"Астанадағы ЕХРО – елімізді ілгерілетудің жаңа белесі"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2451

Бүкіл әлем көз тіккен халықаралық мамандандырылған ЕХРО-2017 көрмесі ашылды.

"Астанадағы ЕХРО – елімізді ілгерілетудің жаңа белесі" Фото: akorda.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық мамандандырылған ЕХРО-2017 көрмесін салтанатты түрде ашылуымен құттықтады.

"2012 жылдың  қараша айында Парижде халықаралық көрме бюросы мүшелері – 100-ден астам мемлекеттің өкілі бізге үлкен құрмет көрсетіп, осы көрмені өткізуге сенім білдірді. Біздің өтінішімізді және ұсынған тақырыбымызды қабыл алғандары үшін барлық елдерге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауқымдағы көрме – бір мемлекеттің ғана атқарған ісі емес, бұл – осында өз жетістіктерін көрсетуге келген халықаралық қоғамдастықтың еңбегі. Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі – жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және "Қазақстан" ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз "Болашақтың энергиясы" тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогресстің бел ортасында болуды қалаймыз" , – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы көрме жаһандық үрдіске өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Елбасы көрмеге келгеннің барлығын еліміздің басқа да өңірлерін аралап көруге, бірегей табиғатымызбен және тарихи мұрамызбен танысуға шақырды.      

"Сіздерді барлық жерде құшақ жайып қарсы алады. Көрмені реми түрде ашық деп жариялаймын. Қазақстанға қош келдіңіздер", – деді ол.

Көрмені  басты нысаны – жер шарын бейнелейтін "Нұр Әлем" сферасында "Болашақ Астана 2050 жылы" экспозициясын көруге болады.   

"Көрмені аралаушылар назарына басты нысан – жер шарын бейнелейтін "Нұр Әлем" сферасы ұсынылады. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Сфераның өзегінде біздің ұлттық павильон орналасқан. Онда қазақстандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген Қазақстанмен танысу аймағы және "Жасампаз энергия" аймағы бар. ЭКСПО көрмесіне мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициясы әкелінді. Екі тақырыптық павильонда энергетиканың эволюциясы, оның ХХІ ғасырдағы проблемалары және осы саладағы технологиялық өрлеу сәті көрсетіледі", – деді мемлекет басшысы

Осыған орай, "Үздік тәжірибелер аймағы" павильоны баламалы қуат көзін алу саласында жүзеге асырылған түрлі технологиялар мен жобаларға арналған. 

Нұрсұлтан Назарбаев "ЭКСПО-2017" көрмесі аяқталған соң оның инфрақұрылымы одан әрі пайдаланылатыны туралы да айтып кетті.

"Бұл жерде "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. "Жасыл" технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЭКСПО-дағы "инновацияның тамыр соғысы" жалғасатын болады", – деді ол.

Сонымен қатар көрме аумағында IT-стартаптардың халықаралық техносаябағы ашылады.

Соңында мемлекет басшысы "ЭКСПО-2017" көрмесін дайындау үдерісіне қатысушылардың барлығына шынайы қолдау көрсетіп, көрме идеясын жүзеге асыруға атсалысқандары үшін алғыс білдірді.

Көрме 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін болады. Ұйымдастырушылардың мәліметтері бойынша, көрмеге 2,4 миллион адам келеді. Олардың 15 проценті шетелдік турист болмақ. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ЕХРО-ға миллионнан астам билет сатылған. "Астана ЕХРО-2017" көрме кешенінің жалпы аумағы 174 гектар. Көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысады. 

ЭКСПО бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді.  

"Көрме барысында өтетін іскери бағдарлама – көрмені өткізудің маңызды бөлігі болады. Бірқатар халықаралық іс шаралар өткізіледі. Олардың қатарында Астана экономикалық форумы, шетелдік инвесторлар кеңес, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті және т.б. бар. Қатысушы елдердің ұлттық күні, тақырыптық іс шаралар және көптеген ойын-сауық, спорттық шарала өтеді. Көрме халықаралық өзараәрекеттесуге әкелетініне сенімдімін. Көрме ғылымды дамытып, ел экономикасын жаңғыртуға сеп болады", – деді мемлекент басшысы.

Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне 17 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Олардың арасында Чехия Республикасының президенті Милош Земан, Люксембург Ұлы Герцогтігінің премьер-министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Армения президенті Серж Саргсян, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Сербия президенті Александр Вучич, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов, Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Испания королі Филипп VI, сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путин бар.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу