Мобильдік төлем: шенеуніктердің жасырын бизнесі тексеріледі

5552

Кәсіпкерлердің тауар үшін төлемді туысының ұялы телефонының нөміріне аударуына тыйым салынды. 

Мобильдік төлем: шенеуніктердің жасырын бизнесі тексеріледі Фото: azbukainterneta.ru

Қазақстанда мобильдік төлемдерді реттеудің жаңа қағидалары күшіне енді. Бұл халық арасында біршама дүрбелең туғызды.

Бірақ мемкірістер органдары мамандарының түсіндіруінше, оның бизнесі жоқ бұқараға еш қатысы жоқ. Азаматтар банктік ұялы қосымшалар арқылы ары қарай да еш қысылмай, бір біріне ақша аудара алады. Оны құзырлы органдар, яғни салықшылар тексермейді.

Жаңашылдықтарға сәйкес, өзара мобильдік аударымдар жасайтын жеке тұлғаларға заң талабы таралмайды.

Іске қосылып отырған заңнамалық өзгерістер тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметіне қатысты болып келеді.

Салық кодексі бойынша кез келген тауар, жұмыс немесе қызмет үшін қолма-қол ақшамен, банк карталарымен жасалған төлемдердің, есеп айырысулардың бәрі бақылау-кассалық машиналар арқылы жүргізілуге тиіс. Бұған қоса, банктердің қосымшасы арқылы QR-кодпен мобильді төлем енгізуге де рұқсат етілген.

Дегенмен, пандемия кезінде сауда және қызмет көрсету саласында еңбек ететін шағын және орта бизнес субъектілері жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильдік аударымдарды бизнес мақсатта да пайдалана бастады. Содан бизнесмендер клиентінен ақшаны белгілі бір нөмірге аудара салуды сұрауға әуестенді. Ол көбіне соның туысының нөмірі болатын.

Сондықтан есеп айырысудың бұл түрі салықтан жалтарудың схемасы ретінде құзырлы органдардың қырағы назарына ілікті. Жаңа өзгерістер де осы жаңашылдықты реттеуге бағытталып отыр.

Бастапқыда мобильді төлемдерге толық тыйым салу ұсынысы қарастырылған. Дегенмен, мұның халыққа қиындық әкелетіні белгілі болды: Halyk Bank немесе Kaspi банкінің клиенттері емес қазақстандықтар қиналуы мүмкін.

Сол себепті өзгерістерге сәйкес, бұдан былай компаниялар, жеке кәсіпкерлер тауарлары, жұмысы мен қызметі үшін өз клиенттерінен төлем қабылдауға арналған жеке бір ұялы телефон нөмірін бөлуге тиіс болады. Ол нөмір кәсіпкерлік қызметке арналған жеке есепшотпен байланыстырылады.

Мемкірістер комитетінің пікірінше, бұл шаралардың енгізілуі елдегі қарқынды дамыған цифрлық технологиялардың бір саласын реттеуге және кәсіпкерлік жағдайларын жақсартуға бағытталған. Мысалы, заң жобасында алғаш рет "мобильдік төлем" ұғымының нақты анықтамасы пайда болды.

Елордада арзан киім-кешек сатуымен танымал дүкендер желісінің менеджері Болат Оралбаев бұл жаңашылдықты қолдайды.

"Бұрын біздің дүкенде кассаның жанында менің Kaspi нөмірім жазылып тұратын, сатып алушылар соған ақша аударатын. Былтырдан бері жеке нөмір бөліп, соны тіркеттік. Әйтпесе, барлық салықтарды толық төлеп тұрғанымызбен, әлдебір қылмыс жасап жатқандай қымсынатынмын. Заңнамалық өзгерістер бизнес үшін айқындылық әкелді. Біз біркүндік фирма емеспіз ғой, нарыққа ұзаққа келдік. Ендеше кәсіпкерлер енгізіп жатқан инновациялар заңнан тыс қалмай, сонда көрініс тауып отырғаны жөн. Жаңа технологиялар сауданың қызуына, бизнестің дамуына серпін береді", – деді Б.Оралбаев.

Банк қызметкерлерінің түсіндіруінше, тауар, қызмет үшін төлемді арнайы шотқа қабылдауға міндеттеу сауда мәмілесіне қатысушылардың бәрін қорғауға да ықпал етеді. Өйткені арнайы шотқа түсетін төлемдер санкцияланбаған қол сұғушылықтардан және алаяқтықтан анағұрлым жақсы қорғалады. Мысалы, Ресейден не басқа жерден қоңырау шалатын телефон алаяқтары мұндай шоттағы қаражатты алдау жолымен өзге шотқа қотарып ала алмайды.

Бұл жалпы алғанда, мобильдік төлемдер жүйесіне деген сенімді арттырады. 

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, сонымен бірге бұл көлеңкелі экономикамен күреске үлес қосады. Арнайы шотқа бекітілген мобильдік нөмір арқылы есеп айрысу тауарлардың заңсыз айналымын қысқартады, тауарлар мен қызметтер үшін мобильдік аударымдарды көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді.    

Бірақ бұл елдегі мобильдік төлемдерді тегіс заңдастыру жолындағы бір қадам ғана. Себебі, Қазақстанда кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ кәсіпкерлік қызмет көрсетіп, клиенттерінен ұялы телефонының нөміріне төлемдер қабылдайтын адамдар жетерлік. Олардың қатарында әртістер, әншілер, блогерлер, түрлі курс сататын "инфосығандар", бухгалтерлер, бапкерлер және басқасы бар. Тіпті шенеуніктер де жасырын түрде түрлі кәсіпкерлік қызметпен айналысады деген пікір бар.

Uchet.kz сарапшыларының айтуынша, ол адамдар сезік тудырмауы үшін төлемдерді өзінің емес, туысқандарының нөмірлеріне тіркелген шоттарға қабылдайды.

Сондықтан биылдан бастап, мемлекеттік кірістер органы оларды анықтау тәсілін жүзеге асыруға кірісті. Атап айтқанда, адамдардың мобильдік аударымдары бақылауға алынып, талданады.

Әйтсе де, бұл жұмыс жаппай емес, кезең-кезеңмен жүргізіледі.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2023 жылдан бастап, кәсіпкерлік қызметтерді жүзеге асыру нышандары бар тұлғаларға қатысты ақпараттар ала бастады. Ол мәліметтерді комитетке банктер жолдауда.

Қандай клиенті туралы мәліметтерді комитетке жолдау қажеттігін банк қызметкерлері қайдан біледі? Егер қандай да бір азаматтың кәсіпкерлікке арналмаған жеке шотына 3 ай қатарынан 100 және одан көп адамнан ақша түсіп түрса, банк ол тұлғаға қатысты барлық ақпаратты Мемкірістер комитетіне жолдауға міндетті.

Бұл ретте 2023 жылдан бастап:

  • Жауапты мемлекеттік лауазымдар атқаратын тұлғалар мен олардың жұбайларының;
  • Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген, соларға теңестірілген тұлғалардың және жұбайларының;
  • Сайлау, банктер және банктік қызмет, сақтандыру қызметі, құнды қағаздар нарығы, сыбайлас жемқорлық туралы заңдарына сәйкес декларация тапсыруға міндетті тұлғалардың;
  • Облыс, аудан, аудандағы қала және басқа деңгейлердегі әкімдердің;
  • Мәслихаттар мен әкімдіктер қызметкерлерінің;
  • Парламент, мәслихаттар депутаттарының және соған кандидат ретінде тіркелгендердің (партиялық тізімдегілердің);
  • Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің, азаматтық авиация саласының және барлық мемлекеттік қызметшілердің жеке шоттарына түсетін ақша аударымдары тексеріледі.

Келесі 2024 жылдан бастап, жоғарыда аталған тұлғалар қатарына мемлекеттік ұйымдарда немесе квазимемлекеттік секторда басқарушылық қызметтерді орындайтын тұлғалар, сонымен бірге олардың барлық жұмысшылары және олардың жұбайлары қосылады.

2025 жылдан бастап, бұлардың қатарына барлық бизнесмен, тарата айтқанда, жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың құрылтайшылары, басшылары және олардың жұбайлары жатқызылады.  

Ал 2026 жылдан бастап, Қазақстанның барлық азаматтары мен елде тұрақты тұратын шетелдіктердің мобильдік төлемдері жаппай тексерілетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу