Соттардың шешімдері бойынша қазақстандықтардың 2,7 триллион теңгеден астам қарызы бар

2411

1596 жеке сот орындаушы осы соманы өндіріп алуға тырысып жатыр.

Соттардың шешімдері бойынша қазақстандықтардың 2,7 триллион теңгеден астам қарызы бар

Жуырда өткен жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының IV съезінде жеке сот орындаушыларының институтын (ЖСИ) дамытудың 2018-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.

Жеке сот орындаушылар институты баспасөз қызметінің нақтылауынша, бағдарлама құжаттарды уақтылы орындауды, сот орындаушысы мамандығының беделін, оның қызметінің табыстылығын көтеруді, сондай-ақ сот орындаушылардың әрекетіне шағымдардың азаюын қамтамасыз ететін заңнамалық және ұйымдастыру шаралар кешенін қарастырылған. Сондай-ақ, бағдарламада атқарушылық іс жүргізудің жүйелі мәселелері мен оларды шешу жолдары көрсетілген.

Мысалы, 2016 жылы барлық атқарушы құжаттарды ЖСО "қоржынына" беруге байланысты олардың жүктемесі мен жауапкершілігі артқан, ал бұл атқарушы өндірісте қиындықтар туындатқан.

Қазіргі кезде Қазақстанда 1596 жеке сот орындаушы қызмет етеді, олар өткен жылы 159 мың алиментті қоспағанда, 2 трлн 778 млрд теңгенің көлемінде 2 494 371 атқарушылық іс жүргізген. Орта есеппен  алғанда бір жеке сот орындаушысына тиесілі жүктеме  айына 100-200 құжатты, кейбіреуінде 1000 және одан да көп құжатты құрайды. Бағдарламада ЖСО қызметінің төмен өтелімділігі бойынша мәселені оларға фактілерді  констатациялау, заңгерлік кеңестер және медиация бойынша  ақылы қызмет көрсету мүмкіндігін беру арқылы  заңнама тұрғысынан шешу жоспарлануда. Жергілікті жерлер ЖСО қызметімен толық қамтамасыз етілмеген. Жеке сот орындаушыларының 50%-дан астамы Алматы, Астана және облыс орталықтарында шоғырланған. Ал Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында ЖСО-ның жалпы санының бар болғаны 9 пайызын құрайды. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылдан бастап ауылдық жерлерде ЖСО кіру үшін мүшелік жарналар төленбейтін болды немесе төмендетілген мөлшерлемеде  белгіленді. Жеке сот орындаушыларын материалдық ынталандыру үшін 2020 жылға дейін қолданыстағы тарифтерді және олардың қызметіне ақы төлеуді қайта қарау жоспарлануда.

Бағдарламада ЖСО біліктілігін көтеру мәселелеріне ерекше назар  аударылған. Бұл бағыт бойынша 2018-2025 жылдарда институттың қызметінде ғылыми-әдістемелік функцияларын қамтамасыз ету жүктелген "Жеке сот орындаушыларының және олардың көмекшілерінің оқу орталығы" мекемесін дамыту жоспарланды. Жыл сайын оқу орталығында 350 жеке сот орындаушылары мен олардың 400 көмекшісі кәсіби білімін жетілдіретін болады.

Президент жолдауы және "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарушылық іс жүргізу процесін 80%-ға дейін автоматтандыру және "Е-атқарушылық іс жүргізу" жүйесін  енгізу қарастырылған. Сондай-ақ борышкердің елдегі кез келген банкомат немесе кассалық бөлімше арқылы берешегін жаба алуы үшін барлық екінші деңгейлі банктердің базасымен интеграциялауды жүргізу жоспарларланып отыр. 

"100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 27-қадамына және 2025 жылға дейінгі бағдарламаның ережелеріне сәйкес "Кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдасын немесе заңнаманы жете талдау негізінде жаңа редакцияда атқарушылық іс жүргізу туралы заң жобасы әзірленетін болады.

2018-2025 жылдарға арналған жеке сот орындаушылары институтын дамыту бағдарламасы парламент депутаттарының қатысуымен өткен қоғамдық комиссияда мақұлданды.

Гүлназ Ермағанбетова, Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу