Үкімет кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлының бастаған ісін әрі қарай жүзеге асырмайтын болды

1586

Жаңа министрдің командасы шетелдіктердің ашуын туғызған алым-салықты жинаудан ақыры бас тартты, деп жазады inbusiness.kz cайты.

Үкімет кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлының бастаған ісін әрі қарай жүзеге асырмайтын болды Фото: kazpravda.kz

Сонымен, биылғы 2024 жылдан бастап, елімізге келген барлық туристерден бір алым-салық түрі алынбайды. Ол халықаралық терминологияда "bеd tax", ал ұлттық заңнамамызда "туристік жарна" деп аталған еді.

Жарна 2022 жылы енгізілді, алайда тиісті нормативтік құқықтық актілер дайын болмағандықтан тек 2023 жылғы 1 қаңтардан бері жинала бастады. Оның көлемін әр өңірдің жергілікті мәслихаты өз бетінше бекітетін. Жергілікті өкілді билік әр туристің өңірде болу құнынан, яғни туристік жолдама бағасынан 1-5% көлемі аралығында жарна жинау туралы жеке-жеке шешім қабылдады.  

Заң бойынша туристік жарна шетелдіктерден қонақүйлерде тұратын әрбір тәулік үшін алынады. Яғни, төрт күн түнеп, бесінші күні ұшып кетсе де, 5 күнге төлеуі шарт еді. Бұл шетелдік қонақтардың ашынысын туғызды. Мұны ғаламторда қалдырылған пікірлерден байқауға болады.

Bеd tax-тан республикада хостелдерге, guest house-тарға ("гостевой дом") тоқтаған немесе пәтер жалдап тұрған туристер ғана босатылды.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шәйкенова бастапқыда өздерінің bеd tax-ты қолдағандарын айтады. Себебі, өркениетті елдердің көбісі туристік жарнамен жұмыс істейді. Бұл – туризм саласын дамыту және туристерге арналған көрнекті жерлерді күтіп ұстау үшін қажетті қаражатты қамтамасыз етеді.

Алайда былтырдан бастап енгізілген 5%-ға дейінгі мөлшердегі ставка ішкі туризм нарығының ойыншылары тарапынан екпінді қарсылық туғызыпты.

"Жарна көлемінің бөлме құнымен байланыстырылуы бізге ұнамады. Неге Қазақстанға келіп, 5 жұлдызды қонақүйді таңдаған турист өзгеге қарағанда көбірек төлеуге тиіс? Жазығы – жайлылықты қалағаны ма? Содан біз bеd tax-ты нөмір құнымен байланыстыруға қарсы шықтық. Тағы бір проблема – туристік жарнадан түскен қаражаттың нысанасы. Біз оны тікелей туризм саласын дамытуға, соның қажеттіліктерін өтеуге ғана бағыттауды ұсындық. Бірақ ұсыныстарымызға ешкім құлақ аспады. Ал саланың проблемалары жетіп артылады. Сонымен бір мезгілде туризмге арналған әлгі қаржы ортақ бюджетке судай сіңіп, тастай батады. Біз ол жарнадан ішкі туризмге қандай пайда барын да білмейміз", – деді Рашида Шәйкенова.  

Туристерді ашындырған тағы бір жайт әшкереленді. Шетелдік турист аталған жарнасын төлемесе, елден шыға алмай қалуы мүмкін. Ол төленбесе, туристі елге тартқан турфирма зардап шегеді.

Бұл ретте туроператорлардың мәліметінше, көптеген қонақүйлер қауіп қылып, өзіне түскендерден bеd tax алынғанын растайтын қаржылық құжаттарды беруден бас тартады екен. Сарапшы Р.Шәйкенованың түсіндіруінше, қонақүйлер "ертең bеd tax туралы түсінігі шамалы мемкірістер департаментінің қызметкері келіп, бір шикілікті табады және сол соманы кіріске жатқызып, қосымша салық төлеуді талап етеді" деп қорқатын болған.

Жарна сомасы шағын емес. Оны қонақүй жинап, 3 айда бір рет салық органдарына тапсырып тұруға тиіс. Оны әкімшілендіру де оңай шаруа емес.

Жалпы, туристік жарнаны енгізу – Мәдениет және спорт министрлігін басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлының 2019 жылдан ілгерілеткен бастамасы және мұрасы болатын. Ол bеd tax-тан түскен мол қаржыны "қазақстандық туристік брендті шетелде насихаттауға жұмсауды" жоспарлады.

Бұл бастама "Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына" енгізілді. Бұл мембағдарламаның күші ел Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №262 қаулысымен ғана, бертінде жойылды.

"Біз Грузия, БАӘ, Чехия секілді елдердің тәжірибесі бойынша ішкі туризмді дамытып, оны шетелде ілгерілету сапасын арттыруды ұсынып отырмыз. Бұдан бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін bеd tax үлгісінде туристік жарна енгізіледі. Оған сәйкес, тек шетелдік азаматтардан елде болған әр күні үшін 2,4 доллар көлемінде алым жиналады. Бірінші кезеңдегі қаржылық түсімдер бюджетке жүктемені төмендетеді. Бүкіл туристік жарна Kazakh Tourism ашқан бюджеттен тыс есепшотқа түсетін болады. Осы арқылы ұлттық компания өзін өзі қаржыландыруға шығады және өзін ұстап тұруға жұмсалатын бюджеттік шығыстарды азайтады. Жарнаның бір бөлігі қазақстандық туристік өнімді ілгерілетуге жұмсалады", – деп дәйектеген болатын аталған мембағдарлама қабылданарда А.Мұхамедиұлы.

Сол кездегі министр bеd tax миллиардтарының аталған ұлттық компанияға берілуін қатты қалады.

Оның пікірінше, сонда бұл тетік елімізге өз бетінше, тіпті өз көліктерімен келіп, кемпингтерде не арзанқол баспаналарда түнейтін, тіпті "Доширактарына" дейін өзімен ала келетін ресейліктерді, өзге де "жабайы туристерді" қонақүйлерге тоқтауға тарту, туристік саланы "сұр аймақтан" шығару бағытында күш салып, пәрменді жұмыс жасауға Kazakh Tourism-ді ынталандырады.

Өйткені ұлттық компанияның бюджеті де соған тікелей тәуелді болады. Алайда туристік жарна енгізілгелі бері Kazakh Tourism өзін өзі қаржыландыруға қол жеткізбеді. "Жабайы туризм" де сол бойы жойылмады.

Өйткені сарапшылардың айтуынша, ол қаражаттар мемкірістер органы белгілеген шотқа түсіп тұрыпты.

Енді міне, Қазақстан туристерден bеd tax алымын жинайдан бас тартып отыр.

Жаңадан құрылған Туризм және спорт министрлігі "Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларын бекіту туралы" Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 14 шiлдедегi №181 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушы (вице-министр) Серік Жарасбаевтың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №347 бұйрығын жариялады.

Бұйрық күшіне енді.

"Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларын бекіту туралы" ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 14 шiлдедегi №181 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін. Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларында 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: 5. Туристік жарнаға орналастыру орындарында болу құнынан 0 (нөл) пайыз мөлшерінде ставка қолданылады", – делінген бұйрықта.

Яғни, бұдан байқалғаны, Қазақстан елімізге келген шетелдік саяхатшылардан bеd tax жинаудан бас тартты. Бірақ bеd tax идеясынан түбегейлі бас тартқан жоқ. Ол ұлттық заңнамада әзірге қалып тұр. Тек нөлдік ставка бекітілгендіктен, жиналмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу