Отбасын қолдау "қамшылаумен" қатар жүреді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2375

Қазақстанда отбасын қолдау институты енгізілді. Ол "Өрлеу" жобасы аясында жұмыс істейтін болады.

Отбасын қолдау "қамшылаумен" қатар жүреді

"Өрлеу" жобасы 2014 жылдан бері Қазақстанның үш өңірінде – Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында ілкі жоба ретінде енгізілді. Жобада әлеуметтік келісімшарт жасаған тұлғаларға шартты қаржылай жәрдем беру қарастырылған. Әлеуметтік келісімшарт аясында табысы түгесіліп, күйзеліске ұшыраған әр отбасыны тұйықтан шығарудың жеке жоспары жасалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап ұқсас өңірлік ілкі жобалар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады. Мәселен, 2016 жылы, "Өрлеу" жобасына 40 мыңдай адам қатысты. Нәтижесінде жобаның еңбекке жарамды қатысушыларының 90,5%-ы еңбекпен қамтылып, жан басына шаққандағы орташа кірісі 2 еседен астамға өсті. 

Биыл болжам бойынша, "Өрлеу" жобасына 150 мыңға жуық аз қамтылған азаматты тарту жоспарлануда.

Әзірге 2017 жылдың алғашқы тоқсанында "Өрлеу" жобасына 48,3 мың адам немесе 8,2 мың отбасы қатысты. Бұл уақыт аралығында оларға 1,7 млрд теңге сомасында шартты ақшалай көмек көрсетілді (республикалық және жергілікті бюджет есебінен). 1 сәуірдегі жағдайға қарағанда, жобаға қатысушы отбасылардың 87%-ы еңбекке жарамды мүшелері тұрақты жұмыс орындары арқылы еңбекпен қамтылды.

Бір айта кетер жайт, келесі жылдан бастап, Қазақстанда аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек жайдан жай берілмейді. Егер ол отбасыда еңбекке қабілетті азаматтар болса, олар мемлекетпен әлгіндей келісімшарт жасасып, жұмысқа тұруы қажет. Бұл балаларының жәрдемақысына, немесе қарт әке-шешесінің зейнетақысына өмір сүретін жатыпішер жалқау еркектер мен әйелдердің ары қарай мемлекетке масыл бола беруіне тосқауыл қою үшін қолға алынуда. Мұны үкіметке ел басшылығы жүктеген болатын.

Нәтижесінде, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанның барлық өңірінде атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК, орысшасы "адресная соцпомощь") көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған. Ол "шартсыз" және "шартты" ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек – құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен, қарт зейнеткерлерге, мүгедектер отбасына) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты анаға) беріледі. Егер қарияны немесе кемтар жанды жұмыс жаса деп тізеге салса, ондай мемлекет қалай "әлеуметтік бағдарланған" болып табылмақ. Сондықтан мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін "жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу" талап етілмейді.

Ал "шартты ақшалай көмек" арқылы өмірде қиын жағдайда қалған отбасының еңбекке жарамды мүшелеріне әлеуметтік келісімшартқа отыру арқылы қосымша көмек ұсынылады.

Шартты көмек болашақта еңбекпен қамту арқылы тұрақты кіріс көзін қамтамасыз ету, кейінірек жұмысқа орналастыра отырып, жаңа мамандыққа оқыту мақсаттарына қажет болмақ. Жобаға қатысу кезінде қосымша ақшадай көмек беріледі.

Қиын жағдайдағы отбасының еңбекке жарамды және жасы 18-ден асқан мүшелерімен мемлекет "әлеуметтік келісімшартқа" отырады жәнне онда қатысушы тараптардың өзара міндеттері белгіленеді. Мысалға, өкілетті орган өмірде қиын жағдайда қалған нақты бір отбасыға бағдарланған дербес жоспар әзірлеп, әлеуметтік көмек алушылардың тіршілік деңгейіне мониторинг жүргізеді.

Осылайша, келісімшартта өкілетті орган мен отбасы жүзеге асыратын шаралар кешені көзделетіндіктен, Қазақстанда "отбасыны қолдау институты" жұмыс істей бастайды.

Ал егер келісімге отырған азаматтар белгілі бір себепсіз жағдайды жақсарту бойынша қарастырылған шараларға қатысудан бас тартса, еңбекке жарамды жобаға қатысушыға ескерту жасалып, қосымша шартты ақшалай көмек сомасы 50%-ға азаюы мүмкін. Дегенмен, балалар үшін шартты ақшалай көмек түріндегі әлеуметтік қолдау толық көлемде сақталып, отбасының еңбекке жарамды мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу-қатыспауына қарамастан, әр балаға АӘК төленеді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, өмірге жолдама алатын атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа ережелері туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова түсіндіріп берді. Оның айтуынша, біріншіден, АӘК Қазақстанда кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайызға кем отбасыларға төленеді. Екіншіден, аталған төлемдер отбасының барлық мүшелеріне беріледі.

"Отбасындағы әрбір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең келетін көлемде төлем жасалады. Былтыр бізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 22 мың теңге көлемінде болды, тиісінше, оның 60 %-ы шамамен адам басына 13 мың теңге болады. Сонда отбасында бес адам болса, 65 мың теңге шығады", – дейді вице-министр.

Алайда егер отбасыдағы сол бес (не үш) адамның бірі еңбек етуге қабілетті болса және ұсынылған жұмыстан бас тартса, онда алдағы жылдан бастап, дәл сол адамның әлеуметтік жәрдемақысының көлемі 50%-ға дейін төмендетіледі. Екінші мәрте бас тартса, төлемдер тоқтатылады. Бірақ балаларға тағайындалған қаражат төлене береді.

"Мәселен бір отбасында бес адам бар делік. Оның үшеуі еңбекке жарамды, қалған екеуі мектеп жасындағы балалар болсын. Жаңағы үш адаммен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Алдымен ол адамдардың табысы есептеледі, мал ұстамаса, басқа бір табыс көздері болмаса, олардың әрқайсысына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-ға, яғни 13 мың теңгедей әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Еңбекке жарамды үшеудің бірі қолдау шараларынан, яғни дайындық курстарына қатысудан, жұмысқа тұрудан бас тартса, үш бірдей адамның төлемақысы 50%-ға азаяды. Ал екінші рет бас тартса, мүлдем төленбейді. Бірақ екі баланың 26 мың теңгесі қала береді" деп мысал түрінде тарата айтты Светлана Жақыпова.

Сөйтіп, үйдегі бір кержалқау қалған екі адамға кесірін тигізеді. Бұл отбасыдағы жауапкершілікті арттыру үшін жасалыпты. Отбасыдағы адамдар бір-бірін жұмысқа орналасуға қамшылап отырады деп күтілуде.

Осылайша, Қазақстанда аз қамтылған отбасы мүшелеріне тек қаржылай көмек қана емес, жұмысқа орналасуға да көмек жасалады. Жұмыс табылмаса, мемлекет есебінен қосымша мамандықтарға оқытылады және білімі жетілдіріледі.  

Светлана Жақыпованың айтуынша, осы арқылы министрлік үйдегі адамдардың жәрдемақысына қарап отырған азаматтарды жұмысқа шығаруға кіріскен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу