Оңтүстік Корея қазақстандықтарға қырын қарамайды

Дана Иман Дана Иман
2284

СІМ Оңтүстік Кореяның әуежайында болған оқиғаның мән-жайын түсіндіріп берді.  

Оңтүстік Корея қазақстандықтарға қырын қарамайды

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласы әуежайының көші-қон қызметі Алматы және Ташкент қалаларынан келген 15 шақты азаматтың елге кіруіне рұқсат бермей қойған. Бұл жайында өзінің Facebook парақшасында ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы  Әнуар Жайнақов хабарлаған болатын.

"Айта кетерлігі, олардың үшеуі ғана біздің елшіліктен жағдайды түсіндіріп беруді өтініп, көмек сұраған, ал  қалғандары өздерін неге кіргізбегенін білген сияқты. Қазақстандық дипломаттар  әуежайдың көші-қон қызметімен шұғыл байланысқа  шықты. Олар елшілікке хабарласқан екі адамды күтіп алушылардың өздері Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргенін, ал үшінші азаматтың елге келудегі мақсаты  күтіп алушымен сәйкеспегендігінен рұқсат берілмегенін айтты. Осы рейспен ұшып келген қазақстандықтардың басым бөлігі шекаралық бақылаудан кедергісіз өткен", – деп түсіндірді сыртқы саясат мекемесінің баспасөз хатшысы.

Ол Қазақстанның СІМ осы мәселе бойынша оңтүстік кореялық әріптестерімен үнемі кеңес жүргізетінін айтты.  Жақында Астана қаласында консулдық мәселелерге қатысты өткен екіжақты кездесу барысында Корея Республикасына туристік, іскерлік мақсатпен және емделуге барғандардың құқықтары мен бостандықтарына шектеу қою оқиғасы жиі орын алып отырғаны талқыланғанын жеткізді.  

"Кореялық дипломаттар орын алған жағдайға түсіністік танытып, таяу арада Сеулде өз елдерінің көші-қон қызметімен осы мәселе бойынша мекемеаралық кеңес өткізуге уәде берді. Сонымен бірге депортациялауға басты себеп болып отырған жайт – қазақтандықтардың заңсыз жұмыс істеуге көп баруында болып отыр. Өкінішке қарай, көші-қон тәртібін бұзатын адамдардың кесірі басқаларға тиіп жатыр", – деп түсіндірді Әнуар Жайнақов.

Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу