2025 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері ашылады

803

Біздің елде ұшу барысындағы авиациялық қауіпсіздік пен техникалық бақылауға 2019 жылы құрылған "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" жауап береді. 

2025 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері ашылады Фото: canva.com

Жаңа әкімшілік ақпаратына сәйкес, соңғы 12 жылда 60 авиациялық апаттық жағдайлар тіркелген. Әуе кеңістігі тыныштығының бұзылуына көбіне дрондар, кибершабуылдар мен жалған ақпарат себепші болған. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жайлы, апаттың алдын-алу шаралары жайында "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" бас директоры Каталин Раду inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

– Қазақстанның авиациясында көбіне қандай апаттық не қауіпті жағдайлар тіркеледі? "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" төнген қауіппен қалай күреседі?

– Соңғы 12 жылда Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында 60 апаттық жағдай тіркелді. Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылар бөлінісінде мұндай оқиғалар көбіне авиациялық жұмыстарды жүргізумен айналысатындар арасында кездеседі – 75% (45 апаттық жағдай).

Ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздік пен азаматтық авиация саласының орнықты дамуына жауап беретін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 2023 жылы авиакомпаниялардың ҚР Азаматтық авиация саласындағы заңнамасы мен ИКАО стандарттарына сәйкестігіне 122-ден астам түрлі тексерулер жүргізді. Ұлттық заңнамаға азаматтық авиация саласындағы жоғары халықаралық стандарттарды ұстана отырып, ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасы тұрақты түрде енгізілуде.   

Сонымен қатар әуеайлақтарда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуеайлақ пайдаланушыларының сертификаттау талаптарына, халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеруге ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта отандық 24 әуеайлақ (әуежай) Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторлары сертификаттауынан өткен.

Тағы біп атап өтетіні – біз құрылғалы бері Қазақстан әуежайларының әуеайлақ маңындағы аумағында ұшу барысына кедергілерді болдырмау жолдарын іздестіріп келеміз, мысалы, әкімшілік жергілікті атқарушы органдармен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының әуежайларының айналасындағы жерлерді пайдаланудың ерекше режимі бар арнайы аймақтарды белгілеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізді, нәтижесінде келісілмеген объектілердің, кедергілердің, сондай-ақ құстардың жиналуына және ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыл шаруашылығы қызметінің саны азайды. 2023 жылы ӘК-нің әуеайлақтардағы құстармен соқтығысу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 58%-ға төмендеді.

– Әкімшілік авиациялық қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-қатерлер мен қауіпті жағдайлармен қалай күреседі? Жалпы авиациялық қауіпсіздік саласында қандай жаңа тенденция байқадыңыз?

– Қазіргі жағдай мен әлемдегі геосаяси ахуалды ескерсек, авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Жаңа сын-қатерлер ретінде азаматтық авиация объектілерінің киберқауіпсіздігі мен ақпараттық қорғалуы, сондай-ақ ұшқышсыз әуе кемесін пайдалану арқылы азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу қаупі мәселелері атап өтіледі.

Осы бағытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жоспарлы әрі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Оның ішінде халықаралық және өңірлік конференцияларға, кеңестерге және кездесулерге белсенді қатысып келеміз. Өйткені ИКАО-ға мүше басқа елдердің тәжірибесінен үлгі алу біз үшін өте маңызды. Жақында ғана, осы жылдың маусым айында Монреаль қаласындағы (Канада) ИКАО кеңсесінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері 2022 жылғы 30 қарашадағы өзінің 227-ші сессиясының алтыншы отырысында Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің шешіміне сәйкес ұйымдастырылған CYSECP/2 киберқауіпсіздік жөніндегі топтың екінші кеңесіне қатысты. Талқыланатын мәселелер мен қабылданған шешімдер тұтастай алғанда Қазақстан Республикасында Киберқауіпсіздік бойынша қолданылатын шаралардың тиімділігін арттыруға, жаңа байланыстар орнатуға, авиациялық киберқауіпсіздік саласында тәжірибе және әзірлемелер алмасуға, авиациялық киберқауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруге ықпал етеді.

Авиация қауіпсіздігіне нұқсан келтіруші факторлардың бірі – ұшқышсыз авиацияның белсенді дамуы болды. Дрондардың қол жетімділігі және пайдаланудың қарапайымдылығы олардың танымалдылығын арттырды. Салдарынан әуе кемелері ұшқанда аспандағы дрондар оларға кедергі келтіріп, апаттық жағдай тудырады. Біз ұшқышсыз ұшақ аппараттарын дұрыс пайдалану қағидаларын дайындап, нормативтік құжаттаманы (соған сәйкес, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімшілік шекараларында жер бетінен 200 м дейін ұшқышсыз авиациялық жүйелердің (дрондардың) ұшуына арналған аймақтар белгіленетін болады) әзірлеп жатырмыз, бірақ мәселе заңды шығаруда емес, оны халыққа жеткізуде. Әзірге отандастарымыз дрондардың қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін, тіпті, әуе апатына себепші болатынын түсіне бермейді. Сондықтан біздің әкімшілік осы бағытта түрлі танымдық шараларды, конференцияларды жиі ұйымдастырады.

– Авиация әкімшілігі басқа елдермен тығыз байланыста екенін түсіндік, ал осы серіктестіктің нәтижесі қандай болды?

– Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту авиациялық қауіпсіздік саласындағы негізгі мақсаттарға тезірек әрі тиімді жолмен қол жеткізуге ықпал етеді. Осы бағыттағы даму көрсеткіштерінің бірі Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бастамасымен Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан авиациялық билік өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия өңірі мен Кавказ елдерінің авиациялық қауіпсіздігі жөніндегі Үйлестіру тобы құрылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуежайларында авиациялық қауіпсіздік желісі бойынша АҚШ көлік қауіпсіздігі Әкімшілігінің сарапшылары АҚШ елшілігі жанындағы Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасы шеңберінде Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстерді дайындау бөлігінде авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйіне алдын ала бағалау жүргізді.

Бірінші сапар 2021 жылдың қазан айында өтті, онда TSA сарапшылары елдегі авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жоғары деңгейін атап өтті және азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау бойынша қабылданып жатқан шараларға оң баға берді. Қорытындылай келе, барлық тексерулерден сәтті өткендіктен, біз с ашылатынын қуана хабарлаймыз.

2023 жылғы 6-8 желтоқсанда Қазақстанда алғаш рет Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының қолдауымен TRIP ИКАО жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы бойынша өңірлік симпозиум өтті. Сала сарапшыларының технология мен инновация әлеуетін қолдану арқылы жолаушылардың ұтқырлық деңгейін арттыруды талқылады. TRIP ИКАО аймақтық симпозиумының жұмысына әлемнің 30 елінен 280-ден астам қатысушы қатысты.

– Авиациялық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін персоналды оқыту және даярлау үшін қандай шаралар қабылданады?

– Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша маңызды аспектілердің бірі – авиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандардың тиімді және сапалы жұмысы. Осыған байланысты, біз бірқатар іс-шаралар өткіземіз.

Мәселен, 2023 жылғы 7-11 тамыз аралығында Алматы қаласындағы ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі Оқу орталығының базасында "ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының нұсқаушыларын сертификаттау" өтті. Іс-шараны Париждегі ИКАО өңірлік бюросының өкілетті өкілі және ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сертификатталған нұсқаушысы өткізді. Аталмыш сертификаттау шарасына Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстан өкілдері қатысты.

ИКАО авиациялық қауіпсіздік нұсқаушыларын сертификаттау 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең ИКАО авиациялық қауіпсіздік нұсқаушылары үшін әкімшілік процесс болса, екінші кезең – "курстарды өткізуге қойылатын біліктілік талаптары" пәндік саладағы арнайы білімге емтихан (AVSEC SME), ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу жиынтықтарына сәйкес курстарды өткізу әдіснамасы бойынша бірқатар сынақтар мен презентацияларды қамтыды.

– Алдағы уақытта Авиация әкімшілігі қауіпсіздік мәселесінде неге ден қояды? Жоспарларыңыз қандай?

– Біз үшін негізгі қауіп, ол, әрине, терроризм. Теракт болу қаупі ұшақтағы жағдайды едәуір қиындатады, адамдардың әуе қауіпсіздігіне деген сенімін бұзады, экономикалық әрі саяси өмірге, ұлттық мүддеге нұқсан келтіреді.

Азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау жүйесінің тиімділігі бірінші кезекте авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің жұмысымен және әуежайларда қазіргі заманғы инженерлік-техникалық қауіпсіздік құралдарының талапқа сай болуымен расталады. Ал авиациялық қауіпсіздікке сенім жоқ болса, онда жолаушылардың, авиациялық персоналдың, әуе көлігі мен әуежай инфрақұрылымының қауіпсіздігіне күмән келтіріліп, тіпті, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнуі мүмкін.

Соңғы уақытта ел әуежайларында жалған хабарламалар мен қоңыраулар, тіркеуде немесе тексеру пункттерінде тыйым салынған затты алып кіру жағдайлары жиі тіркелетін болды.

Осының алдын алу үшін Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетімен және Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп, жоспарлы және жүйелі негізде елдің әуежайларында Бірыңғай авиациялық қауіпсіздік қызметін (АҚҚ бірыңғай операторы) құру жөнінде тиісті жұмыс жүргізуде.

Авиациялық қауіпсіздік қызметінің бірыңғай операторының жобасын енгізу орталықтандырылған басқаруды, әуежайларда авиациялық қауіпсіздік қызметтерін инженерлік-техникалық қайта жарақтандыру жөніндегі бірыңғай саясатты жүргізуді, авиациялық қауіпсіздік шараларын нығайтуға бөлінетін қаражатты мақсатты пайдалануды, сондай-ақ ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталықтарында кәсіптік даярлаумен және қайта даярлаумен бірыңғай кадр саясатын жүргізуді көздейді.

Болашақта авиациялық қауіпсіздік қызметінің бірыңғай операторын құру азаматтық авиация ұйымының қызметіне заңсыз араласу актілерін жасау қаупі төнген жағдайда жедел ден қоюға және уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу