АҚШ-тың Таяу Шығыста не көздегені бар? Соғысты тоқтатуға неге ынталы емес?

3095

Қызыл теңіздегі әскери жанжал әлемде тауарлардың одан әрі қымбаттауына соқтырды.

АҚШ-тың Таяу Шығыста не көздегені бар? Соғысты тоқтатуға неге ынталы емес? Фото: arabamerica.com

Хуситтердің Қызыл теңіздегі лаңкестігі Украина, Молдова, Түркия, Еуроодақ елдерінен тасылатын өнімдердің экспортына қауіп төндірді.  

Суэц каналы арқылы Жерорта теңізімен байланысатын Қызыл теңіз айдынымен әлемдік сауданың шамамен 12-14%-ы, соның ішінде контейнерлік тасымалдың 30%-ы жүзеге асырылады.

Ағымдағы жыл аяқталуға таяғанда хуситтер, яғни Йемен елінің аумағында әрекет ететін шиит-зейдиттердің әскерилендірілген тобы "Израильден Газаның кегін қайтару үшін" түрлі кемелерге шабуыл жасай бастады.

Әлеуметтік желіде теңіз капитандарының жазуынша, олар тек Израильге бет алған немесе ұлты еврей азаматтарға тиесілі тасымалдаушы компаниялардың кемелерін, танкерлерін шабуыл нысаны ретінде таңдайды. Ал мұндай фирмалар көп.

Хуситтер ондай кемелерді ғарыштық навигация жүйелері және транспондерлері арқылы тауып, не тікұшақпен, немесе шағын кемелермен шабуылдап, басып алады. Қарулы содырлардың өз қолына түсірген Galaxy Leader жүк кемесінде автоматпен билегені бейнеленген видео әлемдік ақпарат айдынын аралап кетті.

Хуситтердің шабуылы әлемдік жүк компанияларын Африканы айналып өтуге мәжбүрледі, бұл жаһандық сауда-саттықтың елеулі бөлігінің басқа бағыттарға қайта бағдарлануына соқтырды. Бұдан бір жағынан транзит тасымалынан пайда табатын Йеменнің өзі де зардап шекті. Екінші жағынан, мұнайды, азық-түлік өнімдерін және тұтынушылық тауарларды жеткізу шығыны мен құнының күрт артуына ықпал етті.

Дүниежүзілік кеме тасымалының кем дегенде 12 алыбы, соның ішінде италиялық-швейцариялық Mediterranean Shipping Company, француздық CMA CGM, германиялық  Hapag-Lloyd, даниялық AP Moller-Maersk қауіпсіздік үшін алаңдап, Қызыл теңіз арқылы жүзуін доғарды.

Британдық мұнай алпауыты BP (Бритиш Пэтролиум) өз танкерлері бұдан былай аталған айдынды алыстан орағытып өтетінін мәлімдеді.

EastFruit сарапшыларының дерегінше, азаматтық кемелерге шабуылдар кесірінен өнімдердің жеткізілімі 20 күнге дейін кешігетін болды. Бұл әсіресе, тез бұзылатын жеміс-көкөніс үшін жарамайды. Сарапшылар ахуал бұлай нашарлай берсе, әлемдік нарыққа қатер төнетінін болжады.

"Украиналық экспорттаушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарыққа жеткізуде онсыз да жан-жақтан – Ресей, сондай-ақ Еуроодаққа кіретін көршілері тарапынан қыспаққа тап болды. Енді бұған Таяу Шығыс нарығына жеткізудегі проблемалар қосылуы мүмкін. Араб елдері – украиналық алманың негізгі тұтынушысы саналады. Ұқсас қиыншылыққа Италия, Молдова, Польша өндірушілері де килікті. Мұндай жағдайда Иранның экспорттаушылары артықшылыққа ие болады. Себебі, олар Үндістан, Дубай сияқты ірі нарықтардағы басты бәсекелестерінен арылады", – деді жеміс-көкөніс нарығының сарапшысы Федор Рыбалко.

Бұл елдердің жеткізушілері бұзылып кетуі мүмкін жеміс-көкөністерді жедел түрде басқа нарықтарға қайта бағдарлауға күш салуда. Алайда бұл тасымал мен фрахт құнының күрт артуына, жолға кететін уақыттың ұзаруына, тиісінше, өнімнің қымбаттауына әкелмек.

Қызыл теңіздегі қарулы қақтығыстың кесірі Үндістан, Қытай, Кения, Оңтүстік Африка, Израиль және басқа да елдерге тиді.

Израильдің Сауда палаталары қауымдастығының дерегінше, бұл елде түрлі тамақ өнімдерінің тапшылығы туындады.

Содан желтоқсанның 18-інен 19-ына қараған түні Пентагон басшысы Ллойд Остин Американың өзге одақтастарымен бірге Қызыл теңіздегі кемелер қозғалысын хуситтердің шабуылдарынан қорғау операциясын бастағанын жариялады.

Арабтар неге тыс қалды?

"Өркендеудің қорғаны" (Prosperity Guardian) деген атау алған операцияға АҚШ, Ұлыбритания, Бахрейн, Канада, Франция, Италия, Нидерланды, Норвегия, Испания және Сейшел аралдары қатысады.

Операцияға қатысушы елдер әскери кемелерін Қызыл теңіздің оңтүстік бөлігін, яғни Йеменге таяу тұсын бірлесіп патрульдеуге жолдайды. Тағы бір елдер әуеден барлау ісінде көмек көрсетеді.

Барлығының іс-қимылын "153 Бірлескен оперативті тобы" үйлестіруде. Бұл топ бұдан біраз бұрын, 2022 жылғы қаңтарда Қызыл теңіздегі, соның ішінде Баб-әл-Мандеб пен Аден шығанақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылған еді.

Неге екені белгісіз, бұл коалициядан Қызыл теңіз маршрутының қорғалуына бірінші кезекте мүдделі және хуситтердің шабуылынан көбірек жапа шеккен Қытай мен Үндістан, сонымен қатар Мысыр, Сауд Арабиясы мен БАӘ тыс қалды.

Қызыл теңіз арқылы өтетін теңіз жолының жалғасы болып табылатын Суэц арнасы 2022-2023 жылдары Мысырға (Египет) жылына 9,5 миллиард доллар табыс түсірген. Ал хуситтердің шабуылы үдей берсе, Каир бұл каналдан табатын табысының үлкен бөлігінен айрылуы мүмкін.

Сауд Арабиясы 2015 жылы Йеменді қорғау үшін ресми билікке қарсы шыққан көтерілісшілерге – хуситтерге қарсы соғысты. Саудиялық жауынгерлердің сондағы ерлігі туралы арабтар кино да түсірді. Сауд Арабиясының әскери коалициясына сонда Мысыр, БАӘ, Бахрейн мен Судан кірген еді.

Онда бұл жолы араб елдерінің бассыз кеткен хуситтермен күрестен сырт қалуының құпиясы неде? Bloomberg сарапшыларының түсіндіруінше, егер Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ сияқты араб әлемінің көшбасшылары хуситтерге қарсы америкалық коалицияға қосылса, онда мұнысы олардың "Газада мыңдап қырылып жатқан палестиналықтарға аяушылық пен қолдау көрсету ұмтылысымен еш үйлеспес еді". Өйткені хуситтер "Израильге қатысы бар кемелерге Газадағы соғысты тоқтату үшін шабуылдап жатқандарын" мәлімдеді. Онда арабтар Израильді жақтаған болып шығады.

Оның үстіне Біріккен араб әмірліктері 2019 жылы шииттік Иранмен ынтымақтастық туралы бірнеше келісім бекітті, содан бері әмірліктерге хуситтер тиіспейді. Саудиялықтар да америкалық коалицияға қосылып, жауынгер хуситтердің дрондары мен зымырандарының қайтадан нысанасына айналғысы келмейді. 2022 жылғы сәуірде екі ел бітімге келді, содан кейін хуситтер саудиялықтарды жайына қалдырды.  

Шың елінің америкалық коалицияға неге қосылмағаны түсінікті. Қытай АҚШ-тың әлемдік гегемониясын арттыратын кез келген қадамға қарсы. Қытай Құрама Штаттардың басқа коалицияларына қосылудан аяқ тартты.

Израиль халқының әл-ауқатына ықпалы

Америкалық коалиция Қызыл теңізде азды-көпті жетістікке жете бастады. АҚШ әскери кемелері хуситтердің атқылаған зымырандарын қағып түсуде. Нәтижесінде, өткен жексенбіде, 24 желтоқсанда әлемдегі аса ірі кеме тасымалы компаниясы – Maersk Қызыл теңізге оралатынын жариялады.

Maersk хабарлауынша, бұдан бұрын Африканы айналып жүзуге бағытталған кемелер өз жолдарын солай аяқтайды.

Ал таяу уақытта Шығыс мемлекеттерінің порттарынан шығатын кемелер қайтадан Қызыл теңіз бен Суэц арнасы арқылы ескі маршрутпен жүзетін болады. Компания оларға халықаралық коалиция қорған болып, патрулдік кемелер сүйемелдеп, қатар жүзеді деп үміттенеді.  

Reuters агенттігіне сұхбатында, йемендік көтерілісшілердің жетекші келіссөзшілерінің бірі Мохаммед Абдулсалам Израиль мен еврейлерге қатысы жоқ компанияларға еш қауіп жоқтығын мәлімдеді.

"АҚШ жетекшілік еткен әскери теңіз альянсының шынында қажеті жоқ. Себебі, Йемен айналасындағы су айдыны израильдік кемелер мен Израильге бара жатқан кемелерден басқасының бәрі үшін – қауіпсіз. Бұл шара – Палестинаға қарсы әділетсіз агрессивті соғысқа қарсы бағытталған", – деді ол Reuters агенттігіне. Яғни, олардың байламынша, коалиция Израильді ғана қорғап отыр.

Израильдің Сауда палаталары қауымдастығының дерегінше, қазіргі кезде Израильмен тек 3 кеме компаниясы ғана жұмыс істеуде. Олардың өзі Zim сияқты ортанқолдары. Өзге көптеген компания Израиль порттарына барудан бас тартты. Баратындары Африканы айналып өтуге немесе Израильге арналған жүкті, контейнерлерді басқа елдердің порттарында тастап кетуге мәжбүр.

Бұл тасымал мерзімдерін 30-40 күнге дейін ұлғайтты. Өйткені соғысқұмар елге арналған жүктер Еуропаның өзге елдерінің порттарына түсіріліп, өзге көліктерге қайта тиеледі.

Аталған қауымдастықтың хабарлауынша, Израильге биылғы желтоқсанның басында әкелінуге тиіс жүктер енді тек 2024 жылғы қаңтардың ортасына қарай жеткізіледі.

Бұл ретте Израиль үшін тасымал құны орта есеппен 350%-ға артып шыға келді. Көлік шиналарын импорттаушы компания контейнер жалдау бағалары 1 800 доллардан 6 400 долларға дейін шығандағанын мәлім етті. Автомобильдер, запастық бөлшектер, азық-түлік импорттаушылар контейнерлер арендасының екі есе ұлғайғанын жария етті.  

Балалар тауарларының импорттаушысы тасымал бағасы қазірдің өзінде 1 750 доллардан 2 950 долларға өскенін, келесі жылдың қаңтарында 3 850 долларға дейін артатынын айтып, дабыл қақты. Тоқыма өнімдерінің тасымалдаушылары үшін 1 контейнердің бағасы 2 мыңнан 6 200 долларға дейін жоғарылаған. Тауарлар жеткізілімі көлемінің азаюы Израильде көптеген тауар бағасының өсуіне түрткі болды.

Бұл қарқынмен Израиль агрессор Ресеймен теңесуі де мүмкін. Ресейлік тасымалдаушылар үшін контейнер жалдау құны орта есеппен 11-15 мың долларға барады.

Кеме тасымалы саласының алпауыттары Қызыл теңізге оралғанымен, қауіп бұлты сейілген жоқ.

The Wall Street Journal жазуынша, Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери кемесі Қызыл теңізде тұрақтап, хуситтердің зымырандарын Израильге қатысы бар кемелерге бағыттауда. Бааб әл-Мандеб шығанағындағы коммерциялық жүк кемелеріне күн көрсетпеген хуситтерге нақты барлау деректерін де сол береді деген болжам бар.

Американың көздегені не?

Осылайша, АҚШ өңірдегі басты одақтасы – Израильге толыққанды көмекке келе алмай тұр. Израиль тұрғындары әлеуметтік желілерде: "Неге әлемдік держава ретінде Америка хуситтерге қуатты соққы беріп, лаңкестігін тыймайды?" деген өкпелі сауалды ашық қоюда.

Бұл сауалдың жауабын белгілі тарихшы, саясаткер Дмитрий Чернышевский берді.

"Америкалық коалицияның бар бітіргені – бірқатар жүк кемелеріне конвой жасап, ілесіп жүреді. Бұл әрине, Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Егер шынымен қаласа, АҚШ хуситтердің Йемендегі базаларын теңізден атқылап, жойып жіберер еді. Себебі олар Хамас сияқты жер астын мекендемейді. Барлығы жерсерігінен алақанға салғандай көрінеді. Оның үстіне Американың үстемелете соққы беруінен кейін Сомалиді мекендейтін тайпалар қазынаның көзі саналатын контейнер тасушы кемелерді шабуылдап, тонауын доғарды. Онда неге хуситтерді талқандамайды? Бұған бірнеше себеп бар", – деді сарапшы.

Біріншіден, хуситтер – басы бірікпейтін сомалилік жабайы қарақшылар емес, әуе қорғанысы жүйелерімен, авиациямен, қашыққа ұратын зымырандармен мұздай қаруланған, темірдей тәртіпке келтірілген әскерилендірілген топтар. Оның артында Иран тұр.

"Бірақ Америка қаласа, хуситтердің де тас-талқанын шығара алады. Оған бармауының терең, тылсым сыры бар. Баб-әл-Мандеб пен Аден шығанақтарындағы қауіпсіздіктің тоқырауынан бірінші кезекте АҚШ-тың басты бақталасы – Қытай зардап шегеді. Бүгінде Америка Үндістанмен тізе қоса отырып, Қызыл теңіз арқылы өтетін тасымалды баламалы маршрутке – Парсы шығанағы арқылы өтіп, Үндістан, Израиль порттарына, Еуропаға дейін жететін жаңа сауда бағытына ауыстыруда. Сол үшін тиісті инфрақұрылым түзіліп жатыр. Америкалық-үнділік-израильдік мегажоба толық қуатында іске кіріскенше, Қызыл теңіз бағытының, Суэц арнасының жұмыс істей тұрғаны керек. Содан соң АҚШ хуситтердің Қызыл теңіздегі кеме керуендерін армансыз тонауына жол ашуы мүмкін", – деді Дмитрий Чернышевский.

Ресей Қытайға бұған балама ретінде "Солтүстік теңіз жолы" бағытын ұсынды. Алайда оған табиғат қорғаушы халықаралық ұйымдар қарсы. Қатқан теңізде кемелердің алдына түсіп, жол салатын орыстың мұзжарғыштары Арктиканың айдынын ластайды.

"Осылайша, хуситтер алпауыттың қолындағы қуыршаққа айналғанын сезбей қалды. Шынында олай емес. АҚШ-та 11 авианосец бар, ал Қытайда – екеу. Бұл айдында Америкаға қарсы шығатын алып жоқ. Қорыта айтқанда, хуситтерді түбегейлі талқандау – АҚШ мүддесіне сай келмейді", – деп қорытты тарихшы.

Мұның соңы неге соқтыратынын да тарих пен уақыт көрсетеді. Әзірге Қызыл теңіздегі қақтығыс – жаңа жылға ұзайтын кезекті әскери жанжалға айналып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу