Жұмыс берушілердің иығындағы жүктеме 5 пайызға жеңілдейді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1645

Қазақстанда бір айдан кейін зейнетақы мен жәрдемақы өседі.

Жұмыс берушілердің  иығындағы жүктеме 5 пайызға жеңілдейді Фото: sputniknews.kz

Бүгінгі жалпы отырысында мәжіліс депутаттары үкіметтен келіп түскен тиісті заң жобасын шұғыл түрде мақұлдады. 

"Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын депутаттарға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ұсынды.

Оның айтуынша, бұл заң жобасы мемлекет басшысының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты 2017 жылғы 31 қаңтарда ресми баспасөзде жарияланған жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленген.

Бұл құжатқа сәйкес, биылғы жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақылардың мөлшері, 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылатын болады.

Сондай-ақ сол 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшерін де 20%-ға өсіру көзделуде.

Жобаның басқа да жаңалығы бар: ол қазіргі күйзелісті кезең қиыншылықтарын ескере отырып, бизнесмендердің, жалпы барлық жұмыс берушілердің өз жұмысшылары үшін еңбекақысының 5% көлемінде міндетті зейнетақы жарна төлеуін енгізу қарастырылған мерзімді алдағы 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыруды көздейді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, 2017-2018 жылдар аралығы, республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері біртіндеп көтерілетін болады. Ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын болады. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 13%-ға артады. Нәтижесінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшерінің 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін жоғарылауын қамтамасыз етеміз. Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды", - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Осы өзгерістерді есепке алғанда, ең төменгі зейнетақы мөлшері, 2016 жылдағы 37 789 теңгеден (базалық зейнетақыны есептегенде) 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, 45  711 теңгеге дейін көтеріледі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін жоғарылайды. 

Бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7%-ға артқан болса, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға ұлғаяды. Нәтижесінде, 2016 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы өсім 27%-ды құрайды.

"Егер 2016 жылы бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 71 270 теңгені, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 86 222 теңгені құрайтын болады. Бала туғанға байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы төртінші және одан кейінгі балаларға ағымдағы жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 118 мың теңгеге дейін жоғарылады, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 142 947 теңгеге тең болады", - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Жалпы, зейнетақылар мен аталған жәрдемақы түрін ұлғайтуға, республикалық бюджеттен 81,6 миллиард теңге қарастырылған.

Осылайша, Қазақстанда зейнеткер жасындағы азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік және зейнетақы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ балалы отбасыларды және азаматтардың осал санаттарын қолдау жөніндегі шараларды күшейту бағытында жұмыс жүргізілмек.

Бұл заңға депутаттар да өз өзгерістерін енгізе алды. Атап айтқанда жаңадан құрылған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау министрліктері арасында функциялардың аражігін ажырату мақсатында "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" заңды өзгертті. Сондай-ақ қалаулылар "арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі көрсетілетін, өмірлік қиын жағдайдағы адамдар тізбесін толықтыру үшін осы жоба арқылы қолданыстағы "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" заңға түзетулер енгізді.

Мұның сыртында депутаттық түзетулер нәтижесінде Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне азаматтардың аударылған міндетті зейнетақы жарналары бойынша барлық шағымдары қарау өкілеттігі берілді.

Тамара Дүйсенова осы заң жобасын жұмыс тобында талқылау барысында, депутаттар Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі түзетулер, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормалары мен мазмұнын жақсартатын ұсыныстар енгізгенін айтты.

Жұмыс тобына 70-тен астам түзету келіп түсті, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, күш құрылымдарының, Ұлттық банктің, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының, кәсіподақтар федерациясының, сондай-ақ парламентке кіре алмаған "Ауыл", ЖСДП Астана филиалының, "Бірлік" партиясының, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 4 отырысында қаралған.

Мәжілістің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берген.

Осылайша, "Астана күні" мерекесі қарсаңында еліміздегі барлық зейнеткерлер мен перзентті дүниеге әкелген аналар көңілін бір жадыратар жаңалықтары бар заң жобасы өмірге жолдама алатын болды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу