Отандық сүт өнімдері ішкі нарықтың 80%-ын қашан қамтиды

Ол үшін «өндіріс+тауар» формуласы шешімін табуға тиіс.

09 Шілде 2018 11:58 Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы
Отандық сүт өнімдері ішкі нарықтың 80%-ын қашан қамтиды, сүт өндірісі, сүт өнімдері, сүт, импортталатын сүт, сүт зауыттары

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі «болашақта ішкі нарыққа  сырттан келетін  сүт және сүт өнімдері  тек 20 пайызды құрайтын болады» деп жария салғалы біраз болды. Дегенмен,  қазірде  ішкі нарығымызды  Ресей, Қырғызстан, Беларусь елінен келетін өнімдер басып-ақ тұр. Аталмыш елден келетін өнімдердің  сапасы мен саны жағынан әңгіме бөлек,  бағасы тіптен арзан.  Осыдан болар мамандардың біразы, «егер сырттан келетін бұл арзан өнім түрлеріне бақылау  қойылмаса болашақта отандық сүт өндірісінің жұмысын ақсатып алуымыз әбден мүмкін» дейді.

Дерек пен дәйек
Жалпы, біздің елімізде, сүт өндірілмейді емес, өндіріледі.  Деректерге сүйенсек, елімізде сүт және сүт өнімдерін өндіретін 250-ге жуық цех, фабрикалар  бар.  Шамамен жыл сайын елімізде 5 141 278 тонна сүт өндіріледі.  Көрсеткіш те бар, өсім де бар. Мұны біз төменде арнайы диаграммаға салып көрсетуді жөн көрдік.  

Арнайы сызбадан байқағанымыздай өндірілетін сүт бар. Ал енді дайын өнім қайда? Бұл ретте сала мамандары бізде ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеу жағы кемшін екенін алға тартуда. Бұған қатысты экономист-сарапшы Ермұқан Мәдиев «Біздің елімізде шаруа қожалықтарының 90 пайызы жекеменшіктің қолында. Осыдан барып бізде шикі сүт өндіру көлемі үлкен болғанымен, одан дайын өнім өндіру жағы кемшін. Мысалы, біз түрлі сүт өнімдерін, қаймақ, айран, сүзбе атаулыдан бөлек иогурт, сүзбеден  бастап шетелден тасымалдаймыз. Қазірде елімізге енетін сүт өнімдерінің 55,5 пайызы – Ресейден, 25 пайызы – Қырғызстаннан, 4,4 пайызы Беларусь елінен тасымалданады. Негізінде, көптеген дамыған және дамушы елдер алдымен өздерінің өнімдерінің өтімділігін арттыратыны  белгілі. Біз керісінше, шикі сүт өндіріп оның белгілі бір бөлігін шетелге өткізгенге арқаны кеңге салып отырмыз. Қазір ішкі нарықты импорт басып алды. Отандық өнімдерге сұраныс артпай тұр. Сұранысты арттырайын десе, жекелеген отандық сүт өндірушілердің қолында сапалы техника аз, ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істейтін кластерлік ұйымдар жоқтың қасы. Отандық өндірісшілерге лизинг, дотация, субсидия беру мәселесі – қағазбасты. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселелерді шешуге күш салу қажет» дейді.

«Өндіріс+тауар» формуласы шешімін таба ма?
Негізінен, қазірде елімізде сүт және сүт өнімін өндірудің үлесінен бес облыс алға шығып отыр. Олар Алматы облысы,  Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы. Төмендегі сызбада аталған облыстардың қанша тонна сүт өндіретіні нақты көрсетілген.  

Бағамдасақ, бізде расымен де бастапқы өнімді алу жағы орнықты жолға қойылған. Ал енді шикі сүттен бөлек дайын өнім алу жағын қалай жолға қоямыз?!

Мамандардың пайымдауынша, ол үшін бірінші кезекте еліміздегі өзін-өзін қамтамасыз ету межесі 80 пайыз болуы керек. Ол үшін «өндіріс+тауар» формуласы шешімін табуға тиіс. Бұл мәселені шешу үшін ауыл-аудан көлемінде мемлекеттік шағын кластерлер құрылып, осы бағытта  ең соңғы өнім алуға дейін күш салған абзал. Бұл ретте экономист-сарапшы Марал Төртенқызы «Бізде сүт өндірісін алға сүйреу үшін алдымен жеңілдікпен несие беру, лизингпен техника сатып алу, субсидия, дотация бөлу жағын тағы бір қарастырған абзал. Мысалы, біз ет-сүт, дәнді-дақылдар, тағы басқа ауыл шаруашылығы өндірісін  қайта қаржыландыру жағын жиі айтамыз. Ал өзге дамыған елдерде бұл салаларға қатысты жеңілдікпен қамтылған бірнеше жобалар бар. Сол тәрізді бізге де арнайы жобалармен, бағдарламалармен жұмыс істеген абзал. Тіпті бұл мәселелерге қатысты салалық қаржы бөлу институттары құрылса да аздық етпейді. Себебі біздегі сүт өндірісі расымен де  нақты қадағалауды, бақылауды қажет етеді. Болашақта нақты қадағалау болмаса еліміздің дүкендерін көрші елдердің сапасыз, әрі арзан өнімдері басып алады да, тұтынушылар арзан болғаннан кейін оларды сатып ала бастайды. Бұдан соң отандық өнімге деген сұраныс күрт төмендеп, бәсекеге қабілетті болуын азайтады» дейді.

Сонымен мамандар шикізаттан дайын өнім алу үшін  төмендегідей бірқатар ұсыныстарды алға  тартты.  

Жалпы, елде отандық сүт өнімдерінің үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендеткіміз келсе, аталған ұсыныстарға назар аударған жөн . Егер жоғарыда  аталған жайттар  ескерілетін болса,  біз алдағы бес жылда  ішкі нарықты отандық сүт және сүт өнімдерімен 80 пайыздық межеде қамти алатын жағдайға жетуіміз әбден мүмкін.

Қарлығаш Зарыққанқызы