Жеңіл атлетикамызға "жан бітті"

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1973

"Спорт падишасынан" Қазақстан спортшылары Азия чемпионатында төрт алтын олжалап, 15 жыл бұрынғы ерен жетістігімізді қайталады.

Жеңіл атлетикамызға "жан бітті"

Үндістанның Бхубанешвар қаласында жеңіл атлетикадан ХХІІ Азия чемпионаты аяқталды. Төрт күнге созылған "Сарықұрлық" біріншілігінде Қазақстан спортшылары 8 (4 алтын, 2 күміс, 2 қола) медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Бұл – отандық "Спорт падишасы" өкілдерінің соңғы 15 жылдағы ең үздік көрсеткіші...

Иә, кейінгі жылдары жеңіл атлетикамыздың жағдайы нашарлап, қыз-жігіттеріміздің көрсеткіштері төмендеп кеткен. Алайда, бағымызға біткен жарық жұлдызымыз, яғни үш қарғып секіру сайысының үздігі Ольга Рыпакованың арқасында бұл олқылығымыз "білінбей" келді. Десек те, өткен жылдың соңында спорт саласының басшылары ҚР жеңіл атлетика федерациясының президентін ауыстырды.

Аталған лауазымды қызметке Әділбек Жақсыбеков сайланып, содан бері жеңіл атлетикамызда көптеген өзгерістер жүзеге асты. Биылғы көктемде ұлттық құраманың бас бапкері ауысты. Жеңілатлеттерді сырықпен секіруден 1988 жылғы Сеул олимпиадасының қола жүлдегері, еліміздің әйгілі спортшысы Григорий Егоров жаттықтыра бастады.

Жаңа жаттықтырушылардың жетістіктері көп күттірген жоқ. Жеңілатлеттеріміз жақында ғана Алматыда өткен, Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде көңілге қонымды нәтижелер көрсетті. Енді, міне, екі жылда бір өтетін Азия чемпионатының жалпы командалық есебінде үшінші орынға ие болып отыр. Құрлық біріншілігіне 43 мемлекеттен 800-ден астам спортшы қатысқан болатын. Бірінші орынды чемпионат қожайыны Үндістан спортшылары иеленді – 29 медаль (12 алтын, 5 күміс, 12 қола). Екінші орын 20 (8 алтын, 7 күміс, 5 қола) жүлде жеңіп алған Қытай атлеттеріне бұйырды.

Қазақстан жеңілатлеттерінің бұл жетістігі елеусіз қалған жоқ. ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған жеңілатлеттерімізге құттықтау хат жолдады. Өйткені, соңғы жылдары спорттың дәл осы түрінен мұндай жоғары жетістікке қол жеткізе алмай жүрген болатынбыз.

Рас, 2007 жылы да төрт алтын алғанбыз. Бірақ Иорданияда өткен құрлық біріншілігінде 4 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 6-орынға ие болғанбыз. Ал 2002 жылы Шри-Ланкада 6 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте үшінші орынды иелендік. Алдымызды тек Қытай және Катар құрамалары орап кеткен.

Биылғы Азия чемпионатында қысқа қашықтыққа жүгіретін желаяқ қызымыз Виктория Зябкина ерекше көзге түсті. Ол үш дүркін Азия чемпионы атанды. 100 және 200 метрге жүгіруден алдына жан салған жоқ. Сондай-ақ 4х100 эстафетасында құрбыларымен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Айтпақшы, биылғы Азия чемпионатына Ольга Рыпакова барған жоқ. Ол әлемнің маңдайалды үздіктері арасындағы "Гауһар лига" сайыстарында бақ сынайды. Қазақстан құрамасындағы қыздар Ольганы жоқтатпай, Бхубанешвардегі Азия чемпионатында, жеңіл атлетиканың осы түрінен (үш қарғып секіруден) бірінші және екінші орындарды жеңіп алды.  

Сонымен, ХХІІ Азия чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлері:

Алтын

1) Виктория Зябкина – 100 метр;

2) Виктория Зябкина – 200 метр;

3) Әйелдер арасындағы 4х100 эстафетасы – Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Ольга Сафронова және Виктория Зябкина;

4) Мария Овчинникова – үш қарғып секіру.

Күміс

1) Ольга Сафронова – 100 метр;

2) Ирина Эктова – үш қарғып секіру;

Қола

1) Ольга Сафронова – 200 метр;

2) Иван Иванов – ядро серпу.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу