Экономиканың өсуі және инфляцияның баяулауы: ҚР-ның Үкіметі 2023 жылдың қорытындысын шығарды

1981

Биыл Қазақстан 65 миллиард доллардың тауарын экспорттады. 

Экономиканың өсуі және инфляцияның баяулауы: ҚР-ның Үкіметі 2023 жылдың қорытындысын шығарды Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2023 жылдың қорытындысын шығарды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасында және Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру жалғасын тапты. Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енді, бірқатар ірі мемлекеттік бастамаларды, соның ішінде "Жайлы мектеп" және "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобаларын іске асыру басталды.

Сонымен қатар, Үкіметте дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынды, бұл сыртқы күйзелістердің әсерін төмендетуге және алдағы кезеңге экономикалық дамудың негізін қалауға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырып, $450 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойды. Ол үшін жыл сайынғы тұрақты экономикалық өсімді кем дегенде 6% деңгейінде қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданады. Атап айтқанда, стратегиялық мақсатқа қол жеткізуде өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру маңызды рөл атқаратын болады.

Primeminister.kz ақпараттық ресурсының редакциясы Қазақстанның 2023 жылғы даму қорытындылары туралы материалдар топтамасын жариялауды бастады.

Негізгі экономикалық көрсеткіштердің ішінде ел экономикасы сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп, биыл орнықты өсу траекториясына шықты. Қаңтар-қараша айларының қорытындысына сәйкес экономиканың өсуі 4,9%-ды құраса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,7%-ды құраған. Жалпы, республика бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 11,5 мың доллардан 13,3 мың долларға дейін өсті.

Ал жылдық мәндегі инфляция қарашада 2022 жылғы желтоқсандағы 20,3%-дан 10,3%-ға дейін төмендеді. Бұған жедел және орта мерзімді 90 қадамды қамтитын тиісті шаралар кешенін жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткізілді.

6 айдың қорытындысына сәйкес, 13,3 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ орта мерзімді кезеңде экономикалық өсуді қолдауға кепілдік береді. Жыл қорытындысы бойынша, ТШИ шамамен 27 млрд доллар деңгейіне жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, экономиканың барлық салаларында жалпы құны 967,7 млрд теңгені құрайтын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Ол 19,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.  Жалпы жыл қорытындысы бойынша, 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Машина жасау өндірісі 26,8% – рекордтық қарқынмен өсті. Бұл ретте автомобиль жасау және электр жабдықтарын өндіру салаларында көрсеткіштер одан да жоғары, сәйкесінше шамамен 41% және 32%-ті құрады.

Биыл Қазақстан $65 млрд-тың өнімін экспорттады, сонымен бірге өңделген тауарлардың экспорты 21 млрд долларға дейін жетті.

IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 6 тармаққа көтеріліп, әлемнің 64 елінің ішінен 37-ші орынға ие болды. Рейтингті дайындау үдерісінде экономикалық қызмет, Үкіметтің тиімділігі, бизнес пен инфрақұрылымның тиімділігі сияқты бағыттар бойынша кешенді зерттеу жүргізіледі.

Сондай-ақ, іскерлік ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жаңа бастамалар жүзеге асырылды. Осылайша ірі инвесторлармен жеке шарттарда келісімдер жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық келісімдер бойынша қосымша тетіктер енгізілді. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасау кезінде салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беріледі.

"Қарапайым заттар экономикасы" кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша шарттар жетілдірілді: өңдеу өнеркәсібінің қосымша түрлері енгізілді; субсидиялау мерзімі 7 жылға дейін ұзартылған экономиканың 20 негізгі секторының тізбесі анықталды; әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қосымша қолдау шаралары енгізілді және т.б.

10 мың артық бизнес талаптары алынып тасталды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 1 мың талап алынып тасталады.

Сонымен қатар, тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру жұмыстары аяқталды. Бұл 2024 жылдан бастап кәсіпкерлікті тексеру санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Жүйені пайдалану кезінде адам факторы толығымен алынып тасталады.

Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету (субсидиялау және кепілдік беру) жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, бұл мақсаттарға "Бәйтерек" холдингі желісі арқылы 2,3 трлн теңге бөлінді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау 209 млрд теңгеден 288 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Жалпы, мемлекет қабылдаған шаралар ШОБ өнімін шығаруды 2022 жылдың 6 айында 23 трлн теңгеден осы жылдың сәйкес кезеңінде 29 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. ШОБ саласында жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 500 мыңға өсіп, 4,3 млн адамды құрап отыр. Бұл ретте елдің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 36,4%-ға жетті.

Экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия жұмысы басталғаннан бері республикалық және коммуналдық меншікке 15 компания, 7 ғимарат, 160-тан астам теміржол мен құрылыстар және басқа да мүліктердің (2 мың бірліктен астам) акциялар пакеті мен қатысу үлестеріқабылданды.

Сонымен қатар, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 1 млрд теңге көлемінде қаражат жіберілді. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына шамамен 2 млрд теңге бағытталды.

Жаңадан жекеменшік операторлардың пайда болуына жол бермеудің алдын алу шарасы ретінде Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарынан әлеуметтік маңызы бар, оның ішінде стратегиялық маңызды 217 нысан алынып тасталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу