбектердің еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтінін, яғни кедендік, көлік-тасымалда және басқасында қырғыздар пайдаланатын жеңілдіктерден қағылғанын ескерген жөн.

"Қазіргі көрсеткіштеріміз өте жақсы. Өзара тауар алмасу жүруде. Біз сондай-ақ мемлекетаралық қатынастарды және өңірлік мәселелерді талқыға саламыз", – деген Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы бағыттар Түрікменстанға сапардың да күн тәртібіне кіргенін жеткізді. 

Неге Орталық Азияда тек екі елге сапар жасалады? 

"Орталық Азияда шекаралары өзара бір жерде шектесетін үш ел бар, бұлар – Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан. Біз үшеуіміз "шекараның түйісетін тұсын" бекітуіміз керек. Бұл мәселе шешілген, проблема жоқ. Бірақ тиісті құжатқа қол қоюымыз қажет", – деп түсіндірді елбасы.

Ол Ашхабадта жауынгерлік жекпе-жек түрлерінен V Азия ойындары өтетінін айтты.

"Гурбангулы Мяликгулыұлы (Бердымұхаммедов) мені соның ашылу салтанатына қатысуға шақырды. Ол Астанаға менің шақыруыммен ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына келді ғой. Енді мен оның шақыруына баруға міндеттімін", – деп күлімсіреді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол үш ел өзара көлік тасымалы мен логистиканы дамыту арқылы жүк айналымын арттыруға мүдделі екенін алға тартты. Қазақстан мысалы, көліктік әлеуеті өз өнеркәсіптік топтарынан көп артылмайтын Ресейді бұлдантпай, Түрікменстан арқылы Парсы шығанағы елдеріне тікелей шыға алады.

"Оның үстіне Өзбекстан арқылы транзитке қатысты да мәселелер бар. Иран мен Түрікменстан шекарасынан бастау алатын жол Өзбекстанға барады. Біз де оны басып өтеміз. Бұл ертеде тұрғызылған. Бірақ осы жолда қазір тариф проблемалары сақталуда. Ал Каспий теңізін жағалай өтетін, Түрікменстан-Иран-Парсы шығанағы жаңа жолы қазір жұмыс жасайды. Тариф мәселелерін біз шешудеміз. Ол жақта дәл мұндай проблема жоқ. Ресей де, басқа да мемлекеттер бұл бағытты пайдаланып, жүре алады. Бұл Парсы шығанағына және Үндістанға шығарар өте қысқа жол", – деп түйді мемлекет басшысы.

Айтқандай, алдағы аптаның сәрсенбісінде өтеді деп күтіліп отырған мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы ескі келісімнің жаңартылған жобасын ратификациялайтын болады. Мәжілістің хабарлауынша, бұл құжаттағы жаңашылдықтар екі ел арасындағы жолаушылар тасымалын жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық негізді түзуге, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыстарды тереңдетуге және сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытуға бағытталады.

Жасыратыны жоқ, Орталық Азиядағы көшбасшылық үшін қатал бақталасқан Қазақстан мен Өзбекстан талай жаға ұстатар оқиғаларды бастан кешті. Өзбек шекарашылары екі ел шекарасындағы қазақстандық ауылдарға қырғидай тиіп, ерлер түгіл, қатындар мен бала-шағаны сабаған жағдайлары кезінде Қазақстан парламентінде талай көтерілген еді. Бұған әбден ызаланған қазақстандық шекарашылар тіпті өзбек әріптестеріне қарсы қару қолдануға тура келген кездер де болды. Тәуба делік, қазір олардың барлығы көрген "қорқынышты түстей" артта қалды. Өзбекстан президенті болып сайлана салысымен, елордаға сапар жасаған Шавкат Мирзиёев Орталық Азия өңіріндегі қазақ елі мен елбасының көшбасшылығын мойындайтынын білдірді.

Осыдан кейін биылғы жазда ел парламенті "Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерi туралы үкіметаралық келiсiмге" өзгерістер мен толықтырулар енгізетін хаттаманы ратификациялады.

Ол бойынша еліміздің Бейнеу стансасындағы теміржол өткізу бекеті Оазис стансасына ауыстырылуда.

Ең бастысы, "Қапланбек", "Қазығұрт" және "Атамекен" автомобиль өткізу бекеттеріне халықаралық (көпжақты) мәртебе беріліп, тәулік бойы жұмыс істейтін тәртіпке көшті. Одан басқа, тек жеңіл автокөліктерге арналған жаңа "Целинный" және "Сырдария" екіжақты (мемлекетаралық) өткізу бекеттері ашылды. Бұл бекеттерінден жүк пен коммерциялық мақсаттағы тауар өткізілмейді және кедендік рәсімдер аясындағы тауарға байланысты кедендік операциялар жүзеге асырылмайды. Олар қазақтар мени өзбектердің өзара барыс-келісін және қарым-қатынасын жақсартуға бағытталады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу