Тергеушілер мен инспекторларға планшет беріледі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2966

Шекара аумағында, әуежайларда қарызды өтеу үшін борышкерлерге жағдай жасалмақ. 

Тергеушілер мен инспекторларға планшет беріледі Фото: informburo.kz

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында ішкі істер министрлігінің үш инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ. Олар – "Полицияның учаскелік инспекторы" ақпараттық деректер базасы, "Тергеуші" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және шағын қалалардың жедел басқару орталықтарын құру жобасы.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, барлық учаскелік инспекторлар үшін ІІМ-нің орталықтандырылған ақпараттық деректер базасы қолжетімді болуы керек. Ол үшін инспекторлар планшеттермен қамтамасыз етілмек. Олар планшеттің көмегімен кез келген уақытта және кел келген жерде өзіне қажетті мәліметке қол жеткізе алуға тиіс.

Сонымен қатар, тұрғындардың учаскелік инспекторға онлайн-режимде өтініш білдіруіне жағдай жасалмақ. Ол үшін арнайы интернет-алаң құру жоспарлануда. Осылайша, тұрғындар өз өтініштері туралы нақты ақпарат алып отырады. Қалмұханбет Қасымов атап өткендей, бұл жобаның құны – 2,7 млрд теңге. Бүгінде жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген.

"Екінші жоба "Тергеуші" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі деп аталады. Барлық тергеуші мен анықтаушыны атаулы планшеттермен қамту жоспарлануда. Бұл қадам қылмыстық істерді тергеу сапасын жақсартып, процесті едәуір жеделдетеді деп күтілуде. Осылайша, тергеушілер үшін мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық ресурстары қолжетімді болмақ.

"Жүйеде тергеуші үшін барлық өтініш бланкілері қарастырылған. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу процестерінің барлығы автоматтандырылған болады. Атап өтерлігі, бұл жаңашылдық Бас прокуратураның қолданыстағы жүйесін қайталамайды. Керісінше, бір-бірін толықтырып отырады", – деді ішкі істер министрі үкімет отырысында.

Қалмұханбет Қасымовтың сөзінше, "Тергеуші" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жобасын жүзеге асыру үшін 2,4 млрд теңге қажет.

Шағын қалалардың жедел басқару орталықтарын құру – "Цифрлы Қазақстан" аясында жоспарланып отырған үшінші жоба. Қазіргі таңда мұндай басқару орталықтары Астана мен Алматы қалаларында және облыс орталықтарында жұмыс істеп тұр. Орталықтың басты мақсаты – қала көшелерінде, қоғамдық орындарда орын алған құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету.

Министрдің сөзінше, басқару орталықтарын шағын қалаларда да құру өзекті болып отыр. Бүгінде Жаңаөзен, Рудный, Хромтау, Семей және Щучинск секілді бес қалада тиісті орталықтар құрылып, жұмыс істеуде. Жоба аясында тағы 30 қаланы қамту жоспарланған.

"Бұл жобаның құны – 17 млрд теңге. Алайда, ішкі істер министрлігінің аталған жобасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған жоқ. Жалпы, 2018-2020 жылдары бұл жобаны жүзеге асыру үшін 6,3 млрд теңге қажет", – деді Қалмұханбет Қасымов.

Оның айтуынша, бүгінде 863 планшет бар екен. Тағы 644 планшет керек. Министр үкімет басшысынан бюджетті нақтылаған кезде бұл жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға қаржы қарастыруды ұсынды.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, қазір қылмыстық істі онлайн-режимде жүргізуге болады. Бүгінде 250 қылмыстық іс электронды форматта қаралып жатыр. 33 іс сотқа жіберілген.

"Қылмыстық істі онлайн-режимде жүргізудің тиімді тұсы өте көп. Біріншіден, шалғай жердегі қылмыстық істерді жүргізу жұмысын ішкі істер министрі де, Бас прокурор да қадағалай алады. Екіншіден, мұндай жағдайда фальсификацияға жол берілмейді. Үшіншіден, адвокат та, зардап шеккен адам да мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмай, арызды электронды нұсқада бере алады", – деді Марат Ахметжанов.

Бас прокурордың орынбасары құқық қорғау қызметі мен сот сараптамасын цифрлы жүйеге көшіру бағытындағы түйіткілдерді де атап берді. Біріншіден, сигналдың күші әлсіз. Осының салдарынан электронды жүйенің жұмысында ақаулар жиі орын алады. Екіншіден, құрал-жабдықтар тапшы.

"Өкінішке қарай, сот залдарының бәрі тиісті теxникамен жабдықталмаған. Сондықтан отырыстарды жаңа форматта өткізу мүмкін болмай отыр. Тергеушілерге кеңсе теxникалары және тағы басқа материалдар жетіспей жатады. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясындағы пилоттық жобаларды іске асыру барысында маңызды бір мәселе анықталды. Жергілікті жерде тергеушілер мен қылмыстық процестің басқа да қатысушылары компьютерлерде кезектесіп жұмыс істеуге мәжбүр", – деді Марат Ахметжанов.

Әділет министрі Марат Бекетаев баяндағандай, ведомства "Қазпошта" АҚ-мен бірлесіп, борышкерге қарыздарын төлеу үшін мемлекеттік шекара аумағында, сондай-ақ қалалар мен облыстардың қоғамдық орындарында кассалық қызмет көрсету пунктері мен терминалдар орнатпақ.

Мәселен, өткен жылдың маусым айында Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Қызылорда және Өскемен қалаларының әуежайларында "Қазпошта" терминалдары арқылы берешекті өтеу қызметі енгізілген.

Жақын арада Қазақстанның халықаралық қатынастағы барлық әуежайларын және "Қорғас", "Қордай", "Жаңажол", "Жібек жолы" секілді ірі шекаралық өткізу пункттерін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу